Тұрғындардың тілегі ескерусіз қалмайды

0 36

10 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов халық алдында онлайн есеп беру кездесуін өткізді. Үш сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде әкімге YouTube арнасы, Facebook желісі арқылы тұрғындардан 1200-дей сұрақ келіп түсті. Оның бәріне тікелей эфирде жауап беру мүмкін емес, әрине. Қала басшысы бұл сауалдардың бәрі ескерусіз қалмайтынын, олардың бәрі қаралып, нақты жауап берілетінін айтты. Газеттің бүгінгі нөмірінде осы сұрақтардың тағы бір бөлігін жариялауды жөн көрдік.

 

Гараждардың орнына гүлзар салынса

«Парк Авеню» ТК тұрғыны ­Әйгерім Ақанай Түркістан көшесіне қатысты мәселені көтерді:
– Қаланың орталығында жатқан Түркістан көшесі тар, соның салдарынан тұрақты түрде көліктер кептелісі болады. Осы көшені кеңейтуге болмас па екен? – деп сұрады.
– Иә, бұл көшеде бөлу жолағының болуына байланысты көліктер кептелісте тұрып қалатынын көріп жүрміз. Осы жазда бөлу жолағын алып, көшені кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ оған жалғас жатқан көшелерді де кеңейтеміз, үйлердің ішкі аулаларын абаттандыруға көңіл бөлеміз, – деді қала басшысы.
Алдаберген Кемпірбаев:
– Ақерке көшесі, 1 және Жамбыл көшесі, 8 қиылысындағы сүрілген гараждардың орнына қандай құрылыстар салынады? Астаналықтар ол тұсқа көпқабатты үй емес, саябақ немесе гүлбағы салынса, балалар ойнайтын алаңқай ашылса дейді.
– Біз ол гараждарды екі жылдың ішінде сыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар мемлекеттік бюджеттің есебінен атқарылады. Тұрғындардың тілегін ескере отырып, ол жерге спорт алаңы, гүлбағы салынады, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Гараждар мәселесін Алексей Носов та көтерді, ол әкімнен «Рассвет» пен «Южный» гараждар кооперативінің мәселесін шешіп беруді сұрады.
– Бұл мәселені биылдан қалдыр­май шешеміз. Олардың тұрған жері тартымды, сұраныс бар, бұл жұмыстарға инвесторларды қатыс­тыруды көздеп отырмыз.

Сарыбұлақтағы үй қашан пайдалануға беріледі?

Айнагүл Ахметжанова Сарыбұлақ өзенінің жағасында орналасқан үйдің құрылысы қашан аяқталатынын сұрады.
– Мен 2020 жылдың қараша айында әлеуметтік несиелік үйді алу конкурсынан өттім. Бірақ ол үйге қашан қолым жететіні нақты белгісіз. Ешкім тиянақты жауап бермейді, – деді ол.
Алтай Көлгінов бұл үйдің 2013 жылдан бері салынып келе жатқанын еске салды.
– Мердігер компания үйдің құрылысын ұзаққа созып жіберді, бірақ біздің күштеуімізбен оның жұмыстары былтыр аяқталды. Үйді инженерлік желілерге қостық, енді оның айналасын абаттандыру қалды. Ол тұста бес көпқабатты үйлер бар, кейбір пәтерлер пайдалануға берілген. Сауалыңызды тікелей өз бақылауыма аламын, – деп жауап қайтарды қала басшысы.
Мейрамгүл Балтабаева:
– Мен 2-топтағы мүгедекпін. Жекеменшік баспанам жоқ. Маған мемлекеттен үй беріле ме? – деп сұрады.
– Заң бойынша бірінші және екінші топтағы мүгедектер үйдің кезегіне тұра алады. Сіздің оған құқыңыз бар. Егер кезекте тұрмасаңыз, Тұрғын үй орталығына хабарласуыңызға болады, – деп жауап қайтарды Алтай Көлгінов.
Қосшы кентінің тұрғыны Алма Жұмабекова елді мекендегі адамдардың көпшілігі елордаға қатынап жұмыс істейтінін, оқуға баратынын айта келіп, кенттің қала санатына қосылатынын-қосылмайтынын сұрады.
– Былтырғы карантин кезінде біз Қосшыны блокпостар аумағына қостық, өйткені кент тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігі қаламен етене байланысты: астанада жұмыс істейтіндер, оқу оқитындар, ем-дом алатындар көп. Дегенмен, Қосшы әкімшілік бөлініс бойынша Ақмола облысына қарайды. Қазіргі күні кентті Нұр-Сұлтан қаласына қосу туралы ешқандай жоспарымыз жоқ, – деп түсіндірді шаһар басшысы.

