ТҮРІКШЕ «ШӘКӘРІМ» ТҰСАУКЕСЕРІ

0 196

ERA_1982

Анкара қаласындағы «Bengu» (Мәңгі) баспасынан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық кітабы түрік тілінде жарық көрді. Сейсенбі күні Бейбітшілік және келісім сарайында осы кітаптың таныс­тырылымы өтті.

Елімізге белгілі ғалым, жазушылар мен Түркияның көрнекті өкілдері қатысқан жиынды халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ашты.

– Түркі академиясының қолдауы­мен жарық көріп отырған Шәкәрім туралы еңбек түрік оқырмандарымен тұңғыш рет қауышып отыр. Еліміздің рухани әлемінде өзіндік орны бар тұлға Абайдан көп тәлім алғаны белгілі. Кезінде ұлы ақынымыз «Түркиядағы жаңашылдық қазаққа қашан келеді?» деп армандағаны белгілі. Абайдың осы арманын Шәкәрім қажы орындап, Стамбулда көптеген зерттеулер жүргізгені белгілі. Енді, міне, сол рухани дәнекерліктің жалғасындай болып, Шәкәрім туралы кітап жарық көрді. Осындай тамаша кітабы үшін автор Ерлан Бәтташұлына алғысымыз шексіз, – деді Дархан Қуандықұлы.

Шәкәрім туралы кітаптың Түркия­дағы алғашқы таралымы 5 мыңға жетіпті. Екі елдің белгілі тұлғалары «қазақ-түрік мәдениетіндегі үлкен олжа» деп бағалап отырған кітаптың шығуына Ескішеһир қаласының әкімі Гюнгер Азим Туна ерекше қамқорлық көрсеткен екен. Жиынға ол да қатысып, кітап туралы өзіндік пікірін білдірді. «Ескішеһир былтыр түркі әлемінің мәдени астанасы болып белгіленген еді. Біз осы жылы түркі әлемінің мәдени құндылықтарын насихаттайтын көп­теген шаралар ұйымдастырдық. Соның ішінде Қазақстан мен Түр­кияның ынтымақтастығын арттыра түсетін бірлескен ғылыми жобалар мен іргелі істер де баршылық. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Соның бір куәсі – осы Шәкәрім туралы еңбек» дейді Гюнгер Азим мырза.

Кітаптың таныстырылымына Қа­зақстан Республикасының Анка­ра­дағы елшілігінің кеңесшісі Зафер Кебар мырза да арнайы келіпті. Халық­аралық Түркі академия­сының прези­денті Дархан Қыдырәлі бұл азаматтың Абайды, Мұқағалиді қазақшадан түрік тіліне аударып, еліміздің әлемге танылуына ықпал етіп жүргенін атап өтті.

Шәкәрімнің ғұмыры мен қазақ руханиятына сіңірген өлшеусіз ең­бегі жаңаша қырымен баяндалған кітапты түрік тіліне белгілі тіл маманы, ғалым Ләззат Орақова аударған. Жиында сөз сөйлеген Еуразия Жазу­шылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлы өздерінің әйгілі ақыны Юнус Эмре мен Шәкәрім поэзия­сының арасында бірқатар сақбақ­тастықтар барын атап өтті.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + four =