Туризмге не тосқауыл?

0 101

Жақында Парламент мәжілісінде туристік қызметке қатысты заң жобасы талқыланды. Отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «туристік қызметті дамыту жөніндегі заң жобасын пайдаланып, бюджет қаражатын жеке секторға құюдың еш қажеті жоқ. Ұлттық компаниялар арқылы бюджетті жеке секторға бере салсақ, кейін ебін тауып есеп береді де құтылады. Сондықтан біздің компаниялардың бәсекеге қабілетін арттыру керек. Ол үшін туристік компанияларды жинап, тыңдап, олардың негізгі мәселесін ұғып алу керек. Компанияларды құрып тастаған салалар жетерлік. Өздерін «ауқатты бизнесмен» санайды, бірақ оның барлық бизнесі мемлекеттік және квазимемлекеттік тендерге байланған. Соқыр тиын инвестиция, бір технология да алып келген жоқ» деп ащы шындықтың бетін ашты.

Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға қажетті шарт-жағдай толық. Географиялық және климаттық жақтан алып қарасақ та Қазақстанның оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс өңірлерінің табиғаты, ауа райы бір-бірінен өзгеше. Бұл Қазақстанда жыл бойы, төрт маусымда да туризм шаруашылығын шалқытуға аса тиімді. Көрінісі көз сүріндіретін Бурабай, Баянауыл, Катонқарағай, Қарқаралы сияқты көркем өңірлер де, Шарын шатқалы, Сақ қорғаны, Маңғыстау түбегі сияқты ғажайып жерлер де, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Айша бибі, Арыстан баб кесенесі сияқты мәдени, тарихи мұралары да, Каспий, Балқаш көлі, Алакөл сияқты жағажайдың кереметін сезіндіретін сулы алқаптар да көп. Шыңға шығушыларды, тауға өрмелеушілерді, құмды шөлді жаяу немесе велосипедпен аралаушыларды, шаңғы тебушілерді баурауға да Қазақстанның мүмкіндігі мол. Ал мәдениет, салт-дәстүр тұрғысынан сөз қозғасақ, қазақ ұлтының бай салт-санасымен, ұлттық ойындарымен де саяхатшыларды баурауға болады. Бірақ біздің ел сол деңгейге жете алмай отыр. Себебі Қазақстан Үкіметі туризмді дамыту туралы сан түрлі жоспарлар жасағанымен, оның қайтарымы шамалы. Былайша айтқанда, «үйдегі есепті базардағы сауда бұзады» дегендей, Парламент қабырғасында отырып жасай салған заң-закондар тұсаулы аттай тыпырлаған туризмге тың серпін бере алмай отыр. Қанша жоспар жасалғанымен, туристік орындардың көбінің шарт-жағдайы әлі нашар. Бәрі маусымдық сипатты саяхаттың шеңберінен шыға алмайды. Жаздың бір-екі айында ішкі және сыртқы туризм аздап жанданғаны болмаса, қалған уақытта «қысқы ұйқыға» кетеді. Инфрақұрылымдары да дамымаған. Бурабай сияқты шарт-жағдайы көрімдеу өңірлердің бағасы қазақстандықтардың табатын табысымен салыстырғанда өте қымбат. Осыдан барып елімізде «Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайға барған тиімді» дейтін көзқарас қалыптасқан. Ал Шығыс Қазақстан облысы сияқты саяхат шаруашылығын дамытуға сұранып тұрған өңірлердің туризмге қатысты мәселесі шаш етектен.
Шығыс Қазақстан облысына барған саяхатшылардың Берел қорымы мен Рахман Қайнарына ат басын бұрмайтыны кемде кем. Бірақ бұл өңірдің табиғатын көріп тамсанғаныңмен, жолын көрсең қарның ашады. Соңғы жылдары салынған асфальт жолдың өзі қазақ тарихында ғана емес, тұтас адамзат мәдениетінде айрықша маңыз алатын Берел қорымына жетпеген. Атап айтқанда, Катоннан ары салынған жол Бұқтырмадан өтіп, айналып Ақбұлғақ өзенінің жағасына келгенде пышақпен кескендей шорт үзіледі. Арғы жағында таяқ тастам жерде Берел қорымы тұр. «Қазақ мәдениетінің алтын ескерткіші» саналатын сол қорымға тәуелсіздік алған 30 жылдан бері он шақырым жол да салынбапты. Жататын қонақ үй де, ыстық шай ішетін асхана да жоқ. Аз дегенде 200 шақырымға жуық жол жүріп барған саяхатшылар шағын музейді, тарихи қорымды көреді де қайтады. Дүниеге әйгілі тарихи орны бар, табиғаты сыңсыған әсем өлкедегі туризмге осындай ғана жағдай жасалғанда оның арғы жағындағы Рахман Қайнары туралы айту артық. Асқар тауға жыланша өрмелеген тас жолда тұғыры биік машина, тәжірибелі жүргізуші болмаса, екінің бірі қой тастардан қарғытып көлік жүргізе алар емес…
Біз бұл арада Берелді тектен-текке ауызға алып отырғанымыз жоқ. Берел – Қазақстан туризмнің бренді болуға лайық жер. Тарихы адамзаттың біздің заманымыздан бұрынғы 3-4 мың жылынан сыр шертсе, табиғаты көрген жанға таңдай қақтыратын мұндай әсем өлке әлемде кемде кем. Міне, осындай тарихы да, табиғаты да өзгеше өңірде туристерге ешқандай жағдай жасалмағанын ескерсек, біздің үкіметтің туризмді дамытамыз дегені баянсыз жоспар емес пе деген ойға келесің.
Бір қызығы, сол Берелдің өзінде инвесторлардың қаржы салуына жан-жақтан қат-қабат тосқауылдар қойылған. Мәселен, Берелден «қонақ үй салып, асхана ашып, туристік әлеуетін көтерейік» деп талпынған қалталы азаматтар да болыпты. Бірақ ақыр аяғында құжат жұмысынан шаршап, үмітін үзіпті. «Берелден асхана, қонақ үй салу үшін Мәдениет және спорт министрлігі, ұлттық парктерді басқару орны және жергілікті әкімшілік сынды 3-4 құзырлы орынның рұқсатын алу керек екен. Бірақ бұл мекемелердің арасындағы жұмыс бөлінісі анық емес. Бірі біріне сілтейді, бірі мақұлдаған нәрсені екіншісі теріске шығарады. Бүйтсе қайтып жұмыс жүреді» деп кейістік танытты атын атамауды өтінген бір ағамыз. Демек, Қазақстан үкіметі туризмді дамытамыз деп ұрандағанымен, оны дамытудың және инвесторларды ынталандырудың тетігін әлі күнге дейін дұрыс шеше алған жоқ.
Екінші тұрғыдан алғанда, шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын азаматтардың туризммен айналысуына берілетін мүмкіндіктен гөрі аяғынан шалатын кедергілер көп. Ынтымақ Әбеу есімді азаматтың Бурабай маңынан жеке меншік жер алып, енді сол жеріне туристерді қабылдайтын қонақ үй, асхана салу үшін құжат жұмыстарын бітірем деп табанынан тозып жүргеніне бір жылға таяпты. Қазірге дейін сол салаға қатысты «алпыс ата, жетпіс жездесін» түгендеген ол да тығырыққа тірелгенін айтады. Еліміздің заңы бойынша, ауылдың шетіндегі өз жерін пайдалану үшін де сол ауылдағы тұрғындардың алдынан өтіп, келісімін алуы керек екен. Ал ауыл тұрғындары «ақшаң көп болса ауылдың ауызсу мәселесін шешіп бер немесе мектеп құрылысына көмектес, содан кейін саған қол қойып берейік, әйтпесе сенің жеке пайдаң үшін рұқсат бере алмаймыз» деп кері толғапты. «Мен қолымдағы қаржымды жол жөндеп, мектеп салуға жұмсасам, ертең туризм саласымен қалай айналысамын? Есесіне саудам жүрсе, жұмысшының бәрін сол ауылдан алсам, ет, сүт өнімдерін де сол ауыл тұрғындарынан сатып алсам, оларға да тиімді болады деп ойлап едім. Саяхатшы көбейсе, ауыл тұрғындары да ақша таппай ма? Бірақ заң солай» деп басы қатып отыр.
Демек, елімізде кәсіпкерлердің туризм шаруа­шылығымен айналысуына кедергі көп. Кәсіпкерлер шағын қаржымен туризм саласына араласайын десе, көп тосқауылға жолығады. Ал бірден миллиардтап қаржы салғанмен, бірер жылда шығынын өтей алмайтындықтан, ірі кәсіпкерлер Қазақстанның туризм саласына көп қаржы салғысы келмейді. Оның үстіне кәсіпкерлердің табысына ортақтасқысы келіп, әлімжеттілік жасайтын қолының бүрі бар шені барлар да жоқ емес.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 12 =