Тұрғындарды не мазалайды?

0 35

Елорданың «Железнодорожный» тұрғын алабында газ тарату желілерінің құрылысы 100 пайыз аяқталды. «Промышленныйда» желілер жылыту маусымы басталғанша салынып бітеді. Қаланың шеткі аймақтарын аралап, тұрғындармен кездескен Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есполов халыққа осыны хабарлады.

– Газға қосылғысы келетіндер үшін айтайын, бұл үдеріс орташа есеппен 10-15 күнге созылады. Есептеу құралдарын беруді 10 қыркүйектен бастауды жоспарлап отырмыз. Газды қосуды немесе қоспауды тұрғындардың өздері шешеді. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті ақпарат пен кеңестер беруге дайынбыз, – дейді аудан әкімі.
Оның айтуынша, газдандыру бойынша барлық ақпаратты Ж.Жабаев көшесі, 12/2 мекенжайында орналасқан кеңсеге келіп білуге болады. Аудан әкімдігінде осы іске жауапты бас инспекторлар бар. Нұржан Кәкімбековтің ұялы телефон нөмірі 8 778 669 97 70. Ал Аян Сыздықовпен 8 778 900 61 51 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Олар тұрғындардың газдандыруға қатысты сұрақтарына жауап береді.
Алдында «Интернациональный» тұрғын алабының тұрғындары аудан әкіміне су құбырлары мен кәріздерін ретке келтіру жөнінде өтініштерін жеткізді. Аудан басшысы олармен де кездесіп, елді мекенде істелетін жұмыстарды хабарлады.
– Осы жылы «Интернациональныйда» сумен жабдықтау жүйесі мен нөсер кәріздері іске қосылады. Келесі 2021 жылы кәріз пайдалануға беріледі. Әрине, шешімін таппай тұрған мәселелер де жоқ емес. «Ұзақ жолдың қиындығы мен кедергісі мол» демекші, шаршамай әрі тоқтамай жүріп өтер болсақ, ауданымызды көркейтіп, тұрғындардың жағдайын жақсартамыз, – дейді Б.Есполов.
Қазір әлеуметтік желілер арқылы да оған тұрғындар тарапынан өтініштер айтылып жатыр. Ақгүл Бабкенова Жағажай көшесінен Көлсай көшесіне дейінгі жолдың жағдайы сын көтермейтінін жеткізді. Сондай-ақ ол жарықтандырудың жоқтығына налыды.
Мырзахмет Өксікбаев дейтін тұрғын А.Байтұрсынов көшесіндегі №72 мектеп-лицейдің маңайында тротуардың бұзылғанына үш апта болғанын, алайда тиісті жұмыстар әлі басталмағанын айтты. Дәл осындай жағдай Т.Жүргенов көшесінде №74 мектеп-гимназиясы аумағында да орын алған. Бұл мәселелерге қатысты аудан әкімдігінен тұрғындарға нақты жауаптар берілген жоқ. Сондықтан қашан шешілетіні белгісіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =