ТҮРІКТІҢ ӨР ТҰЛҒАСЫ

0 227

ТҰТАСЫМЕН САҚТАЛҒАН ЭСКИШЕХИР­ МҰРАЖАЙЫНДАҒЫ ОЙЛАР

eskisehir3

Түркия. Эскишехир.­ Тарихы атынан-ақ­ айғақталып тұр. Селжүктер Кіші Азия түбегіне табан тірегінде-а­қ іргесі қаланған. Одан Осман империясы болып жарты дүниеге билігі жүргендегі алғашқы астана. Борсық атты өзенді бойлап салынған. Кейін Стамбұл, ақыры Анкара ел байтағы болып жарияланса­ да түріктің кіндігі Эскишехирға байланып тұрғандай әсер береді.

Біріншісі Анадолы, екіншісі Осман Ғази атындағы айтулы екі университеті бар. Анадолы уни­верситеті студенттер саны жағынан әлемдегі бестікке кіреді. Оларға қоса іргелі Экономика институты мен Йунус Эмре мәдени-зерттеу орталығы бар. Сол себепті қала тұрғын­да­ры­ның жартысы – студенттер. Қалған жартысы әскери және азаматтық өнеркәсіп орындарының жұмыс­шы­ла­ры мен қыз­мет­керлері, шағын және орта бизнес өкілдері.

Шағын бизнес демекші, кафе өте көп. Түнге қарай толып отырған студенттер. Сабақты қашан оқитындары өздеріне ғана мәлім.

LÜLETAŞI3Эскишехир – мұражайлар қаласы. Әйнек мұражайы – нағыз өнердің мекені. Шыныдан шеберлер жасаған туын­ды­лар көздің жауын алады. Одан басқа Тас мұражайы бар. Түрлі тас емес, бір ғана түрі. Оны өздері «теңіз көбігі» деп атайды. Ғылыми атауы –  сепиолит. Ауызекі тілде «ақ алтын» дей береді. Иә, бір замандағы теңіз көбігі кейін сазға айналыпты. Оны қазып алсаңыз, дереу қатып қала­ды. Түсі көбікке ұқсас ақшыл-сар­ғыш­ ке­ле­ді. Шеберлер үшін тап­тыр­мас шикізат деседі. Одан қашап, шекіп жасалған небір затты мұра­жайға қой­ған. Аң мен құстың мүсін­дері, таби­ғат құбылыстары көрініс­ тауыпты. Ша­ты­раш, дойбы да жасай­ды екен. Басқа тұрмыстық заттар жет­­­кі­­лік­ті. Ең бас­тысы – қорқор. Әлем­де осы Эски­ше­хир­дегі «теңіз көбі­­гі­­нен» жасалған қорқор қымбат баға­ла­нады.

Бір мүйістегі ұшақтар мұражайы, екі жерге бірдей ескерткіш ретінде қойыл­ған паровоздар мен вагондар да­ қа­ла­ның бастан өткенін баяндайды. 1894 жылы тартылған Берлин-Бағдат темір жолы тура осы тұстан өткен. Түріктің алғашқы ұшағы осы қалада жасалған. Ағылшындар қолдаған грек-түрік соғысының шебі тура іргеде тұрған. Эскишехир қолдан қолға өтсе де, жау аяғын Анадолыға қарай жібермеген. Ақыры осы қаладан бас­тал­ған шабуыл грек армиясын толық тал­қан­дап, Босфордың қос жағалауын азат етумен аяқталған. Сондағы ұлт көсемі Ататүріктің еңселі ескерткіші қаладағы Тарихи мұражай алдында тұр.

Осы қалада Мұстафа Кемал Ата­тү­рік та­ғы алдыңыздан шығады. Бар бол­мы­сымен. Қыр мұрын, кең маң­дайы­мен. Биік қабақ, артқа қарай тарал­ған толқын шашымен. Әскери адам­ға тән тіп-тік тұлғасымен. Зайыр­лы­ мә­де­ниет­ке орай киімімен. Тек балау­ыз мүсін түрінде.

