ТҰРҒЫН ҮЙ ТҮЙТКІЛДЕРІ

0 100

Мәслихаттың мәжіліс залында «Елорданың тұрғын үй құрылысының жай-күйі мен оны дамыту болашақтары туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мәслихат депутаттары өткен аптада бірқатар тұрғын үй құрылысы нысандарын аралап, негізгі түйткілдермен көзбе көз танысып қайтқан еді. Сол шешімі табылмаған көп мәселені енді көптің талқысына салып, олардың түбегейлі дұрыс шешім табуын бірлесе ойластыру қажеттігін баса айтты.

Мәслихат хатшысы Сансызбай Есіловтің айтуынша, мәселе шаш-етектен. Төбеден түсіп жатқан үй қаптайтын керамограниттер, жетімсіз күйде тапсырылатын инфрақұрылымдар, инженерлік желілердің іске алғысыз ахуалы әрбір астаналық тұрғынның көкейінде жүрген күрделі мәселе екендігі бүгінгі таңның ақиқаты.

Дөңгелек үстелде өрбіген әңгімеге бірқатар ПИК жетекшілері араласты. Сол жағалаудағы өзі қызмет көрсететін үйлердің жалпы сапасыздығына жете тоқталған Рысгүл Тілепова мемлекеттік органдардың құрылысшылар жұмысының нәтижесін қатаң тексеруін өтінді. Жобалаушылардың үй салу кезінде жіберетін өрескел қателіктері салдарынан туындайтын келеңсіздіктерге үйге әупірімдеп қол жеткізетін тұрғындар наразылығы қара қазандай. Айналып кеп жауапкершілік кімге артылуы тиіс деген сауал туындайды. Осындай текетірес елорданың көптеген ПИК басында бар қиналыс. Жылу құбырларын пәтер ішінен емес, кіреберіс дәліздерінде орналастыру, ленинградтық жылу тарату жүйесінің ұтымсыздығы, келешектегі үйлерге әлдеқайда тиімді жылу тарату жүйесін қолдануды ойластыру қажеттіліктері айтылды.

Жалпы, дөңгелек үстел барысында Астана қаласы Құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Нұрбол Нұрсағатов біршама сандық деректер келтірді. Алайда сан мен сапаның үйлеспеуі қабырға қайыстырып, көңілге кірбің ұялататын түйткілге айналғанын мәслихаттың келесі сессиясында жете зерделемек болып шешті халық қалаулылары. Жиынға қатысып, айтылған мәселенің барлығын қырағы назарында ұстап, ойына түйіп жүрген Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун алдағы уақытта жіберілген кемшіліктерді түзеудің, келешекте болдырмаудың, оларды заңды түрде шешу жолдарын қарастыру қолға алынғанын айтты.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 10 =