Туризмнің табысы еселеп артуда

0 33

Өзбекстанға 2019 жылы 6 748 500 турист келген, 2018 жылы бұл көрсеткіш 5 346 200 адамды құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, бұл елде туристік қызметтерден түскен табыс 1 313 032 АҚШ долларға жетті (2018 жылы – $ 1 041 089).

Туристердің 90 пайызы – ТМД елдерінен келгендер. Жыл сайын күзде ала шапанды ағайындардың елінде Халықаралық туристік жәрмеңке ұйымдас­тырылады.
Әлемдік қауымдастық алдында республиканың туристік әлеуетін насихаттау мақсатында АҚШ, Жапония, Германия, Италия, Қытай, Индонезия, Ресей және тағы басқа елдердің отызға тарта БАҚ құралдарының қатысуымен түрлі шаралар өткізілді.
Жарнама ісінде дәстүрлі тәсілдермен бірге оның заманауи түрлері де қолданылады. Соның бірі, 2019 жылдың 17-21 желтоқсаны аралығында То­киода Сибуя алаңында (Жапония) Өзбекстанның туристік әлеуетін насихаттаған бейнеролик көрсетілді.
Туристерді тартуда қоғамдық-мәдени көңіл көтеру шараларының маңызын ескере отырып, өткен жылдан бері әр өңірдің өзіне тән ерекшеліктеріне орайластырылған түрлі іс-шаралар ұйымдастырыла бастады. Атап айтқанда, Бі­рінші қажылық туристік форумы (Бұқара облысы), «Бақсы» көркемөнер фестивалі, Археология­лық форум (Сурхандария облысы), «Батырлар ойыны» (Хорезм облысы), «Мойнақ» автораллиі, Музыкальный фестиваль (Қарақалпақстан республикасы), «Стихия» ТМД туристік жәрмеңкесі (Самарканд облысы), Геотуризм форумы, Анар фес­тивалі (Қашқадария облысы), Электронды музыка фестивалі, Гастрономиялық фестиваль, World Influencers Congress (Ташкент).
MICE-туризмді дамыту аясында өңірлерде MICE-шаралар өткізуге арналған әлеуетті нысандар тексерілді, оның бірыңғай тізілімі жасалып, Meetings & Events Catalogue каталогы әзірленді.
Сонымен бірге, елде туризмді дамытуға бағытталған шараларды үйлестіріп отыру үшін Конгрестік-көрме орталығы құрылды. Қонақ үйлер, шипажайлар, сауықтыру кешендерін және спорттық-рекреациялық аймақтарды салу үшін жалпы құны 1,1 миллиард доллар тұратын 26 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынды.

Індетпен күрес бәсеңдемейді

Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 14 маусымындағы дерегі бойынша, елде COVID-19 індетін жұқтырғандардың саны 5051 адамға жеткен. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін 3910 адам бұл кеселден жазылып шыққан. 19 адам қаза тапқан. Мемлекет коронавируспен күреске ұлттық бюджеттен 700 млн доллар қаржы бөлді.

Мемлекеттік бас санитарлық инспектор Нұрмат Атабеков карантин кезінде СЭС қызметкерлері тек өндірістік процестерді ғана емес, барлық кәсіпкерлік субъектілерін алдын ала ескертіп аралап, тексеруге құқылы.
Әлі күнге дейін барлық білім беру мекемелері мен оқу орталықтарының жұмыстары шектелген. Бүгінге коронавирус табылған аймақтарда карантинді толықтай алып тастау мүмкін емес, өйткені жағдай аяқ астынан ушығып кетуі ықтимал. Сонымен бірге, «жасыл» аймақтарда жазғы лагерьлер жұмысын ұйымдастыруға рұқсат берілді.
Шет мемлекеттердің көмегі. Қытай Өзбекстанға жалпы салмағы 21,5 тонна болатын кезекті гуманитарлық көмегін жіберді. Оның ішінде медициналық комбинезондар, КН95 беттұмшалары және қолғаптар бар.
Оңтүстік Кореядан елге 9,5 тонна жүк жеткізілді, оның ішінде 40 шприц сорғылары, 15 мың орама антисептикалық құралдар және 15 көпфункция­лы медициналық төсектер бар.

ЖАҢҒЫРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯНЫ ДАМЫТУ жолында

Өзбекстан Республикасының Энергетика министрлігі энергетикалық жобаларды жасаушы ACWA Power компаниясымен (Сауд Аравиясы) жалпы құны
2 млрд АҚШ доллары тұратын бірқатар келісімдерге қол қойды.

Жоба бойынша қуаттылығы 500-1000 МВт болатын жел электр станциясын салу қарас­тырылған. Оның құны – 1,1 млрд АҚШ доллары. Жел электр станция­сы Навоий облысында орналастырылуы мүмкін. Пайдалануға беру мерзімі 2022 жылға жоспарланып отыр.
Сондай-ақ осы келісім бойынша Сырдария облысының Шырын қаласында бугаз қондырғысы орнатылатын болады. Оның КПД-сы (Пайдалы әрекет коэффициенті) 60%-дан асады.
Өзбекстан жаңартылатын энергияны қарқынды дамытып жатыр. Өткен жылдың қазан айында бұл елде күн энергетикасы бо­йынша жобалардың іріктеу конкурсы аяқ­талды. Соның нәтиже­сінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar компаниясы ала шапан­ды ағайындардың елінде қуаттылығы 100 МВт станция салатын болып шарт жасасты.

ӨЗБЕК ТІЛІН БІЛУ МІНДЕТТІ

2020 жылы ақпан айының соңында Өзбекстан Өлей Мәжілісінің Сенаты «Азаматтық туралы» Заңның жаңа редакциясын екінші пленарлық отырыста қабылдады. Ол туралы Өзбекстан Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

ІІМ Көш-қон және азаматтықты рәсімдеу Бас басқармасының бастығы Ұлықбек Мұхамедов мемлекеттік тілді білу талабы Өзбекстан азаматтығын алғысы келген адамдардың мемлекетке, ұлтқа және елге деген құрметін арттыру тұрғысынан қарастырылғанын айтты.
«Егер АҚШ-тың, Ресейдің және басқа да елдердің халықаралық тәжірибесіне сүйенсек, қарым-қатынас деңгейінде мемлекеттік тілді меңгеру талабынан басқа, ел тарихын білу шарттары да бар» деді Ұлықбек Мұхамедов.

АЖЫРАСУ  ҚЫМБАТҚА ТҮСЕДІ

Бұл елде ерлі-зайыптылардың ажырасуын қиындататын жаңа бір тәсіл енгізілді. Өзбек үкіметі 2018 жылы шілде айында некені бұзу туралы талап-­арызды қабылдау кезінде салынатын мемлекеттік алымды 4 есеге өсірді.

Егер оған дейін ажырасу үшін айлық жалақының төменгі мөлшерінің (АЖТМ) 50% (92 150 сом – 4 339 теңге) көлемінде ақша төлесе, енді 2 АЖТМ (368 600 сом – 17 359 теңге) төлеуге мәжбүр.
Сонымен қатар екінші рет ажырасушылар үшін мемлекеттік алым 120% АЖТМ-нан (221 160 сом –10 415 теңге) 4 АЖТМ-ға (737 200 сом – 34 719 теңге) дейін ұлғайтылды.
Оған қоса, Өзбекстанда ажырасу процедурасының машақаты көп. Соттар әдетте арызданып келгендерді бірден ажырата қоймайды, олардың бірнеше жылдар бойы соттың табалдырығын тоздыруларына тура келеді. Яғни ерлі-зайыптылардың қайтадан достасып кетуіне көп уақыт беріледі.
Өзбекстанда 2019 жылы 104,2 мың жұп некеге тұрып, 16 мың жұп некелерін бұзған. Яғни әрбір 6,5-ші жұптың бірі ажырасқан. Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда кейінгі 10 жылда 1,5 млн адам некеге отырып, оның әрбір үшінші жұбы ажырасқан (500 мың жұп). Былтыр 37 мың қазақстандық жұп ажырасқан.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − five =