Иә, Эскишехирде түркі дүниесіндегі тұңғыш Балауыз мүсіндер мұражайы бар. Елдің тарихымен қаншама жыл бұрын Стамбұлдағы Топқапы мұра­жайы­нан танысқан едік. Эски­ше­хир­дің Балауыз мүсіндер мұражайының әсері Топқапыдан артық болмаса, кем емес екен. Қаланың Отунпазары, яғни Отын базары атты бөлігінде, бірінші көшенің бойында. Бұл жерде нағыз ескі қала сақталған. Туристердің илеуі іспетті.

img_9596Сонымен алдымызда Ататүрік тұр.­ Жалғыз емес, қасында айтулы май­дан­дас серіктері. Әріректе әйелі Латифа ханым. Шешесі, қызы. Арт жақта сол­ сұ­ра­пыл заманның фотолары, май­дан­ да­ла­сын бейнелеген карталар. Ірге­лес сөреге Бірінші жаһандық соғыс кезінде түрік әскері ұстаған мыл­тық, кезеген сүңгі, басқа киген темір телпек, жауға атылған топ, суыт хабар­лар­ды жедел жеткізген телеграф аппараты қойылған.

Келесі бөлімде ұшқыш киімдегі әйел­ тұр. Әскери ұшақтардың үлгілері де азат­тық үшін арыстандай алысқан жыл­дар­дан хабардар етеді. Одан темір­­жол вагондарының үлгілері. Үш қатары үш дәуірді сипаттайды. Ең соң­ғы­сы: сағатына 250 шақырым жыл­дам­дық­пен жүйіткитін электр пойы­зы­на отырып, Кония – Эскишехир ара­сында жүріп өткенбіз. Вокзал да соған орай үш мәрте салыныпты. Ал­ғаш­қы­­сының маңдайындағы жазу­дың харіптері арабша. Жиыр­ма­­сын­шы ғасырдың жиырмасыншы жыл­да­рын­дағы түпкілікті республикалық рефор­маға дейін елде араб харпі қол­да­нылған.

Негізгі әңгіме Ататүрік бейнесінен өрбіген соң аттап өтіп кетіппіз, әйт­пе­се, Балауыз мүсіндер мұражайы рес­пуб­ли­ка емес, сонау Осман дәуірінен бас­талады. Келушілерді Сүлеймен, Бая­зит, Селім, Фатих және басқа сұл­тан­дар қарсы алады. Әрқайсысы сол дәуірдің киімін киген. Орама сәлде, саптама етік, кемер белдік түгел бар. Осман Ғази мүсінінің қасында атқа өңге­рі­летін, иыққа асатын қоржындар да қойылыпты.

Осы Анадолыға алғаш ат тұяғын тигіз­ген бабалар да ұмыт қалмапты. Онын­шы ғасыр тұсындағы түркі жауын­гері. Ду­лы­ғадан батқыға дейінгі бүкіл жорық киімімен. Гүрзіден ята­ған­ға дейінгі бар жарағымен. Жаңа ғана Ергенеқоннан аттанып, Ана­до­лыға жеткен тәрізді. Алып Арслан, Сейітбаттал Ғази тұлғаларын зор етіп, қапысыз мүсіндепті. Риза болдық.

Даналығы мен ақындығы қатар баға­лан­ған Йунус Эмре бар мұнда. Түрік поэзиясының бастауында тұр­ған ақын. «Ашық», яғни ғашықтық жырлар жазған. Жалпы, мына сапарымызды Йунус Эмре атындағы қор ұйымдастырған. Өзі осы аймақтың тумасы. Жерленген жері Эскишехирден алыс емес. Балауыз болса да жүзінен иман нұры құйылып тұр.

Діни рәсімнен ұлттық мәдени құн­ды­лық сатысына көтерілген Мевлана мерекесі тұтас бөлімді толтырып тұр.­ Мевлана салтанатын Кониядан көр­ген­біз. Желтоқсанның 7-сі мен 17-сі ара­лы­ғын­да арнайы салынған сарайда өтеді. Дөп келіппіз. Сарай қос қоржын үй сияқты, екі күмбезді екен. Біріншісі үш­ қабатты, тиісінше көрме залы, сауда залы, кездесулер өтетін оңаша бөл­ме­лері бар. Екіншісі тура цирк­тен аумайды, аренасы да дөңгелек. Сегіз бөлікке қойылған орындықтар төмен­нен жоғарылай береді. Бір сағат­қа жуық­тай­тын, бірнеше бөлімді Мев­лана қойылымын демімізді іштен алып тамашалағанбыз. Мына балауыз мүсіндер мен шын бишілер арасында айырма жоқ. Бір алақаны жоғары, келесісі төмен қараған мүсіндердің ақ­ бел­дем­ше­лері дөңгелене қалған. Иектері көтеріңкі, бастары шалқақ. Киімі біз аренадан көргендей. Мевла­на­ға қатысушылардың қара шапан, ақ кеудеше мен ақ белдемше, шелек пішін­дес қоңыр жүннен басылған бөркі тегіс мұражайға қойылған.

