«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрғын үй тез тозбасын десеңіз…

0 104

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының талаптарына және Ұлттық экономика министрі бекіткен «Кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күтіп-ұстау қағидаларына» сәйкес, Астанадағы Ж.Жи­рентаев көшесі, 10-үйдегі пәтерлер мен жеке кәсіпкерлерге тиесілі жайлар иелерінің 2014 жылғы қыркүйекте өткен жиналысының шешімі бойынша кондоминиум құрылып, белгіленген тәртіп бойынша қалалық Әділет басқармасына тіркелген болатын.

Кондоминиумның тиімділігі көп

Алғашқы уақытта меншік иелері арасынан ынталы топ құрылып (құрамы 7 кісі – 3 дәлізден 2 адамнан және топ жетекшісі), тұрғындарға жоғарыда аталған заңнамаларды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ол үшін тиісті актілердің қажетті баптары мен ережелерінің қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалары қағазға басылып, әр үйге таратылды. Дәліздерде орнатылған ақпарат тақталарына қысқаша хабарландырулар ілінеді. Нәтижесінде қойылатын талаптарға барлық пәтер иелері мен жеке кәсіпкерлердің басым көпшілігі түсіністік танытты. Дегенмен арасында қарсы болып, уақытында ақшасын төлемейтін меншік иелері де кездесті. Ондайлар әлі де бар (5-7 меншік иесі). Қолданыс­тағы заңнамалық актілердің талаптарына сәйкес, меншік иелерінің дауыс беру кворумы (60 пайыздан артық) бар болғандықтан, күн тәртібіндегі мәселелерді бірігіп шешуге тырысып отырамыз. Сол кезде жалданған басқарушы компания арқылы екінші деңгейдегі банктердің бірінде кондоминиумның дербес есеп-шоты ашылды. Бір шаршы метрге төленетін ай сайынғы жинақтау жарнасының мөлшері жоғарыда аталған заңға сәйкес, ең төменгі есептік көрсеткіштің 0,02 есесін құрайды.
Біздің үй 2004 жылы ғана пайдалануға берілгеніне қарамастан, құрылыс жұмыс­тарының сапасыздығынан сол кездің өзінде-ақ жағдайы нашар болды. Атап айтқанда, жертөледегі су мен кәріз құбырлары бұрын пайдалануда болғандықтан, тез тоза бастады, тесілген, жарылған тұстары көбейді, қалдық су мен жағымсыз иіс жиналатын болды. Үйдің төбесіндегі жабын материалдарының жылдам тозуынан жоғары қабаттағы кейбір пәтерлердің төбесінен су аға бастады. Тозығы жеткендіктен, дәліздердегі ағаш терезелер мен есіктердің ашылып-жабылуы қиындап (сапасыздығы мен дұрыс орнатылмауынан), оларды ауыстыру қажет болды. Ішіндегі бояулар мен сырлар, кей жерлердің сылақтары түсе бастады. Қабаттар арасындағы және есік алдындағы жарық көздерінің істен шығуы, лифтілердің тоқтап қалуы жиіледі. Есік алдындағы асфальт та тозды. Бір сөзбен айтқанда, үйге күрделі жөндеу жүргізу қажет екеніне тұрғындар да көз жеткізді.
Алғашқы жылы (2015) жиналған ақшаға басқарушы компания мамандары жұмыс күшімен жертөледегі ыстық және жылу құбырлары, жылыту жүйесінің крандары толықтай жаңартылды. Кейін жертөле тазартылып, қажетті орындарға бетон төселді. Қазір ол жерде құрғақ әрі жағымсыз иіс жоқ. Терезелері толықтай жаңаға алмастырылған. Қаңғыбас иттер мен мысықтар, көгершіндер кірмес үшін ішкі жағынан тор орнатылған.
Келесі атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі сапасыз істелген төбенің жабын материалдарын ауыстыру, ұшып кеткен, түсіп қалған қаңылтырларды, жаңбыр суы ағатын құбырларды жөндеу болды.
Одан кейін жиналған қаражатқа 3 дәліздің терезелері мен кіреберіс есіктері жаңаланды, ішкі жарық көздері заманауи жарықдиодты, оның ішінде қозғалыс әсерінен жанып-сөнетін шамдарға алмастырылды. Аулаға жарық түсіретін шамды таңдау барысында Атбасар қаласындағы зауыттың сапасы мен ауа райының қолайсыздығына (-40-тан +40 градус айырмашылығы) төзімді жарықдиодты өнімі таңдалып алынды. Өте жарық, үнемді әрі сырт көзге әдемі, әрқайсысының қуаты – небәрі 50 Вт. Мұның бәрі жалпы үйдің қажеттілігіне жұмсалатын электр мен жылу шығындарын, яғни өзіміз төлейтін жарналардың құнын төмендетті.
Сонымен қатар былтыр үш дәліз ішінде әрлеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, бірінші қабаттардың еденіне жаңа қыш тақтайлар төселді, қалған қабаттарда сынғандары жаңаланды. Үйдің алдыңғы жағындағы іргетасының ернеулерінің опырылып кеткен тұстары қайта құйылды.

