Туризм түлеп келеді

0 116

Биыл Астана әкімдігі еліміздің бас қаласында туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамасын қабылдап, онда оқиғалық, іскерлік және медициналық туризмге айрықша назар аударып отыр. Осы бағдарламаның жұмысы мен Астананың ЭКСПО халықаралық көрмесіне дайындығы туралы елорда әкімдігінде өткен брифингте толығырақ айтылды.

fce55fcb679f12eee346ae11be7b3ca7-big

Жиында алдымен сөз кезегін алған ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустрия департаментінің директоры Марат Игалиев бас қалада туристік кластерді дамытудың келешегі мол екендігін баяндап өтті.
«2013 жылы Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуді ескере отырып, 2017 жылға дейін туризм саласын дамытудың шеберлік жоспары әзірленді. Сонымен бірге, біз елордада 2020 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжырымдамасын таныстырдық, келесі жылы қаланың бренді таңдалады» деді Марат Игалиев.
Шындығында, Астана еліміздің бас қаласы аталғаннан бері оның дамуымен бірге, туризм саласы да кең қанат жайып келе жатқанын байқауға болады. Елордада 18 жыл ішінде қонақ үйлер саны 40 есеге артып, шетелдіктердің елордаға келуі 50 пайызға көбейіп, ал ішкі туризим 43 есеге өскен.
– Бүгінде Астананы 1000 тұрғынға шаққанда келетін туристер саны бо­йын­ша салыстыратын болсақ, біз Сеул, Стамбул сияқты қалалармен бір қатарда тұрмыз. Елордада болашақта туризмді дамы­туға көмектесетін маңызды алғы­шарттар қалыптасты. Біз енді іскерлік, оқиғалық және медициналық туризмді дамытуға басымдық бермекпіз. Қазір қалада кең ауқымды оқиғаларды өткізу үшін сыйымдылығы әртүрлі құрылыстар жетерлік. Оқиғалық туризмді дамыту үшін қажет негізгі және басымдықты қадамдардың бірі – MICE туризм бойынша ірі халықаралық қауымдастықтарға кіру болып саналады, – деді Астана қалалық Инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров.
Сонымен бірге, бас қалаға туристердің тұрақты ағымын қалыптастыру үшін маусымдық шаралар өткізу жоспарланған. Айталық, қыс мезгілінде Қар және мұз фестивалі немесе көктемде Квадрокоптерлер жарысы бойынша ашық чемпионат және тағы басқа шаралар жобаланып отырған көрінеді. Сондай-ақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру мен медициналық кластерді дамыту туристер ағынын арттыруға да серпін бермек.
Осы жерде ерекше салмақ салып айтатын бір дүние бар. Бүгінде Астанада ең озық медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған заманауи медициналық орта­лықтардың желісі құрылып, ол жоғарғы деңгейде дамып келеді, оның база­сында шетелдік пациенттерді тартып, оларға қызмет көрсету жүйесі де қалып­тасқан. Қазіргі күні елорданың бірнеше кардио­логиялық клиникасында 17 мыңнан аса күрделі және бірегей операция жасалған. Осы бағытты одан әрі дамытуға бірқатар шаралар жоспарланып отыр.
Дәл бүгінде Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ол жайында «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-інің директоры Санияр Айтекенов баяндады.
Қазіргі уақытта бас қалада жаяу жүр­гіншілерді бағдарлау жүйелері – пилон нұсқағыштар құрылып, қызыл түсті туристік автобустар бағыты ашылып, ақпараттық дүңгіршектер іске қосылған. Қызмет көрсету саласының сапасын көтеру мақсатында «Recommended by EXPO-2017» Астана қаласының әріптестік бағдарламасы жұмыс істейді, оған қонақ үйлер, хостелдер, қоғамдық тамақтану нысандары, қызмет көрсетуші кәсіпорындар және көлік компаниялары қатысуда екен.
– Бүгінде ағылшын тілін оқытуға ерекше көңіл бөлінген. Осы бағдарламаға қатысқан жүзге жуық адамның 50 пайызы курстан өтті, сондай-ақ ағылшын тілінен дайын­дықтан өтуге арналған ақпараттық ор­талықтар бар, олар біздің қызметкерлерді ақысыз негізде оқытуға дайын. Сондай-ақ, егер адам такси шақырып, оған түсініксіз тілде сөйлесе, турист call-орталыққа хабарласса, операторлар оған сөздерді аударып береді, – деді Санияр Айтекенов.
Қысқасы, әлем көз тігіп отырған ару Астанамыз туристік дестинация ретінде ғана емес, тұрғындар үшін жайлы, таза қала ретінде дамып, көркейіп келе жатқаны қуантады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × four =