Осы сәтте «шіркін, біздің Сәтбаев, Марғұландар да бір-бір мүсінге лайық емес пе» деп қиялданып кеттік. Ойы­мызға Түркия сапарының алдын­да белгілі кәсіпкер, меценат Марат­ Әскенұлы Нәбиевпен болған әңгіме оралды. Марат ағамыз қазақ тарихы­нан толық мағлұмат беретін Балауыз тұлғалар мұражайын жасаудың қамы­мен­ шап­қылап жүр. Бірер жылдан кейін Астанадағы «ЭКСПО-2017»-ге келе­тін шетелдік қонақтар қазақ тари­хы­мен танысуы үшін мұндай мұра­жай керектігін ойлаған ағаның аза­мат­ты­ғына риза едік. Арнайы Лондонға барып, Мадам Тюссо мұражайында болыпты. Енді Астана іргесінен арнайы жер алып, үлкен кешен салу ниетінде. Тек, шалқалап тұратын шенеуніктер бұл игі іске бөгет жасамаса екен деп тілегенбіз сонау Түркияның Эскишехир қаласында тұрып.

Хош, бөтен жерде өзіміздің қолам­та­ны қоздата бермей, мұражайды аралайық. Бір тұста кәдімгі қарапайым түрік отбасының тіршілігі бейнеленген. Ата-әже, ата-ана, үлкенді-кіші бала­лар. Ұлттық болмыс боямасыз сақ­талған екен. Тұрмыста қолданатын заттары: ыдыстар, сыпырғы, қалақ, шкаф; киімдері: бөрік, топы, шекпен, көйлек, кемер, алжапқыш пен байлауыш; жейтін тамақтары, тіпті, қыт-қыттап жаңа жұмыртқа тапқандай тауығы тұр. Бір отбасы – бүкіл түрік ұлтының тірегі екенін сезіндіреді.

Қарсы қуыстағы үш музыканттың әрқайсысына бір-бір ұлттық аспап ұстатыпты. Керней мен даңғыра. Үшін­ші ішекті аспабының арғы атасы біз­дің­ дом­быра екені аңғарылады. Құлақ­қа әл­дебір әуен өз-өзінен естіл­гендей.

Бір қалтарыста алдында табағы бар қария малдас құрып отыр. Жазуы бойын­ша: Хожа Насредин. Біздің Қожанасыр. Түркі халықтарына ортақ тұлға екені талассыз. Түрік ағайындар оны Эскишехир іргесінде, Борсық өзенінің бойында дүниеге келді деседі. Қазақтар зираты іштен сыртқа тіреліп Сырдария бойында қалған дейді. Демек, шынында, ортақ тұлға. Тек алдын­дағы табағында палау емес, пах­ла­ва са­лы­ныпты. Қай елде жүрсең соның дәмін татасың-ау, Қожеке!

Ары айналғанда келесі балауыз мүсіннің кім екенін жазуын оқымай-ақ таныдық. Назым Хикмет. Қазақ ақындары талай рет аударып, бірнеше кітабы шыққан. Сондағы суреттерін көргенбіз. Бірақ, шашының қоңыр түсті екенін енді аңғардық. Жалпы, мұра­жай­да жазарман қауым айрықша құрмет­теліпті. «Күлгін түркілер», «Су күл­гін түркілер» және басқа ондаған кітаптардың авторы Тұрғыт Өзакман жазу үстелінде отыр. Алдында мәшеңке. Тағы ойладық, алда-жалда біздің Балауыз мүсіндер мұра­жайы ашыла қалса, Бердібек Соқпақ­баев­тың сиясауыты, Қадыр Мырза Әлінің мәшеңкесі табыла қояр ма екен?!

