Тұрғындар тілегі ескеріледі

0 40

Қаланың саябақтарында қысы-жазы көпшілік сүйіп демалатын орын болып саналады. Әсіресе қазіргі карантин кезінде үйге қамалған жұрт бір мезгіл саябақтарда қыдырыстап, бір мезет сергіп келгенді жақсы көреді. Енді біреулер жасыл алаптың арасында отырып тамақтанғанды ұнатады. Мейлі дейік, бірақ солардың арасында жүрген жерін ластап, соңынан қоқыс-қоқыр тастап кететіндер де кездеседі.

Одан бөлек, қаланың коммуналдық қызметтерінің назарынан тыс қалған, нысандарының тозығы жетіп, ескірген аудандар мен жөндеуді қажет ететін саябақтар аз емес. Әлбетте, Есіл өзенінің сол жақ жағалауындағы саябақтар мен көпшілік жүретін жерлер, тұрғын үй аудандары – әрдайым әкімдіктің назарында. Бұл орындар ұдайы тазаланып, жаңартылып, қаланы көріктендіріп тұр. Ондай орындарда демалған адамға жайлы. Алайда Есілдің оң жаға­лауындағы бөлікте ескерусіз жатқан қоғамдық орындарды, әйтпесе саябақ түгілі, шағын жасыл желегі жоқ аудандарды кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар өздеріне үлкен саябақ емес, тек көпшілікке демалатын жайлы желекжолдар болса да жеткілікті деген тілегін білдіреді. Сондай ауданның бірі – Досмұхамедұлы көшесі аумағы. Көшенің бойында бос, игерілмей жатқан алаңқай бар, сол жер шағын саябақ жасауға сұранып-ақ тұр. Бұл – тұрғындардың тілегі.
– Досмұхамедұлы көшесінен үй сатып алғаныма 2 жылдан асты. Бір қынжылтатыны – бұл ауданда балалар ойнайтын балалар алаңы, спортпен айналысатын жерлер жоқ. Біздің балалар басқа аудандардағы ойын алаңдарына мәжбүр. Жастарымыз қолжетім жерде спорт жабдықтары болмаған соң, көпшілігі дене шынықтырумен айналыспай селтеңдеп бос жүр. Жасы келген кісілерге де көңілін аулайтын ермек жоқ. Егер аулаға күннен көлеңкелейтін қалқасы бар жаппа қойып, оның ортасына жағалай сәкісі бар бір үстел орнатса, біз сияқты шал-шауқан сол орында шахмат, домино ойнап, бір мәз-мейрам болып қалар едік, – дейді осы ауданның үлкендерінің бірі Қадырай ақсақал.
Тұрғындар бұл тілектерін жыл сайын болатын әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерінде де талай айт­қан екен. Байқоңыр ауданы әкімшілігі тұрғындардың тілегін қабыл алғанмен, әзірге ондай құрылыс жұмыстары қолға алынған жоқ.
Нұр-Сұлтан қалалық урбанистика орталығы басшысы Елнар Базыкен егер тұрғындар аулаларын көріктендіріп, ойын алаңдарын салдырғысы келсе, аудандық әкімдікке жазбаша өтініш жазу керектігін айтты.
– Кейінгі уақыттарда қаланың шеткері аймақтарына айрықша көңіл бөлініп жатыр. Бүгінде жөндеу жұмыс­тарын қажет ететін орындар тізімі жасалуда. Тізім толық жасалып болған соң, әкімдік тиісінше жоспар құрып, сол бойынша қажетті абаттандыру жұмыстарын атқарады. Сондықтан тұрғындар өздері де белсенділік танытып, мұқтаждықтарын айтып, аудандық әкімдіктерге жүгінулері керек. Тұрғындар өтінішін алғаннан кейін аудан әкімдіктері кезек-кезегімен, ретіне қарай қажетті жұмыстарды жүргізетін болады.
Ресми мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылы астанада 54 қоғамдық кеңістік пен саябақ, көпшілік демалатын орындарға жөндеу, жаңарту, жаңғырту жұмыстары жасалады екен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 + 12 =