«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрғындардың сауалы сан алуан

0 211

Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов жүргізген Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның есептік кездесуінде халық үлескерлік құрылыс, жолаушылар көлігі, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысының сапасы, ескі және апатты жағдайдағы баспананы сүру мәселелері бойынша өздерін толғандыратын сұрақтарға жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Осындай форматтағы кездесу елорданы әрі қарай дамыту, халықтың түйткілді мәселелерін шешу мақсатында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

«ЖАҒАЛАУ – 4» ЖЫРЫ

Кездесуде қойылған сұрақтардың дені үлескерлік құрылыс туралы болды. Елорда тұрғыны Бауыржан Әбдіхалықов кезінде «Жағалау-4» тұрғын үй кешенінен пәтер аламын деп қаржы салған. Алайда құрылыс созылып кеткен соң, қазір ақшасын қайтарып алғысы келеді. Бұл нысан құрылысын «Жағалау» тұрғын үй-құрылыс кооперативі бастап, аяқтай алмай қалған. Қазір құрылысты аяқтау­ды басқа компания мойнына алды. «Кейінгі компания иелері айнып кеткен үлескерлерге ақшаны қайтару керектігін біле ме екен? Осы мәселе мені ғана емес, өзге де бұрынғы үлескерлерді мазалайды» деді сұрақ қоюшы.


«Елбасы мен Үкімет түйткілдерді туындатқан үлескерлік нысандар құрылысын аяқтауға жәрдемдесу туралы шешімге келді. Мемлекет тарапынан қайтарым негізінде қаржы төрт жылға бөлінеді. Белгіленген мерзімге дейін барлық нысандар салынып бітуі тиіс. Сол үшін өкілетті ұйым құрылды. Бұл ұйымға сот шешімімен берілетін активтер немесе аяқталмаған нысандардағы бос көлемдер сатылған жағдайда жұмсалған қаржыны қайтаруға мүмкіндік береді. Ол үшін техникалық және қаржылық аудит жасалып, сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттама ұсынылады. Өкілетті ұйым бұл құжаттарды қарап, шешім қабылдайды» деді С.Хорошун.
Оның айтуынша, «Жағалау-4» тұрғын үй кешенінің бұрынғы үлескерлеріне ақшаны қайтару кестесі жасалды. Салған қаржыны 200-ге жуық адам қайтарғысы келіп отыр. Ақша кестеге сәйкес қайтарылып жатыр. Бірақ бұл кестенің орындалмай жатқандығы туралы әкімдікке шағымдар түскен.
Кездесуге қатысқан құрылыс компаниясының жетекшісі Сергей Котляровтың сөзінше, «Жағалау-4» бойынша бұрынғы үлескерлерге 600 млн теңге берешек қалды. Ақша жеке инвес­тордың қосымша қаржыландыру есебінен қайтарылып жатыр. Бұл инвестор әртүрлі жұмыс­тарға мердігердің есепшотына қазіргі күні 1 млрд теңгеден астам қаржы салды. Осы қаржының ішінде бұрынғы үлескерлерге қайтарылатын ақша да бар. С.Котляров кестеден қалып бара жатқандықтарын мойындап, нау­рыз айының аяғына дейін бүкіл қаржы қайтарылатынын айтты.
«Медина», «Ұлытау», «Жеті жол», өзге де түйткілді тұрғын үй кешендері бойынша мәселелер көтерілді. С.Хорошун оларға тиісті жауаптарды беріп, шешілмеген мәселелер ведомствоаралық комиссия отырыстарында қаралатынын жеткізді.

ЖАҢА АВТОБУСТАРДЫҢ ҮЛЕСІ – 80 ПАЙЫЗ

Айжан Баймолдинова дейтін тұрғын бұрын ет комбинаты жаққа қатынаған №12 автобус неге сол бағдардан алынып тасталғанын сұрады. Оның айтуынша, қазір соның салдарынан сол жағалауға қатынаулары қиындады. Шағымданушыға бұл мәселе бойынша «Астана LRT» басшысына алдағы дүйсенбі күні келуін ұсынған әкімнің бірінші орынбасары қажеттік туындаса, кез келген бейсенбі күніне өзінің қабылдауына жазыла алатынын айтты.
Жалпы былтыр Астана әкімдігі 380 жаңа автобус сатып алғанын, алайда олардың бәрін тиісті бағдарларға жіберу үшін белгілі бір жұмыс атқарылуы тиістігін, қазіргі таңда осындай автобус­тардың 80 пайызы жолаушыларды тасымалдап жүргенін жеткізді.

ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ

Сарыарқа ауданына қарасты Автоматика кенті №6 мекенжайында жапандағы жалғыз үй орналасқан. Оның маңайындағы ескі және апатты үйлер тиісті бағдарламаға кіріп, сүрініп тасталды. Сол жалғыз үйдің тұрғыны баспанасының неге сол бағдарламаға кірмегенін сұрады. «22 жыл бойы жылусыз тұру мүмкін бе? 2014 жылдан бері үйімізді тұруға жарамсыз етіп тапсын деп жанталасып келемін. Комиссия үй 47 пайызға ғана тозған деп көрсетіп, жалған техникалық акт жасады. Онда жылу құбыры трассасының 80 пайызы тозған деп жазылған. Жылу құбыры жоқ болса, қалай тозады? Газ жоқ, ыстық су жоқ, кәріз жүйесі екі жылдан бері жертөлеге ағуда. Мұны өз күшімізбен жөндеп көрдік, бірақ қыс келісімен жылу болмағандықтан, құбырлар тағы жарылады, тағы да жертөлеге барып құйылады» деді тұрғын. Бұған жағдайдан хабардар екенін айт­қан С.Хорошун келесі аптада аудандық әкімдік және тұрғын үй инспекциясы өкілдерімен үйді барып көретінін сендірді.
Б.Майлин 20/6 мекенжайында 150 орынға арналған балабақша салынып, құрылыстың 80 пайызы аяқталды. Оның иесінің айтуынша, жылу құбырына қосылу ғана қалды. Алайда «Астана-Теплотранзит» АҚ жылу трассасын кеңейтуді талап етіп отыр. «Мен бір рет оны кеңейттім. Басқа емес, балабақша сынды әлеуметтік нысанды салдым ғой. Осы жағынан көмек берсеңіздер» деді ол. Қала әкімінің орынбасары жауапты басқармаға ешқандай қосымша талаптарсыз бұл мәселені дереу шешуді тапсырды.

КЕМШІЛІКТЕРДІ ҚҰРЫЛЫС САЛУШЫ ЖОЮЫ ТИІС

Былтыр пайдалануға берілген «Expo Towers» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйдің сапасына шағымданды. Олардың айтуынша, үйдің қабырғалары жарылып, терезелерден пәтерлеріне жел кіреді, лифт пен өртке қарсы жүйе жұмыс істемейді. Қазір тұрғындар құрылыс салушы компаниямен соттасып жатыр. Алайда еш ілгерілеу байқалмайды.
«Соңғы үш ай көлемінде аталмыш үйдің бастамашы тобымен үш рет кездестім. Соңғы кездесу өткен сәрсенбі күні өтті. Қалпына келтірілуі тиіс жұмыстардың тізімі жасалды. Бұл тізімді Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, техникалық инспекция, тұрғын үй инспекциясы және сәулет өкілдері жасады. Меніңше, бір ай ішінде мердігер негізгі олқылықтарды жоя алуы тиіс. Жылу маусымы аяқталған соң, яғни, сәуір-мамыр айларында істелетін де жұмыстар бар. Негізінен, барлық кемшілікті құрылыс салушы компания жоюы тиіс. Заң бойынша тиісті компания жүктелген жұмысты орындамаса, біз күштеп орындау туралы сотқа арыз бере аламыз. Егер сот шешімі орындалмайтын болса, қылмыстық іс қозғалады» деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Кездесуде С.Хорошунға сұрақтар қойылғанымен қатар алғыс та айтылды. «Аристо-Ус­пех» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің мүшелері атынан кооператив төрайымы Зәмзагүл Темірболат әкімнің бірінші орынбасары басқаратын ведомствоаралық комиссия жұмысына мәселелерін шешіп бергені үшін рақмет айтты.
Жалпы үш сағатқа созылған кездесуде әкімнің бірінші орынбасарына отыз адам сұрақ қойып үлгерді. Сұрақ қойып үлгермегендерді әкімнің бірінші орынбасары кездесу аяқталған соң жеке қабылдады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды