Тұрғындар белсенділік танытты

0 67

Кезекті есеп беру Есіл ауданында жалғасты. Аудан әкімі Берік Жәкенов өткен жылдың жұмыстарын қорытындылады.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов індет жағдайына байланысты халықпен кездесулердің көпшілігі онлайн өткізілетінін, дегенмен офлайн-кездесу де ұмыт қалмағанын айтты. Шаһар басшысы екі күн бұрын ауданның 60 шақты белсенділерімен жүзбе-жүз кездесіп, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдаған. Жалпы өткен есептік кездесулерде аудан әкіміне тұрғындардан 190 сұрақ келіп түскен.
Берік Оралұлы қорытынды баяндамасында өңірдің экономикалық қырына назар аударды.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана ауданды шенеуніктер қалашығы деп атайтын, бірақ кейінгі кезде біздің аумақта бизнес субъектілері көптеп шоғырлана бастаған. Қазіргі кезде ауданда 38017 заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер тіркелген. Оның 33103 бірлігі белсенді жұмыс істеп жатыр. Былтыр ШОБ субъектілерінен бюджетке 187 млрд 379 млн 507 мың теңге салық түсімдері жиналды, – деді ол.
Есепті кезең ішінде аудан кәсіпорындарының негізгі капиталына 776831,6 млн теңге инвестиция салынды. Құрылыс жұмыстарының ауқымы 283 млрд теңгені құрады. Жеке кәсіпкерлер мен «Astana» ӘКК» АҚ арасында «Көше саудасына – 1000 орын» жобасы аясында 113 шарт бекітілді.
Қорытынды кездесуде де тұрғындар тарапынан көп сұрақтар қойылды. Нұрбек Әлімбеков сауалын былай деп сабақтады:
– «Номад», «Сармат», «Инфинити-1», «Инфинити-2» ТК тұрғындары Сығанақ көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы қиылысқан тұста «Поколение» ТК салынып жатқанына наразы. Өйткені осы орамда орналасқан №59 орта мектепте оқушы саны онсыз да шамадан тыс көп. Егер аталған құрылыс салынатын болса, жағдай тіпті ушығып кетеді, – деп алаңдаушылық білдірді.
Бұл сауалға Алтай Көлгіновтің өзі жауап берді.
– Иә, №59 мектеп 2400 балаға арналғанмен, онда үш ауысымда 4300 оқушы оқиды. Жаңа құрылыс салынатын болғанда біз осы жағдайды ескердік. Сіз айтып отырған бос кеңістік жекенің иелігінде және қаланың бас жоспарында ол учаскеге мектеп салу қарастырылмаған. Оның үстіне бұл учаске 2006 жылдан бері бірнеше қолдан өткен. Қазір біз жер иесімен келісіп, осы тұсқа тұрғын үй кешенінен бөлек, №59 мектеп жанынан 600 орындық ғимарат салатын болдық. Сондай-ақ оның маңайынан адамдар демалатын гүл бағы мен Оқушылар сарайы бой көтеретін болады, – деді қала әкімі.
Оның айтуынша, 2019 жылы қалада үш ауысыммен оқытатын 8 мектеп болса, 2020 жылы олардың саны 4-ке дейін шегерілген. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Сөйтіп жақын уақытта үш ауысыммен оқыту мәселесі толық шешілетін болады.
Құралай Бекішева «Шығыс»ТК-нің 1а, 1в, 2а, 2в, 3а, 3б корпустары қашан салынып бітетінін сұрады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов астанадағы ең проблемалы нысандардың бірі осы «Шығыс» ТК екенін айтты. Дегенмен қазіргі кезде жосықсыз мердігер ауыстырылған, Үкіметтен құрылысқа қажетті қаржы бөлінген, барлық жұмыстар жыл соңына дейін аяқталатын болыпты.
Айта кетейік, 2018 жылы қалада 52 проблемалы тұрғын үй кешендері бар-тын, 2019 жылы оның саны 10 үйге қысқарды, 2020 жылы тағы 20 үйдің құрылысы аяқталды, әлі 22 проблемалы үй қалып отыр. Сондықтан бұл бағытта да жүйелі іс-шаралар жүргізіліп отырғанын, жылдан-жылға күрмеулі мәселелер шешіліп жатқанын көреміз.
Аяулым Алмас мемлекеттік бағдарламамен салынған №496 көшеде 10, 10/1, 10/2 үйлердің айналасы толық абаттандырылмағанын, орамда балалар ойнайтын алаңның жоқ екенін жеткізді.
– Бұл үйлер былтыр пайдалануға берілді. Біз арнайы комиссиямен барып ол жерде қандай нысандар жетпей жатқанын көзімізбен көрейік, нақты шешімді сол кезде қабылдаймыз, – деді аудан әкімі Б.Жәкенов.
Қала басшысы Алтай Көлгінов Есіл ауданының есепті кездесулерінде топ-5 сұрақтар интернет байланысына, абаттандыруға, санитарлық тазалыққа, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына және денсаулық саласына қатысты болғанын жеткізді. Оның ішінен өзіне 27 сұрақты жекелей жазып алғанын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + 1 =