Тұрғындар талабы тұрақты назарда

0 123

Қым-қуыт қала тіршілігінде қордаланған мәселелер жетерлік. Тұрғындардың кем-кетікті айтып, толғандырған сұрақтарын қоюын қала дамуына үн қосу ретінде қабылдауға болады. Өйткені сайлаушылардың осындай сын-ескертпелері  округтегі кейбір жиналып қалған мәселелерді кезең-кезеңімен жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді.

01

Қала игілігі үшін жұмыс істей­­тін елордалық депутаттар тұрғындардың үніне қашан да құлақ түре жүреді. Ол үшін мәслихат депутаттары өз сайлау учаскелерінде жоспар бойынша қоғамдық қабылдаулар өткізеді.
Жыл басынан бері №9 сайлау округінде бірнеше қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, жұртты қандай мәселе мазалайтынына мән бердік. «Көктал-1», «Көктал-2» және «Лесозавод» пен «Промзона» тұрғын алаптарын қамтитын бұл аймақта астаналықтар негізінен жол сапасы, жолаушылар көлігі және жарық мәселелеріне көңілдері толмайтындарын жеткізеді. Ыза судың салдарынан бұл жақтың жолдары жиі-жиі жөндеуді қажет етеді.
Тұрғындармен кездесулер барысында «Лесозавод» халқының көбі теміржолдан өту әжептәуір қиындық туғыза­тынын айтады. Сондай-ақ, «Көк­тал-2» мөлтек ауданында учаскелік полицейдің жоқтығы да айтылған болатын. Астана қаласы ІІБ департаменті басшысына жолданған депутаттық сауалдың арқасында бұл сұрақ жедел түрде оң шешімін тап­қанын айтқым келеді. Сол үшін Астана қаласы ІІБ департаменті басшысына алғысымды білдіремін.
Әрине, Астана бүгінде үлкен мегаполиске айналды. «Патша ауған жаққа бақ ауады» дегендей, қазіргі таңда ішкі миграция мәселесі де жоғары деңгейде тұр. Астана қаласына келген әрбір отандасымыз «маған әкім не береді, Астана не береді» деместен, есесіне «мен осы Астананың дамуына не берем, қандай үлес қосам» деп келсе, игі болар еді.
Сонымен қатар, әлеуметтік мәсе­лелермен жүгінетін жұрттар да жетерлік. Олардың ішінде, әрине, баспана жайы да сөз болады. Мысалы, тұрғын үйдің кезегін жылжыту, жеке меншік үй салу үшін жер телімін алуға жәрдем сұрау және мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға материал­дық көмек көрсету сияқты. Олар­ға қолдан келгенше қарасып, мүмкін болса мәселесін шешіп берудеміз.
Біздің округте тұратын арда­герлердің жағдайы – ұдайы назарда. Оларға көмек қолы созылып, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды.
Қоғамдық қабылдау кезінде екі қолға бір күрек іздеген жандар да кездеседі. Олардың ішінде түрлі кәсіпке икемі бар тұрғындар да бар. Жақында ғана қалалық ұстаздардың тамыз конференциясында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев биыл кәсіптік-техникалық мамандықтарға, соның ішінде жұмысшы ма­ман­дықтарын дайындауға асымдық берілетінін айтты. Осы бағытта жұмысшы маман­дықтарға мемлекеттік тапсырыспен орындар да бөлінбек. Бұл да өз кезегінде қаладағы жұмыссыздық мәселесін шешуге үлкен себеп болатыны сөзсіз. Сонымен қатар, мектептерде жастарды кәсіпке бейімдеумен бірге, колледждерде еңбек нарығында сұранысқа жоғары жаңадан 5 мамандық ашылатынын айтқан еді. Өзім осы салада қызмет атқарғандықтан, бұл оң өзгерістерді қолдап, қуаттауға әрқашан дайынмын. Өйткені бүгінде қаламызда кәсіптік мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан қо­ғамда осындай мамандардың мәртебесін көтеру үшін жұмыс­тар жасалуы керек.
Әрине, округтегі сайлаушылар көтер­ген өзекті мәселелердің бәрі де ескерусіз қалмайды. Ал­қа­лы жиында талқыланып, қарастырылып, алдағы уақытта біртіндеп шешімін табады деп ойлаймын.

Зулфухар ГАИПОВ,
№9 сайлау округінің депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + sixteen =