Тұрғындарға экологиялық сауат керек

Суретші Айгерім Оспанова сауалын былай деп жеткізді:
– Мен «Тату көршілік қатынас­тарды дамыту» жобасы бойынша жұмыс істеймін. Біз бірнеше тұрғындармен бірге қала өмірін жайлы ету жолында еңбек етіп келеміз. Құрылыс компанияларымен келісіп, Нұр-Сұлтан қаласында төрт тұрғын үй алабын, Алматыда екі тұрғын үй алабын әсемдедік. Осы жұмыстар барысында суретшілер командасы екі мәселеге тап болды. Біріншісі – азаматтарды тұрғылықты жерінде белсенді түрде әлеуметтендіру қажет. Екіншісі – экология­лық сауаттылыққа үйрету керек. Мәселен, үйлердің жандарында арнайы қоқыс жәшіктері бар, бірақ көпшілік қоқыстарын сұрыптауға ерінеді. Сондықтан суретшілер қауымының атынан «Пластик пакетсіз қала» акциясын іске қосуды жариялаймын. Акцияны тұрғындарға көпреттік қалталар таратудан бастаған жөн. Екіншіден, қаладағы жеке компанияларды экоқалталар тігу ісін қаржыландыруға жұмылдыру қажет…
Алтай Көлгіновке сауал жолдау­шының ұсынысы ұнады.
– Идеяңызды қуанышпен қабыл аламыз, өйткені экология­лық мәдениетті дамыту – өзекті мәселелердің бірі. Біз қалдықтарды тек сұрыптап тастауды үйрету ғана емес, сонымен бірге пластиктердің қоршаған ортаға қандай зиян тигізетінін де түсіндіруіміз керек. Ұсынысыңызға көп рақмет. Сізді «Нұр-Сұлтан – жасыл қала» жобасы аясында жұмыс істеуге шақырамыз. Көктем туа жаппай жасыл желек отырғызу жобасын қолға аламыз, – деді қала әкімі.
Талғат Нұрхалықов Бөгенбай батыр мен Жеңіс даңғылдарының қиылысында көлік қоятын, балалар ойнайтын орынның жоқтығын айтып шағымданды.
– Біздің үй газгольдер мен күлтөкпенің жанында,10 метр қашықтықта тұр. Балалар көлік жүретін жолда ойнайды десе де болады. Естуімізше, осы маңайға тағы бір көпқабатты үй салады деген сыбыс бар. Бұл жағдайды тіпті ушықтырып жібереді. Бөгенбай батыр даңғылынан вокзалға дейін бірде-бір гүлзар жоқ. Өтініш, үйдің маңайына жасыл желек отырғызып, гүлбағын салсаңыздар екен,– деді ол.
– Бөгенбай батыр мен Жеңіс даңғылдарында астананың 20 жылдығына орай «Ақжайық» гүлзары салынған болатын, 2019 жылы Әлия Молдағұлова ескерткіші жанынан гүлбағын аштық. Біз көпқабатты үйлерді қыстырылыстырып мәнсіз сала беруге құштар емеспіз, қалада адамдар еркін демалатын қоғамдық кеңістіктер болғанын қалаймыз. Сізге Сарыарқа ауданының әкімі хабарласып, көтерген ұсынысыңызды нақтылайтын болады, – деді Алтай Көлгінов.
Байқоңыр ауданы «Өндіріс» тұрғын үй алабының тұрғыны Әзиза Амантай сұрағын былай деп жеткізді:
– Біздің көшедегі 4,8,9 үйлер апатты, әбден тозығы жеткен, көктемде үйлердің астына еріген қар суы толып кетеді. Оның үстіне үйлеріміз құрамалы болғандықтан жылда жерге кіріп, отырып келеді. Біз мұны былтыр әкімдікке айтқанбыз, мамандарыңыз келіп, апатты екенін көріп кеткен. Енді осы үй сырыла ма, орнына бізге баспана беріле ме, соны білейін деп едім, – деді ол.
– Қалада ескірген 200-дей үй бар, сондай-ақ жеке сектордың проблемалы үйлері бар. Мұндай үйлер, әсіресе, Байқоңыр ауданында, Сарыарқа ауданында көп. Біз үйіңізді зерттеп қарайық, мамандарымыз көрсін, мен дәл қазір жауабын айта алмаспын. Бізде ескі үйлерді сырып, оның тұрғындарын көшіруге арналған кезек бар, сіздер биылғы немесе келесі жылғы кезекте тұрсыздар ма, соны қарайық, – деді қала басшысы.

Көпбалалы ана кәсіп ашқысы келеді

Гүлнәр Рақымжанқызы әкімге қалада жасалып жатқан игі істер туралы рақметін жеткізіп, әсіресе көпбалалы отбасыларға, мүгедек балаларды асырап отырған отбасыларға көмегін ерекше атап өтті. «Мемлекет қамқорлығымен баспаналы болдым» деп те қосып қойды сауал қою барысында:
– 2019 жылы қыркүйек айында қабылдауыңызда болдым, сіз баламның денсаулығына қатысты мәселемді шешіп бердіңіз. Ұлым туабіткен мүгедек, денсаулығына байланысты проблемалар көп. Бұрын жүрегіне ота жасалған, енді тағы да жасату керек. Оның үстіне онлайн сабақтардың әсерінен бір қызымның көру қабілеті 5 пайыз­ға дейін түсіп кетті. Сол себепті қызыма Көз институтынан ақылы ем алдық, арнайы көзілдірік сатып алдық. Мұның бәрі қаржылық жағынан бізге көп қиындықтар туғызып отыр. Сондықтан маған материалдық көмек бере аласыз­дар ма? – «Алтын алқа» иегері, 18 жасқа толмаған 7 баланы асырап отырған ана.
Сондай-ақ бұл кісі өз кәсібін ашу үшін Үкіметтен грант алуға мүмкіндік бола ма деп сұрады.
– Мүгедек балаңызға қатыс­ты Үкіметтен барлық көмекті ала аласыз, – деп қысқа қайырды Алтай Көлгінов, сондай-ақ бұл мәселенің жіті бақылауды Қоғамдық денсау­лық сақтау басқармасының басшысына тапсырды. – Ал жеке кәсіп ашамын деген ниетіңіз қуантады, ол бойынша да қажетті көмектерді береміз, бұған жауаптылар сізбен хабарласады, – деді әкім.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 3 =