Туристер ұлттық ерекшелікке елеңдейді

0 34

Астанаға 2019 жылдың тоғыз айының есебі бойынша 900 мыңға тарта турист келіпті. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Туристердің 70 пайызы – отандық саяхатшылар, қалғаны – шетелдіктер. Дегенмен бас қалада жылына 2-3 млн туристі қабылдауға мүмкіндік бар. Бірақ, елордаға қыдырыстап келушілердің нөпірі байқалмайды. Неліктен?Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке эко және этно-туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлу керектігін тапсырған болатын. Күні кеше Мәжілісте Палата Спикері ­Нұрлан ­Нығматулиннің төрағалығымен туризмге қатысты заң жобасы талқыланды. Оның пікірінше, туризм ел экономикасы өсуінің жаңа драйверіне айналуы керек. Туризм нарығының көшбасында АҚШ, Испания, Италия, Франция, Қытай сияқты мемлекеттер бар. Тіпті жақын көршілеріміз – Әзірбайжан мен Өзбекстан да туризм арқылы айтарлықтай табысқа кенеліп отыр.
Қазақстанда да туризмді дамытудың әлі жүзеге асырылмай жатқан мүмкіндіктері көп. Дархан даламыз­да ұшар басына тек қыран бүркіт қана жұмыртқасын салатын асқар тау да, түбіне түсіп жетпейтін айдын көл де, шет-шегі жоқ мидай жазық та, ауасы саф нулы орман-тоғай да, көне замандардың куәсі болған тарихи орындар да бар. Ең бастысы, осы игіліктердің иесі – ұлтымыздың ғасырлармен бірге жасасып келе жатқан ұлы мәдениеті, рухани мұрасы әлі өзінің соны бояуын жоғалт­қан жоқ. Көрікті табиғат көп елде бар, ал тек қазақ халқына тән төлтума мұра – тек бізде ғана. Этнотуризмді дамытудың басты көзі де осы! Әттеген-айы, осы құндылығымыз­ды жалпақ әлемге жарнамалау жағы жетіспейді. Соның бірі – саят (саятшылық), жыртқыш құстарды аңға салу. Археологиялық қазба жұмыстары Ежелгі Тұранды мекендеген тайпалар құс салуды тіпті қола дәуірі кезінде-ақ меңгергендігін көрсетеді. Тарих пен мәдениет тұрғысынан қарағанда саятшылықтың дамуы өте қызғылықты. Саятшылар бүркіт, бидайық, сұңқар, қаршыға, бөктергі, ителгі, лашын тағы с.с. көптеген жыртқыш құстарды қолға үйретіп, баптап-қаққан. Мұндай өнер қырғыз, араб, ішінара түркімендердің арасында да дамыған.
Қазақ халқы саятшылықты тұрмыстық пайдасы бар өнер ретінде де, көңіл көтеретін, табиғатпен етене араласатын спорт ретінде де бағалаған. Елімізде саятшылар арасында әредік жарыстар ұйымдастырылып жатады. Әсіресе, қысқы сонардың қызығы ерекше. Ақ қар, қара бүркіт, қызыл түлкі – жан беріп, жан алысқан ұмар-жұмар айқас – мұны көру шетелдіктердің басына бұйырмаған бақыт. Соны көруге кездейсоқ бірді-екілі шетелдіктер келіп қалмаса, басқа көпшілік қазақта ондай өнердің бар-жоқтығын естіп-білмеген. Міне, бұл – насихаттың кемшілігі.
Жақында туризмді дамытуға қатысты жиында Нұр-Сұлтан қалалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы директоры Алмат Жүнісов өңірлік жалпы ішкі өнім табысы жіктелімінде туризмнің үлесі мардымсыздығын, елордада туристер қызықтайтын, көңіл көтеретін орындар тапшы екенін айтты.
Астаналық кәсіпкерлер палатасы директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары ­Бейсен Жолболдиев турис­тер елордада орташа есеппен 3-4 күнге тоқтайтынын жеткізді. «Біздің мақсатымыз – олардың неғұрылым көбірек кідіруіне жағдай жасау, мүмкіндік тудыру. Меймандарды жақын маңдағы Бурабайға, Баянауылға қыдыртып апару арқылы саяхаттық әлеуетімізді көрсетуіміз керек» деді ол.
