ТҰРҒЫНДАР ТҰРМЫСЫ ТҰРАҚТЫ

0 104

ERA_7110

Кеше «Астана су арнасы» мекемесінде Алматы ауданының әкімі Бекбол Сағынның тұрғындармен есепті кездесуі өтті. Оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов, қалалық мәслихаттың депутаттары, елордалық кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары қатысты.

Кездесу барысында Бекбол Сағын өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, жыл ішінде аулаларды абаттандыруға барынша көңіл бөлінгенін, ауданның санитарлық жағдайын қалыпты ұстау мақсатында ұйымдастырылған экологиялық айлықтар аясындағы сенбіліктерге 46 мыңнан астам тұрғынның қатысқанын жеткізді. Бұл ретте әкім өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары негізінде жалпы аудандағы өсу қарқынының оң динамикасын есепке ала отырып, алдағы жоспарланған жұмыстардың толық жүзеге асатынына сенім білдірді.

Бұл жолы аудан әкіміне ауызша сұрақ қойғандар аса көп болмады. Мінберге шыққандардың біразы аудан басшысына, оның қарамағындағылардың жұмысына ризашылықтарын жеткізді. Сөйлеушілердің сөздерінен ұққанымыз: жалпы тұрғындардың тұрмысы түзу, аудан аумағында өмір сүру үшін лайықты жағдай жасалған.

Алғашқы болып сөз алған Нақып Жүсіпова шаруа­шылықтың әртүрлі саласында қырық жыл үзіліссіз еңбек етіпті. Бүгінде Алматы ауданының Есіл тұйық көшесінде тұратын зейнеткер осы маңда қардың көп жатпайтынын, тиісті мекемедегілер оны уақытында жинап әкететінін, тек соңғы кезде күлдің жиналып қалғанын, соны контейнерге салып әкетсе деген ұсынысын алға тартты. Аудан әкімі болса, биыл су тасқынының алдын алу бойынша шаралар ерте басталғанын, тасқын сулардың алдын алу бойынша жедел шаралар қабылдау мақсатында ауданда арнайы штаб құрылғанын, су басу қаупі бар аумақтар ескеріліп, аудан кварталдарға бөлініп,  қосымша техника мен жұмыс күш бөлінгенін жеткізді. Бұл ретте көктемге салым үйлерді су басып қалу қаупін болдырмас үшін аулалардағы қарды уақтылы шығару жұмыстарын ұйымдастыру кезінде әрбір тұрғын  аудан аппаратында қар шығару кестесін анықтап, өз өтінішін қалдыра алатынын ескертті.

Оңтүстік-шығыс ауданында орналасқан Әбіш ата мешіті мен Әлжан ана медресесінің басшысы Айша қажының айтуынша, аталмыш мешіт қазіргі күнде жұмыс істеп тұр, ал медресенің құрылысы аяқталуға жақын екен. «Әрине, мұның бәрі «жас болса да, бас» бола білген аудан әкімінің жұмысты ұйымдастыра білетіндігінің арқасында біткен шаруалар екені жасырын емес» дей келе, аудан басшысына разылығын білдіріп, мешіт қоршауының тозуына байланысты оны жаңартуға және кіре беріс көшені абаттандыруға көмек сұрады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =