Тұрғындар сауалына жауап берілді

Нұр-Сұлтан қаласы­ның әкімі Алтай КӨЛГІНОВ елорданың карантин жағдайындағы ахуалы бойынша онлайн брифинг өткізді. Қала тіршілігі жөнінде жалпы мәліметтер беріп, тұрғындарды толғандыр­ған сұрақ­тарға да жауап берді

0 29

Дәрі-дәрмек саудасын мобильді топ қатаң қадағалайды

Дәріханалар бағаны шектен тыс көтергені белгілі болса, 109 нөміріне шағымдануға болады.
– Дәрі-дәрмек бойынша көптеген шағым түсуде. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша мобильді топ құрдық. Елордалық құқық қорғау органдары, полицейлер мен прокуратура және басқа да мемлекеттік органдар дәрі-дәрмекті алып-сату жағдайын болдырмау мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар егер дәріханаларда шектен тыс бағаны көтеру сияқты жағдайды байқаған болса, тұрғындарға iKomek 109 арқылы да хабарласуға болады. 109 нөміріне келіп түскен ақпарат бойынша мобильдік тексеріс жүргізеді. Бұл жөнінде тіркелген деректер де бар. Бұған дейін дәріханалардан дәрілерді өте көп мөлшерде сатып алып кеткендер болған. Енді мұндайға жол бермес үшін дәріханалармен бір адамға дәріні шектеулі мөлшерде ғана сату жөнінде келістік, – деді елорда әкімі.

Заңсыз дәрі-дәрмек сатқандар жазаланады

Дәрі-дәрмекті заңсыз сату бойынша 8 адам ұсталып, 1 адам жауапкершілікке тартылды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша дәріханалардағы бағаны бақылайтын елордада 4 мобильді топ құрылып, жұмыс жүргізіп жатыр. Екі күн ішінде 15 дерек тіркелген. 8 азаматтың заңсыз дәрі сатумен айналысқаны анықталған. Оның бірі жауапкершілікке тартылды. Қалғандарының ісі бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, дәрі-дәрмектер тек заңды дистрибьюторлар арқылы ғана саудалануы тиіс. Яғни алыпсатарлардың көлеңкелі кәсіппен айналысуына жол берілмейді. Сонымен қатар дәріханаларда да бір адамға шектеулі мөлшерде ғана дәрі сатылады. Өйткені бір адамдар ауыр­маса да, дәріні сақтану үшін алдын ала алып қоюы мүмкін. Ал енді бір адамдар шын мұқтаж болып, қажетті дәрі таба алмауы мүмкін. Сондықтан бұл жағдай қатаң бақылауда болады, – деді шаһар басшысы Алтай Көлгінов.

Дәрігерлерді қолдауға 4 млрд теңге бөлінді

– Тұтастай алғанда, коронавируспен күрес бойынша орталық мемлекеттік органдармен, денсау­лық сақтау және жергілікті атқарушы органдармен бірге мемлекет ауқымды, жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Дәрігерлерді материал­дық-техникалық қамтамасыз ету бойынша, жалақы мен үстемеақы туралы айтпағанда, жергілікті бюджеттен шамамен 4 млрд теңге бөлінді. Осыған дейін айтып өткенімдей, сыйақы мен төлемдер бойынша бөлінген қаржы 3 млрд теңгеден асады, – деді Алтай Көлгінов.

Диплом алған түлектер дәрігерлерге көмектеседі

Елорда әкімі онлайн брифингте медициналық мамандықты тәмамдаған биылғы түлектердің жұмысқа жұмылдырылып жатқанын айтты.
– Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, медициналық мамандарды ынталандыруды жалғастырудамыз. Карантин басталғаннан бері мамандарға жалақыдан бөлек, 3 миллиард теңге сыйақы жәрдемақы ретінде берілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Бұған дейін медицина қыз­меткерлеріне қонақүйлерден орын берсек, бұл жолғы эпидемиологиялық жағдайға байланысты санитарлық дәрігерлердің нұсқаулығы бойынша мамандардың барлығын бір жерге топтастыру қауіпті деп танылғандықтан, бұл тәжірибені уақытша тоқтаттық. Бірақ дәрігерлерге тиісті көмек беріліп, карантин кезінде қоғамдық көлік қызмет көрсетуде. Қазіргі уақытта 3,5 мың дәрігер мен 8 мыңға жуық медбике қызмет атқаруда. Әрине, қала халқының саны 1,2 миллион болғандықтан, дәрігерлерге үлкен салмақ түсіп жатыр. Сондықтан медициналық оқыту ұйымдарымен және Денсаулық сақтау министр­лігімен бірге жоспар бекіттік. Сол жоспарға сәйкес, медициналық колледжді биыл бітірген түлектер арнайы медициналық оқыту ұйымдарынан дайындықтан өтіп, дәрігерлерге көмектесуді бастап кетті. Сонымен қатар 15 шілдеден бастап медициналық академия түлектерін жұмысқа жұмылдыратын боламыз, – деді Алтай Көлгінов.

