Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды

0 8

Ағымдағы жылы елордада жалпы аумағы 76 гектар жер абаттандырылды. Ол жұмыстар барысында бұрындары қараусыз қалған, құлаған ғимараттар мен бос кеңістіктердің орнына абаттандырылды. Соның нәтижесінде қала халқы демалатын және спортпен шұғылдануға қолайлы қоғамдық кеңістіктер пайда болды. Өте ауқымды көлемде үй аулалары мен гүл бақтары, желекжолдар, саябақтар абаттандырылды.
– Абаттандыру кезінде қаланың ескі бөлігіне және тұрғын алаптарына ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, ел көп қоныстанған аудандардың бірі – «Байқоңырда» 53 аула мен 13 ірі қоғамдық кеңістік жаңғыртылды. «Жастар» шағын ауданында 50 көппәтерлі тұрғын үй кешені бар. Бұл ауданды аулаішілік аумақтармен қоршап, 23 ауланы абаттандырдық. Көпір астындағы бос жатқан орындарды пайдаға асырдық. Мысалы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанында орналасқан көпірдің астына баскетбол, воркаут және скейт-алаң жасақталып, теннис үстелдері қойылды, – деді Алтай Көлгінов.
Үстіміздегі жылы Өндіріс тұрғын алабы жасанып, жаңғырып шыға келді. Мұнда 50-жылдардың басында салынған барак типіндегі үйлер бұзылып, оның орнына футбол мен баскетбол алаңдары бар шағын саябақ бой түзеді. «Сарыарқа» ауданында 40 аула мен 20 қоғамдық кеңістік жаңадан жасалды. «Көктал» тұрғын үй алабында 16 гектар аумаққа саябақ салынды. Бұл ауданда оған қоса спорт алаңқайлары, амфитеатр мен ротон да орнатылды. Желтоқсан, Есенберлин, Жангелдин, Сейфуллин көшелерінің бойы, Бейбітшілік даңғылы жаңғыртылды.
Мұндай көз тартарлық және демалысқа қолайлы алаңдар қаланың барлық аудандарында пайда болды. Соның нәтижесінде астанада саябақ, гүл бағы мен желекжолдар көбейді. Бір қолайлысы, жаңа қоғамдық кеңістіктерді қыстың күндері де тиімді пайдалану ойластырылған. Мәселен, мини-футбол алаңына қыста су құйып, мұз қатырып, коньки тебетін сырғанақ жасауға болады.
«Ағымдағы жылы көктем-күз айларында 30 мың ағаш, 80 мың жасыл желек отырғыздық. Қаланың экологиялық аймағы бұрынғыға қарағанда едәуір ұлғайды. Абаттандыру жұмыстарын келесі жылы да қарқынды түрде жалғастырамыз» деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ қала аудандарын абаттандырумен бірге, халықтың тұрмыстық қажеттіліктері үшін инфрақұрылымдық дамытудың да маңызы күн тәртібінен түскен жоқ. Елорда басшысы Алтай ­Көлгінов Интернациональный елді мекенінде болып, бұл аумақты дамыту барысында ауызсу, жарықтандыру, аялдамалар орнату, автобус маршруттарын арттыру мәселелері қолға алынатынын жеткізді. Бұл туралы қала басшысы өзінің Инстаграм парақшасында:
«Қазіргі кезде аудан тұрғындарына орталықтандырылған ауыз­су берілмегенін ескере отырып, біз магистралды су құбырының құрылысын бастадық. Магис­тралды су құбыры аяқталғаннан кейін, орамішілік желілерді үйлерге өткізуге кірісеміз. Бұл жұмыстарды 2021 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жолдарды асфальттауға кіріспес бұрын, кәріз және газдандыру жұмыстарын аяқтаймыз. Биылғы жылыту маусымында бірқатар елді мекендер газға көшіріле бастайды. Процесс бірнеше кезеңге бөлінген» деп жазды.
Әкім мұндай кездесулер астананың барлық елді мекендерінде ұйымдастырылып, оның барысында тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-тілектер ескерілетінін айтты. Оның бәрі қаланы дамыту жоспарына енгізілетін болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × two =