Эко, этно-туризмнен бөлек астанада туризмнің оқиғалық, қалалық, іскерлік және медициналық түрлерін өрістетуге басымдылық берілген. Қалада Халық­аралық бірлескен комиссия (JCI) жүйесінде тіркелген алты клиника жұмыс істейді. Бұл жайт халықаралық медициналық туризмді дамыту нарығының толыққанды қатысушысы болуға мүмкіндік береді. Дегенмен, саланың дамуына әлемдік деңгейде қазақстандық медициналық мекемелердің танымалдық бренді жоқтығы кедергі келтіріп отыр. Оның үстіне, бізде туристерге ем-шара көрсетуді реттейтін заң әлі күнге жазылмаған. Ең қынжылатындығы, емдеу мекемелерінің өзі туристерді тартуға құлықсыз.
Дегенмен елордада басқа қалалармен салыстырғанда, логистика тұрғысынан алғанда мүмкіншіліктер көп. Мәселен, ЭКСПО-2017 шарасынан кейін астана әуе­жайының инфрақұрылымы өте жоғары деңгейде сақталып қалды.
– Салыстыру үшін айтсақ, Алматының әуежайы мүмкіндік шегінде жұмыс істеп тұр, ал елорда өткен жылдың соңында 5 млн ұшып келушіні қабылдады. Ол оған қосымша тағы 5 млн келушіні қабылдауға қабілетті. Бұл астана әуежайының мүмкіндігі орасан екенін көрсетеді, – деді Еуразиялық туризм қауымдас­тығының төрайымы Рысты ­Қарабаева.
Рысты Қалиқызының, сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласы туризм қауымдастығының төрайымы қызметін де қоса атқарады екен. Ол кісінің айтуынша, тек әуежайдың ғана емес, туристерді қабылдауға астаналық қонақүйлердің де әлеуеті жоғары екен.
– Елордада отельдер қоры жеткілікті. Қалада халықаралық деңгейдегі бесжұлдызды 8 қонақүй бар. Олардың бағасы да қалта көтеретіндей. Мысалы, Орталық Азиядағы ірі туристік хаб саналатын Ташкент қаласының отельдер қоры бізден 3 есе аз. Бұл цифрлар біздегі туристік әлеуетінің әлі толық пайдаланылмай жатқанын көрсетеді, – деді Рысты ­Қарабаева.
Бас қаладағы енді бір артықшылық – мұнда іскерлік туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Ал іскерлік мақсатпен келген туристер ел экономикасына қатардағы саяхатшыларға қарағанда екі есе көп ақша қалдырады. Сондай-ақ астана ішкі туризм үшін, сонымен қатар көрші мемлекеттердің саяхатшылары үшін де тартымды. Мысалы, жаңа жыл қарсаңында елордаға шекараға жақын жатқан облыс­тардан 10 автобус мейман келген. Ал мамыр мерекесі кезінде 4 мыңнан астам демалушылар дамылдаған.
Егер көрші мемлекеттерден келушілерге қызмет көрсету онша қиындық тудырмағанымен, алыс шетелдік туристерге гидтерді табу проблемасы тағы алдан шығып отыр. Астанада қазақшадан, ағылшыншадан және орысшадан басқа тілдерде экскурсия жүргізетіндер тапшы. Мысалы, өткен жылы Нұр-Сұлтан – Токио бағытында авиажелі ашылды, ал жапонша білетін гид жоқ. Мұқым республика аумағында олардың саны сау­сақпен санарлықтай және олардың қызметінің құны өте қымбат, бір күнге 250 доллар сұрайды. Сондай-ақ испан, итальян, неміс тілін, т.б. білетін гидтер жетіспейді.
Келушілерді қабылдайтын туроператорлардың жетіспеушілігі, оларды тасымалдайтын автобустардың ескілігі, инфрақұрылымның жетілмегендігі де – елордада көкейтесті проблемалардың бірі. Жоғарыда айтылған мысалдардан туризмді дамыту ісінде кемшілік-келеңсіздіктер көп екенін көреміз. Бірақ олардың дені – ішкі проблемалар. Сондықтан жоғарыда тізбелеп берген мәселелер алдағы уақыттарда шешімін табар деп сенеміз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 2 =