Коронавирустан қайтыс болғандарға арнайы зират қажет емес

Қала басшысы коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеу мәселесін түсіндіріп берді.
– Денсаулық сақтау министрлігінің, еліміздің бас санитарлық дәрігерінің шешіміне сәйкес коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарға арнайы зират қажет емес. Жерлеу кезінде санитарлық нормалар толықтай сақталуы керек. Бұған қоса, арнайы санитарлық жұмыстары бар. Өзгелермен қатар жерленеді, – деді елорда әкімі.

Карантин ұзартылуы мүмкін бе?

– Әрине, ол тек сіз бен бізге байланысты. Егер санитарлық талапты қатаң сақтасақ, карантин уақыты ұзартылмайды. Ол бізге де қажет емес. Бизнеске де тиімсіз. Себебі өткен жолғы карантин кезінде барлық жұмыс тоқтағандықтан, мемлекетке едәуір шығын келді. Қала бюджеті 60 миллиард теңгеден қағылды. Бизнесмендер тарапынан салық та уақытша тоқтатылғандықтан, қазынаға түсетін қаржы азайды. Жалпы, карантин барлық салаға тиімсіз. Бірақ эпидахуалды жақсарту үшін бұл шара қажет. Өткен жолғы карантин кезінде жұртшылық санитарлық талапты қатаң сақтағанның арқасында жағдай жақсара бастаған. Алайда 11 мамырдан бастап төтенше жағдай режимі алынып, карантин нормаларына жеңілдік енгізілгеннен кейін азаматтардың басым көпшілігі бұрынғыдай сақтануды ұмытып кетті. Сондықтан инфекция жұқтырғандар қатары күрт өсіп, осы жолғы карантинді енгізуге мәжбүр болып отырмыз. Дегенмен бұл жолы ашық базарлар мен мейрамханалардың ашық аспан астындағы қызмет көрсететін тамақтану орталықтарына рұқсат берілді. Өйткені үлкен қала болғандықтан, оған сұраныс бар. Сол сияқты көшеде 3 адамға дейін жүруге болады. Тек медициналық бетперде тағып жүруге міндетті. Жалпы, жұртшылықты санитарлық талапты сақтауға шақырамыз. Егер эпид­ахуал тұрақталса, карантин уақыты әрі қарай созылмайды, – деді Алтай Көлгінов.

Автобустар әзірге жүрмейді

Қоғамдық көлік қозғалысы мен балабақшалардағы кезекші топтардың және моншалардың жұмысы туралы сұраққа былайша жауап берді:
– Қоғамдық көліктер инфекция жұқтыру қаупі жоғары орта болғандықтан, карантин кезінде уақытша тоқтатылды. Естеріңізде болса, бұдан бұрын жүргізушінің вирус жұқтырып, автопарктардың мамандары және жолаушылар арасында да дертке шалдыққандар анықталған болатын. Жалпы, еліміздегі төтенше жағдай енгізілгенге дейін елорданың қоғамдық көліктерінде күнделікті 700 мың жолаушы жүретін. ТЖ режимі аяқталғаннан кейін автобустар біртіндеп іске қосылып, қоғамдық көлік қозғалысының уақыты да тиісінше ұзартылып отырды. Алайда біз азаматтардың денсаулығы, қауіпсіздігі үшін қоғамдық көлікті тағы да уақытша тоқтата тұруды жөн көрдік. Оның қашан қайта іске қосылатыны әзірге белгісіз. Эпидахуалға байланысты болады, – деді қала басшысы.
Сондай-ақ қала басшысы қоғамдық моншалардың карантин кезінде жабылатынын айтты.
– Балабақшалар да – вирус таралуы мүмкін орталардың бірі. Сондықтан тәрбиешілер мен балалардың қауіпсіздігі үшін балабақшалардың да жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге уақытша жұмысынан босаған мамандардың жағдайын қарастырдық. Жұмыс берушілерге мамандарын ең төменгі жалақымен қамтамасыз етуді қарастыруын сұрадық. Сонымен қатар жұмыс берушілер мекеменің жұмысы уақытша тоқтаған уақытта мамандарын ақылы еңбек демалысына жіберу сияқты нұсқаларды қолданатын болады, – деді А.Көлгінов.

