Тұрғындар талабы тыңдалды

0 32

Қырық мыңнан астам адам тұратын қаланың «Оңтүстік-шығыс» шағын ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік инфрақұрылым жағынан түйткілдер бар. Бұл аумақта орналасқан №63 мектеп-гимназияны кеңейту мәселесі де туындап отыр. Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевтың осы білім ошағында өткен халыққа есеп беру кездесуінде тұрғындар аудан басшысына аталған мәселелер бойынша базыналарын жеткізді. Әкімнің өзі де аталмыш шағын ауданға қатысты мәселелерді жасырмады. 2019 жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі есебінде мұны да атап өтті.– Алматы ауданында шешімін күтіп отырған бірқатар мәселе бар. Ашығын айтқанда, «Оңтүстік-шығыс» шағын ауданында жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын аумаққа жолдар салынбаған. Әрине, оларды салуымыз керек. Тиісті жоспарды әзірледік. Кейбір көшелер қаланың Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы есебінен салынса, басқаларын жөндеуге аудан бюджетінен қаржы қарастырамыз, – деді Ә.Сәрсембаев.
Оның айтуынша, «Оңтүстік- шығыста» нөсер сулары кәрізінің 19 шақырымы орталық желіге қосылмаған. Сол себептен шағын аудандағы 10 нүктеде үнемі су жиналып, оны сорып алуға тура келеді.
– Бұл проблеманы да шешеміз. Су тасқыны болмайды. Қардың бәрін шығарамыз. Ол жағынан уайымдамаңыздар. Бұған кепілдік беремін, – деген әкім көшелерді жарықтандыру мәселесіне де тоқталды.

№63 МЕКТЕП МӘСЕЛЕСІ

№63 мектеп-гимназия осыдан тура 10 жыл бұрын ашылған. Оқу орны 1200 оқушыға шақталса, қазір мұнда 2670 оқушы білім алып жатыр. Оқушылар саны екі еседен асып кеткеннен кейін біршама түйткіл де туындаған. Мұны әкімге мектеп ұжымы атынан сөз алған мұғалімнің бірі жеткізді.
– Қазір дене шынықтыру сабақтарын өткізуден проблемаларымыз бар. Спорт залы үнемі толып кетеді. Даладағы мектеп алаңы да тозды. Жаз келгенде оны жөндеп берсеңіз. Мүмкін болса, мектеп қоршауын да ауыстырсаңыз. Ол қазіргі заманға сай келмейді, – деді ұстаз.
Ә.Сәрсембаев бұл мәселе әкімдіктің құзырында емес екенін, мектептерді жөндеу мәселесін қалалық Білім басқармасы қарайтынын айтып, кездесуге қатысқан басқарма өкіліне мектеп ұжымына көмек беруді өтінді.


ТҰРҒЫН АЛАПТАРҒА СУ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

«Железнодорожный» тұрғын алабының халқы Алматы ауданы әкімінің жұмысына риза. Осы уақытқа дейін бұл елді мекенде біршама іс атқарылған екен. Тұрғын алапты дамыту жағынан да жақсы жоспарлар бар. Шағын бақ салынып, жылы аялдама орнатылды. №29 орта мектеп маңында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталғалы жатыр. Кеше осының бәрі аталмыш мектепте өткен Әділбек Сәрсембаевтың есебінде айтылды. Бұл кездесуге аудан аумағындағы «Промышленный», «Күйгенжар», «Интернациональный» тұрғын алаптары тұрғындары да шақырылды. Есепке қатысқандарға әкім мәселелер туындағанда хабарласуға ұялы телефон нөмірін де берді.
Бірақ түйткілдер мүлдем жоқ деп айтуға болмайды. Әкім баяндамасында соны да атап өтті.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІККЕ ШАҒЫМ КӨП

Бұл кездесуде тұрғындардың көбісі қоғамдық көлік жұмысына шағымданды. Олардың айтуынша, №22 бағдарды сағаттап күтуге тура келеді. «Мичурин» тұрғыны Қасым Айтжанов №80 бағдар туралы да соны айтып, өзі тұратын кентке осы автобус қана баратынын жеткізіп, №29 бағдарды тұрғын алапқа дейін созуды сұрады.
Ә.Сәрсембаев iKomek-ке келіп түсетін шағымдардың басым бөлігі қоғамдық көлік жұмысына қатыс­ты болатынын айтып, «Астана LRT» өкілінен қойылған сұрақтар бойынша мәселені анықтады.
Расымен, кенттерге автобустардың қатынасы нашар екен. Қала әкімдігі 100 электроавтобус сатып алғаны белгілі. Көктемде қалада осындай автобустар көбейеді. «Астана LRT» өкілі сонда тұрғын алаптарға қатынайтын автобустар санын көбейту мәселесін қарауға уәде берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − six =