Туризмге тура жол

0 132

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен «Менің елім» ішкі­ туризмді дамыту жөніндегі қауымдастықтың ұйымдастыруымен бос лауазымдар жәрмеңкесі өтті. 

Аталған іс-шара екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарды жұмысқа орналастыру, сондай-ақ туризм саласының қыр-сырын болашақ мамандарға насихаттау мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Жиынға орта мектепті биыл тәмамдайтын оқу­шы­лар­ арнайы шақырылды. Туризм саласы мамандарын даярлайтын колледж өкілдері оларды осы саладағы мамандықтар бойынша білім алуға шақырды. Оқу­шы­лар туризм саласына қажетті мамандықтар жайын­­­да кеңінен мағлұмат алды. Сонымен қатар, олар елор­да­да алдағы уақытта бой көтеретін «Хилтон», «Мэриот» қонақ үйінің жұмысымен танысты.

«Мен бұл жәрмеңкеде өзіме қажетті ақпаратты алдым. Астанада ақысыз білім беретін колледждердің қатары көбейгенін байқадым. Туризм саласын бала кезімнен ұнататынмын. Мектепті бітіргеннен кейін міндетті түрде осы мамандық бойынша білім алып, елі­міз­дің өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді» дейді №32 мектептің оқушысы Азамат Нұрхамид.
Жәрмеңкеге қаладағы алты колледж бен жиырмаға жуық кәсіпорын қатысты. Жұмысқа орналасуға өтініш айтып келіп жатқандар қатары да өте көп. Тіпті олардың кейбірі өзге өңірлерден келіпті. Со­лар­­дың бірі – көкшетаулық Нұрлан Төлебаев.

«Сырт елдерді аралап, олардың мәдениетімен, өмір сүру салтымен танысқанды бала күнімнен ар­ман­дайтынмын. Жастайымнан осы саланың қыр-сырын меңгеруді ойладым.

Қазіргі таңда туризм мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Бүгінде елімізде туризм саласының даму қарқыны жоғары. Алдағы уақытта ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетіндіктен, біздің мамандыққа деген сұраныстың саны арта түсетіні анық. Енді ғана дамып жатқан біздің ел үшін бұл саланың мамандары аса қажет деп ойлаймын» деді Нұрлан.
Әлемнің түкпір-түкпірінен бес миллионға жуық қонақ келетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Астананың абыройын асқақтататын айтулы шара болары сөзсіз. «Сырт көз – сыншы» деген. Мәртебелі қонақтарды лайықты күтіп алып, оларға жоғары сапалы қызмет көрсету елдегі туризм саласы маман­да­рына үлкен сын болғалы отыр. Сондықтан бұл жәр­мең­ке өз ісіне мығым білікті мамандар даярлау ісі­не және оларға бұл кәсіптің қаншалықты жауапты еке­нін ұғындыруда өте зор маңызға ие.
Осы шараның нәтижесінде туризм саласына бет бұратын білімді жастар саны арта түсері анық.

Бұл ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі үшін маман­дарды даярлау және туристік саланы одан әрі кеңейтуге өз ықпалын тигізетін болады.

Қызғалдақ ҚЫДЫРБЕК,
Қ.А.Ясауи атындағы
ХҚТУ-дың студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 10 =