Тұрғындар тату тұрса…

0 88

Еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың  2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда. Пәтер  иелерінің өздері тұратын үй ғимаратын басқару ісіндегі белсенділігі артып келеді. Санамызда «Тиімді меншік иесі» түсінігі қалыптасып келеді. Енді әрбір тұрғын өзінің алтын босағасының ғана емес, өзі тұратын үй ғимаратындағы ортақ мүлік нысандарының жағдайына да жауап береді. Оны үйлестіретін қаладағы 300-ден астам пәтер иелері кооперативі,  қысқаша қайырсақ, ПИК. Олардың негізгі жұмысы ҚР «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңымен реттеледі. Алайда тұрғындар мен ПИК төрағалары арасында ауызбіршілік болмай, ауыздағы кетіп жатқан жайттар да  жоқ емес.  

Көп пәтерлі тұрғын үйді немесе үйлер тобын үй-жай иелерінің кооперативтері басқарады. ПИК-тің негізгі міндеті – ортақ мүлік объек­тісінің қалыпты жұмыс істеуі­не қатысты ұйымдастыру шараларын жүргізу. Ауланың тазалығынан бастап, оның күтімі, абаттандырылуы, жертөленің кү­тімі, кіреберістерге ағымдағы не­ме­се күрделі жөндеу жүргізу, үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтардың техникалық күтімі де ПИК қызметінің аясына кіреді. Үйдің қалыпты қызметі коммуналдық қызметтер төлемінің дер кезінде төленуіне де қатысты. Тұрғын үйде (тұрғын ғимаратта) сумен жабдықтауды, кәрізді, газбен, электрмен, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт тасымалын қамтитын қызметтерге төлемақыны ай сайын меншік иелері төлеп тұрады. Одан бөлек, орта есеппен алғанда тұрғын үйдің әр шаршысына 25 теңгеден қаражат тағы жиналады. Бұл ПИК қызметінің өтеуі.

«Тұрғындарды үш санатқа бө­­лу­ге болады» деді, Астана қа­ла­сы «Бәйтерек» пәтер иелері кооперативтері ассоциациясының төрағасы Мизамбек Кенжебаев, – біріншісі ақшасы бар, бірақ мер­зімінде ақшасын төлеп тұруға уақыты жоқтар, екіншілердің ақ­шасы да, уақыты да бар, алайда, ақша төлеуге құлқы жоқтар. Үшіншілер ақшасы жоқ, бірақ уа­қыты бар азаматтар. Олар жағ­дайын айтып, мұрсат сұрайды, ПИК жұмыстарына қатысып тұ­рады. ПИК төрағаларының алдыңғы екеуін іздеп, табанынан тозуға тура келеді».

Әрине, тұрғындар ПИК-тің жұмысына көңілдері толмаса, одан бас тартуға және кондоми­ниум объектісін басқарудың өз­ге нысанын таңдауға құқылы. Қал­тамыздан шыққан қаражат ПИК төрағаларының жалақысы ғана емес, ортақ меншіктің игілігіне жұмсалатыны белгілі. Кейбір төр­аға­лардың қолын сілтеп, «абырой­сыз» жұмыстан өз еркімен кетіп қа­ла­тыны да сондықтан. Ең қиы­ны, тұрғындардың қарапайым тірліктің тәртібін сақтамауында. Кейде екі көрші араздасса да ПИК төрағаларын айдап салатыны бар.

ПИК басқармасы жылына бір рет, тұрғындарға қаржылық есеп беріп тұруы керек. Әдетте, жыл басында атқарылған жұмыстар тұрғындар таразысынан өтіп, көпшіліктің мақұлдауымен қабылданса, келесі жылдың жоспары бекітіледі. Егер ғимаратқа қатысты жөндеу, шам орнату, балалар алаңын жабдықтау, тозған, сынған мүліктерді жөндеуге қажетті қаражатты да тұрғындар санына есептеп, алдын-ала келісуі қажет. Тұрғындар қаражаттың қайда, қалай жұмсалып жатқанынан хабардар болуының маңызы зор. Егер, ПИК басшылығы тұр­ғын­­­дар­ды қасақана адастыруда екен­дігіне негіз болса және пәтер­ иеле­рінің қаражаты тиімсіз пайдаланылып жатқандығы көзге көрініп тұрса, сот органдарына жүгініп, қара­жаттың пайдаланылуы туралы есеп­ті сот тәртібінде талап етуге болады.

Адамның бәрі бірдей емес, кейбір тұрғындар ПИК төрағасын түстеп танымаса, кейбіреулер қолайына жақпаған төрағаның ізіне шам алып түсуден де тартынбайды. Ал ондай кикілжіңнің заңды шешімі бар.

«Тұрғындар бізбен жиі хабарласа­ды. Кейде төраға қызметіне кө­ңіл­­дері толмай жатады. Жағдайды өз­­гертудің бір ғана амалы бар. Егер тұрғындардың 20 пайызының пікірі бір жерден шыққан жағдайда кезектен тыс жиналыс жасай алады. Жиналысқа тұрғындардың кем дегенде 51 пайызы қатысуы қа­жет. Белгілі бір шешім бойынша дауыс бергенде жиналысқа қа­тысушылардың жартысынан көбі оң дауыс бергенде, сол жақтың пай­дасына шешіледі»-дейді Мизамбек Кенжебаев.

Алтау араз болса ауыздағы кетеді, бір үйде тұрып жатқан көршілердің сыйластығы артса, ортақ мүліктің берекесі болар еді. Қалай болғанда да таңдау тұрғындарда.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × one =