Жедел жәрдем жұмысы жеңілдетілді

– Жедел жәрдем жұмысына жүктеме артты. Соған орай бригадалардың саны да көбейтілді. Бұрын 110 бригада болса, 50-ге жуық бригада қосылды. Сонымен қатар 103 нөміріне қоңырау шалушылар мен жедел жәрдем шақырушылар саны еселеп өсті. Мысалы, бұрын күнделікті тәулігіне 2-2,5 мың қоңырау түссе, қазір 4300-ге дейін артты. Осыған байланыс­ты жедел медициналық жәрдем стансасы жанынан іс-әрекет орталығы ашылып, қосымша нөмір белгіленді. «Damumed» мобильді қосымшасы бар. Осы арқылы азаматтарға телемедицина арқылы дәрігерлер бейнежазбамен кеңес береді. Жалпы, осы жұмыстардың нәтижесінде қазіргі уақытта жедел жәрдем жұмысының жүктемесі біраз жеңілдетілді. Тұрғындар да жағдайға түсіністікпен қарап, қосымша қарастырылған ресурстарды пайдалануда. 31 ұйым азаматтарға бейнежазба арқылы кеңес беретін болды. Оның 19-ы бүгінде іске қосылды. Сол сияқты телеграм бот арқылы да кеңес беріледі. Бұл медициналық қызметкерлердің көмекші құралына айналды, – деді елорда әкімі.

Күн сайын 2500-5000 тест тапсырылады

Жиын барысында Алтай Көлгінов коронавирус инфекциясын анықтайтын тестті соңғы уақытта қанша адам тапсырғаны туралы сауалға жауап берді.
– Бәрі тест тапсыруға түсетін өтінішке байланысты. Коронавирустың өршіп тұрған шағында 4900-5000-ға тарта тест тапсырылды. Қазір күніне 2500-ден басталып, 4500-5000-ға дейін жетеді. Соңғы 2-3 күнде жүктеме азай­ды. Бірақ бұған қарамастан лаборатория санын арттырып, дәрігерлерімізді үйретіп жатырмыз. Біз бұдан да көп жағдайға дайын болуымыз керек, – дейді А.Көлгінов.
Әкім карантин басындағы және қазіргі лаборатория саны туралы мәлімет келтіріп өтті.
– Біз қосымша лабораториялар сатып алдық. Карантин басында бір ғана лабораториямен жұмыс істеген болсақ, қазір олардың саны 8-ге жетті. Әрі қарай да арттыра береміз. Бізге мемлекеттен бөлек, меценаттар, ­Б.Өтемұратұлы қоры көмектесті. Сол сияқты «Самұрық-Қазына» қосымша лаборатория сатып алуға жәрдем беріп жатыр. Карантин басында 300 тест қабылдаған болатынбыз. Ол кезде көршілес өңірлердің көмегіне жүгінгенбіз. Себебі жүктеме көп болатын. Қазір тәулігіне 5000 тест қабылдап жатырмыз. Бұл көрсеткішті әрі қарай да арттыра береміз, – деді әкім.
Айта кетейік, шаһар әкімі осыған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған 1000-нан астам аппаратқа тапсырыс берілгенін хабарлаған болатын.

Адамдар емделіп шығып жатыр

– Ресми мәліметтерге сәйкес, 5894 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталған болса, оның 1224-інде пневмония табылды. Күніне 250-300 адам инфекция жұқтыратын болса, осынша адам сол күні емделіп шығады. Бұл – біздің дәрігерлеріміздің үлкен жұмысы, – деді әкім.
Айта кетейік, Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова пневмониямен ауырғандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға артқанын мәлім еткен болатын.

Науқастарға қажет 1000-нан аса аппарат сатып алынады

– Біз қосымша медициналық құрал-жабдықтар аламыз. Қазір 200 ИВЛ аппаратына, 500 флоуметр (оттегі концентратына арналған), 500 оттегі концентратына тапсырыс бердік. Сол сияқты 2 компьютерлік томография­ға да тапсырыс жіберілді. Компьютерлік томографияға түсетін жүктемені тепе-тең бөлу үшін астанадағы барлық республикалық және жекеменшік клиникаларды жұмылдырдық, – деді қала басшысы.
Пневмонияны бастапқы кезеңінде анықтау үшін айтылған клиникалардың бәрі үздіксіз жұмыс істеп тұрады. Айта кетейік, Алтай Көлгінов осыған дейін 13 стационар ашылып, онда 3700-ден астам орын қарастырылғанын мәлімдеген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 3 =