Қазақ оқырмандары сонау алпысыншы жылдардан сүйіп оқыған Әзиз Несин өз-өзімен отыр. Езуіне күлкі үйірілген. Енді қалай ішекті қаты­ра­рын іштей біліп, соған риза секілді. Қабыр­ғада карикатурасы. Великке теріс мініп барады. Жазуы түрікше болмаса, біздің Еркін Нұразхан салған ба дерсің!

Карикатура демекші, біраздан соң сайқымазақ суреттің жілік майын шағып ішкен Түркай Селжүктің балау­ыз мүсінін көрдік. Ватманға келе­сі сызбаларды түсіру үстінде бей­не­ле­ніпті. Қабырғада шағын көрме іспетті 11 бірдей карикатурасы ілінген. Бұл енді Еркін Нұразханға ұстаз болғандай биіктегі тұлға.

Гөксел Арсай бастаған киножұл­дыз­дар­ бір шоғыр. Телевизия бөлімінің төрі Илхан Селжүкке тиіпті. Ұзақ жыл «Бәйшешек» хабарын жүргізген. Гитаралы, микрофонды әншілер «кон­церт беріп жатыр». Сахнадағы әртіс­тер бір қауым. Атақты қойылым үстінде. Классикалық музыка өнерінің май­тал­ман­дары да балауызға көшкен. Дири­жер­дің таяқшасы дәл қазір қимыл­дап кетердей. Суретші Ибрагим Балабан мольберт алдында. Екі қабыр­ға­да екі картинасы ілінген.

Түркияның Президенттері бір шоғыр. Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел сияқты өзіміз танитындарының жүзі жылы ұшырады. Премьер-министрлер де ұмыт қалмаған. Іс үстіндегі Ердоғанға дейін сіресіп тұр.

Не қалды? Спорт! Түркия кейінгі кезде футболдан дүркіреп алға шықты. Ұлттық құрамасы да, клубтық коман­­да­лары да. Жеті футболшы алаң­ға жаңа шық­қандай ойынға әзір қал­пын­да мүсін­деліпті. Ең беріде Орхан Ерпек. Қай жылы қай командада ойнағанына дейін жазулы тұр.

Әлемдік қайраткерлерге бірнеше бөлім арналған. Бір ғажабы Ататүрік мұнда тағы қойылыпты. Енді Ганди, Черчилль сынды саясат алыптарының ара­сын­да тұр. Келесі бөлімнен Путин­ді, Обаманы және басқаларды көресіз. Ұлы­бри­танияның патшайымы Екінші Елизаветта жеке отыр. Тағы бір айнал­ғанда Джулия Робертсі бар, Диана хан­шайымы бар үлкен шоғыр алдан шықты.

Сосын жеке отырған Альберт Эйнштейн. Ар жағындағы тақтаға әлдебір формула жазылған. Соншалықты шынайы. Тірі ғұламаны көргендей таңырқадық.

Не керек, бір жағына кірген мұра­жай­дың екінші жағынан шық­қан­ша ұлылардың арасында жүресіз. Суретке түсу тұрмақ, иық тірестіріп суретке түсіруге рұқсат.

Шығар жерде балауыз мүсіннің қалай жасалатынын баяндайтын үлкен экспозиция қойылыпты. Балауыз шикізаты. Домбайлайтын, домалақтайтын, қырнап, сырнайтын құрал-жабдықтар. Желімдер. Бояу­лар. Қыл қаламдар. Шаш ретінде пай­да­ла­нылған материалдар. Оның да қарасы, сарысы, жирені, күлгіні, қоңыры, ағы бар дегендей. Қайратты және бұйра, қатты және нәзік болып бөлінетінін ұмытпаңыз.

Ең соңына және бір балауыз мүсін қойылған. Осы тұлғаларды 20 жыл бойы ерінбей-талмай жасаған профессор Йылмаз Бүйікершеннің өзі. Әлбетте, қасында әрдайым студент­тері болған. Осынша жұмысқа мемлекет қаржысы шықпаған. Өзінің және демеушілердің қаржысына атқарған. Тура 160 мүсін жасапты. Алла қуат берсе, жұмысты одан әрі жал­ғас­тыр­мақшы.

Ал, біздің Марат Нәбиев ағамыз бәрін енді бастамақшы. Бірақ, жылдар жылжығанда қазақтың тарихын толық қамтитын мұндай балауыз мүсіндер мұражайы Астананың іргесінде тұра­рына сенімдіміз.

Қайнар Олжай,

Астана-Эскишехир-Астана

 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 1 =