Тұрғындар неге наразы?

0 23

Елорданың Есіл ауданындағы Мәңгілік ел және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары жылу құнының қымбаттығына наразы. Олар егер автономды жылыту жүйесінің бағасы төмендемесе, қала әкімдігінің алдына барудан басқа амалымыз жоқ дейді.

Жұрттың айтуынша, тұрғын үй кешеніндегі жылу бағасы қаладағы орташа тарифтен 7-8 есе жоғары. Сондықтан табыстарының едәуір бөлігін коммуналдық қызмет төлемі жұтып қояды. Бұл үйлерді пайдалануға бергелі 5-6 жылдың жүзі болыпты.
Алғашында «Жасыл белдеу» іргесіне көшіп келгендер қатты қуанған еді. Алайда 2019 жылы жағдай күрт өзгеріп, автономды жылыту жүйесінің бағасы шарықтап кетті. Шаршы метрі үшін шамамен 500 теңгеге дейін барады.
– Енді болмаса, біз Есіл ауданы әкімдігінің алдына шығамыз. Мен зейнеткермін. Жұмыс істейтін жалғыз жолдасым. Ол да 1-2 жылда зейнеткерлікке шығады. Сонда бізді кім асырайды? Тапқан табысымыздың бәрі жылуға кетіп жатса. Тамағымыз қайда қалады біздің?! – дейді қала тұрғыны Шолпан Жұматаева.
Зейнеткер Хайролла Егінбаевтың 1 бөлмелі пәтері бар. Ауданы – 33 шаршы метр. Тек жылудың өзіне ай сайын шамамен 27 мың теңге төлейді. Жаз мезгілінде ыстық су бағасы жоғары. Коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлеп тұрсам да, айыппұл келе береді дейді ол.
– Маған тек жылуға 26 мың 361 теңге келіп тұр. Басқасы бөлек. Барлығын қосқанда – 41 мың 394 теңге 55 тиын. Бұл не деген сұмдық? – деді Хайролла Егінбаев.
Қымбатшылық себебін білу үшін тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетуші еншілес компанияға хабарластық. Қызмет көрсетуші компания­ның директоры Анатолий Постников мән-жайды былай түсіндірді:
– Жылуға кететін шығынды біздің компания алғашқы жылдары 50 пайыз, кейін 30 пайыз көлемінде демеу­қаржы есебінен жауып келді. 2019 жылдың мамыр айында демеуқаржы бөлу тоқтатылып, тұрғын үйлер мен 4 қазандық кондоминиумға, яғни тұрғындардың ортақ меншігіне тапсырылды. Қазіргі таңда компаниямыз тек операторлық қызмет атқарады, – деді ол.
Сондай-ақ үйлерді жылыту үшін сұйытылған газды «Жігергаз» ЖШС-нан тоннасын 95-120 мың теңгеге сатып алатын көрінеді. Құны әр мезгілде ауа райына және нарықтағы бағаға байланысты өзгеріп отырады.
Анатолий Постниковтың айтуынша, коммуналдық қызмет ақысына газ құнымен қатар, отынды жеткізу және қазандықтардың жұмысын қадағалау бағасы да кіреді. Сонымен қатар, тұрғындардың жалпы 26 млн теңгеден астам қарызы бар.
– Кез келген тұрғын үй кешенінде коммуналдық қызмет ақысын уақытылы төлейтіндер мен төлемейтіндер бар. Өкінішке қарай, соңғыларының кесірінен алғашқылары зардап шегеді. Мұнда да сол жағдай. Біздің компания оператор болғалы пайдаға кенеліп жатыр деп айта алмаймын. Егер қазіргі ахуал тұрғындардың көңілінен шықпай жатса, биылғы жылыту маусымынан кейін тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетуден бас тартуымыз мүмкін, – деді Анатолий Постников.
Белсенділердің айтуынша, компания құжат жүзінде табиғи монополиялар реестрінде болмағанымен, іс жүзінде монополистік әрекетке баруда. Мәселен, жеке қазандығы жоқ Е-652 көшесіндегі 10, 14, 16 және Е-319 көшесіндегі 2Б тұрғын үйлерін қазандығы бар үйлердің жүйесіне қосқан. Осы жағдай бойынша іс сот қарауына жолданды. Нәтижесінде тұрғындар пайдасына шешіліп, қызмет көрсетуші компанияға 11 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бірақ қарсы тарап сот шешіміне аппеля­циялық шағым жолдады.
Сондай-ақ тұрғындар даулы төрт қазандықты қала балансына өткізу туралы Есіл ауданы әкімдігіне өтініш жазған. Ондағылар заң бойынша мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын қаланың коммуналдық меншігіндегі, әлеуметтік саладағы және мемлекеттік тұрғын үй қорындағы нысандардың автономдық қазандықтарын ғана өз бақылауына ала алады деп жауап берген.
– Бізде жалпы қаланың даму схемасы бойынша жылу беру жүйесінің екі түрі бар. Бұл – орталықтандырылған жылу жүйесін қамтитын аумақ және де оған кірмеген аумақ. Біз газдандыру жүйесі бойынша, яғни бес әлеуметтік бастама бойынша газ кіргізу жобасын қолға алдық. Аталған даулы тұрғын алаптардың қазандықтары газдандырудың екінші кезеңіне кіреді. Олар шамамен маусым айы кезінде мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, артынша оның қорытындысы беріледі, – деді қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.
Одан кейін мердігерді анықтау бойынша конкурс жарияланады. Аталған жұмыс 2022-2023 жылдарға дейін жоспарланған. Бірінші тоқсанда сұйытылған газдың елдегі орташа құны тоннасы үшін шамамен 39 мың теңге болуы тиіс. Бұл бағаны былтыр жыл соңында Энергетика министрлігі бекіткен еді. Алайда 1 наурыздан бастап сұйық газ бағасын реттеу уақытша тоқтатылғанын ескерсек, автономды жылыту құнының алда қалай өзгерерін болжаудың өзі қиын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six − five =