Тұрғындарға тарту – театр желекжолы

0 16

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарына сәйкес биыл елордада 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістік салынады. Жаздың алғашқы күні Ж.Омаров көшесінде Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы аясында «Театр» жаяу жүргіншілер желекжолы пайдалануға беріліп, субұрқақ ашылды.Бұл шара Халықаралық балаларды қорғау күніне сәйкес келіп, шын мәнінде мерекеге айналды. «Халықтар достығы» монументін біріктіретін субұрқақ кешені айналасында балдырғандар асыр салып ойнады. Аниматорлар, Қуыршақтар театры мен «Астаналық» цирк әртістері жеткіншектердің көңілін көтерді. Желекжолда жайлы демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда балалар алаңы, ересектердің демалыс аймағы, велосипед жолы салынды. Жаңа қоғамдық кеңістік дала жиһаздарымен және қосымша көгалдандырумен безендірілген.
Осы жерден Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен табылып, балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтады.
– Балалар мен ата-аналарының уақытты пайдалы әрі қызықты өткізуі үшін қоғамдық кеңістіктер көбейтілуде. Міне, жаздың бірінші күні «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында субұрқақ кешені ашылды. Бұл жобаны жүзеге асыру – қала әкімі Алтай Көлгінов­тің тікелей бақылауында. Биыл елордамыздың тарихи орталығы – Ж.Омаров көшесінде жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Желекжол бойында Республика даңғылынан Жас көрермендер театрына дейін екі субұрқақ кешені, көптеген шағын сәулет нысандары орнатылады, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы атап өткендей, желекжолдың Республика даңғылынан М.Әуезов көшесіне дейінгі бір бөлігі ғана ашылып, екінші бөлігінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ә.Мәмбетов көшесін жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Алдағы демалыстарда, 5-6 маусым күндері Ә.Мәмбетов көшесінің жаяу жүргіншілер жолын техникалық ашу жоспарланған. Пандемия мен карантиндік шараларды ескере отырып, ауқымды іс-шаралар өткізілмейді. Бірақ аудан басшылығы қалалық Мәдениет басқармасымен бірлесіп, санитарлық нормаларды сақтай отырып, іс-шаралар өткізеді.
Ал желекжолдың ашылған бөлігіне тұрғындар мен балалар риза. Олар субұрқақ кешені туралы өз әсерлерімен бөлісіп, мерекені ұйымдастырған елорда әкімдігіне алғыс айтты.
«Бүгін біз отбасымызбен серуен­деп, балалар мерекесін атап өту үшін шықтық. Жаңа субұрқақтың ашылуына куә болдық. Бізге бұл жер қатты ұнады. Мұнда түрлі сырғанақтар, субұрқақ кешені орнатылыпты. Карантин кезінде ешқайда шықпадық. Енді таза ауада осындай әдемі жерде серуендей аламыз. Әдетте Есіл өзенінің жағасында серуендейтінбіз. Енді бұл жерге жиі келіп тұратын болдық» деді мектеп оқушысы Аружан Ағыбаева.
«Елорда тұрғындарына арнап, осындай жаңа демалыс орны ашылғанына қуанып отырмыз. Балаларымызға мереке ұйымдастырған қала әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Елордамыз одан әрі гүлдене берсін!» деді елорда тұрғыны Ғани Артықов.
«Театр» желекжолының атауына сәйкес, осы маңайдағы тұрғын үйлердің қабырғасына муралдар салынып жатыр. Бір суреттен Алдар көсе бейнесіндегі атақты актер, кинорежиссер Шәкен Аймановты тануға болады.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, оң жағалау ғана емес, сол жағалау да көркейеді. Жақын күндері, бір апта шамасында «Әбу-Даби плаза» кешені айналысындағы саябақты ашу жоспарланып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 20 =