Жаңарту жұмыстары жалғасады

«Астанателеком», «Алма-ТВ», «Билайн» секілді компаниялардың басшыларымен келісу нәтижесінде дәліздердегі сым-кабельдерге арналған арналармен қапталып, эстетикалық тұрғыдан оң көрініс тапты. «Домофон» компания­сы сыртқы есіктерді сырлап, ашып-жабу құрылғыларына тиісті жөндеу-ауыстыру жұмыстарын жүргізді.
Бұл жерде бір айта кететін мәселе, тауар мен қызмет көрсетушілерді іздестіру, таңдау, сатып алу, жеткізу сияқты шаруаларға ынталы топ мүшелеріне басқа тұрғындар көмек көрсетеді. Қажеттілік туындаған жағдайда мәселені желідегі ортақ чатқа салып, басқа меншік иелерімен де келісетін, талқылайтын, кейде жазбаша дауысқа салатын кездер болып тұрады.
Есік алдындағы орындарға ағаштар, гүлдер отырғызылып, қарағандылық фирма жасаған әдемі қоршау орнатылды. Тұрғындар мен олардың мүліктеріне қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірінші қабаттарға, лифт кабинасының ішіне және аулаға барлығы 12 бейнебақылау камерасы орнатылды.
Жалпы алғанда, кондоминиум құрылғаннан бері үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу біртіндеп жалғасып келеді. Елеулі шығынды қажет етіп отырған тағы бір шаруа бар. Үшінші дәліздің сыртқы қаптама кірпіштері негізгі қабырғадан бөлініп барады. Мамандандырылған құрылыс компаниясы жасаған зерттеулерге қарағанда, құрылыс барысында қаптауыш материал үйдің негізгі қабырғасына дұрыс байланыстырылмаған. Оны тек қосымша арматура немесе арнайы анкерлер қағу арқылы ғана тоқтатуға болады. Бұл жұмыстар жазғы уақытқа жоспарланып отыр.
Басқарушы компания мен аудан әкімдігінің жауапты бөлімшелеріне жазбаша түрде тапсырыстар беру арқылы есік алдына жаңадан асфальт төселді, ұсқынсыз дүкен-дүңгіршек алынып тасталып, орнына қазіргі заманға сай спорт алаңы, жаттығуға арналған қондырғылар, балалар ойнайтын алаң орнатылды.

Қаржының қайда жұмсалатыны ашық көрсетіледі

Жалпы, жоғарыда көрсе­тілген күрделі жөндеу жұмыстарына кондоминиум құрылғалы пәтер иелерінің кооперативі мен басқарушы компаниялардың пайдалану шығындарына төлейтін жарналарынан бөлек, 7 млн теңгеден аса қаражат жұмсалды. Тағы бір мәселе – ПИК немесе басқарушы компания таңдау­дың қиындығы.
«Басқарушы компания («Жайлы үйлер «Алматы ауданы» ЖШС) не бітіреді, оларға не үшін ақша төлейміз?» дейтіндерге қысқаша түсіндіруге болады. Мысалы, біз пайдалану шығыстарына бүкіл үйден түсетін қаражаттан (шамамен 210000 теңге) басқарушы компания жұмысшылардың (сантехник, электр жөндеуші, үй тазалау­шы, аула сыпырушы, бухгалтер, кассир, техник, инженер және төрағаның) жалақысына қосатын жарна төлейміз. Ол шамамен 50-60 пайызды (120000 тг) құрайды. Одан қалған ақшадан күнделікті пайдаланылатын кеңсе заттары, жұмыс құралдары, қосалқы бөлшектер, банк төлемдері, сақтандыру жарналары секілді шығындарды (40 мың теңгедей) алып тас­тау керек. Барлық пәтер иелерінен ай сайынғы пайдалану шығыстары толық көлемде жиналғанда (ал ондай жағдай ешқашан болмайды, өйткені біреулер демалыста, іссапарда жүреді, ауырып қалады, жалақысы уақытында түспейді, т.б.) басы артық 10-15 мың теңге қалады, бұл ақша да ынталы топтың шешімінсіз басқарушы компанияның басқа үйлердің қажетіне жұмсауына жол берілмейді. Банкте пайдалану шығындары және жинақтаушы жарналар бөлек есеп-шоттарда жиналады. Үш ай сайын ПИК есепшісі ынталы топ жетекшісіне екі есеп-шоттағы ақша айналымы туралы жазбаша есеп береді. Ол WhatsApp желісі арқылы ортақ чатқа салынып, әр дәліздегі ақпарат тақтайшасына ілініп, сол арқылы барлық пәтер иелері танысып отырады. Онда қай пәтер қандай қызмет түрі үшін және қанша ақша қарыз екені де көрсетіледі.
Борышкерлермен жұмыс­ты да ерекше айтып өткен жөн. Бес саусақ бірдей емес. Пәтер иелері де сондай. Қарыздары көп тұрғындарға ынталы топ пен бірге көршілері, оның ішінде жасы үлкен ағалар, үйлеріне барып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тіпті қарсы болатын екі-үш пәтер иелеріне жазбаша ескерту беріліп, заң бо­йынша үш айда себепсіз қарызын жаппаса, сот арқылы өндіріп алуға құқығымыз бар екені ескертілді. Нәтижесіз емес, алдыңғы жылғы қарыз­ға қарағанда былтырғысы аса көп емес және кейбір тұрғындар ай сайын бөліп төлеу арқылы жинақталып қалған қарыздарын жабуда. Бұл жерде бір үйде тұрып, көрші отырып, бір-бірімізбен соттасып жату ешкімге де абырой әпермесін жақсы білеміз. Сондықтан ұрыс-керіске жол бермей, аға­йыншылықпен бір-бірімізді түсінуге тырысамыз.
2018 жылғы сәуір айында аудан әкімдігіне берілген тағы бір өтінішіміз әлі орындалмай отыр. Ол – үйдің Ж.Жи­рентаев және А.Петров көшелері қиылысы тұсында бұрын болған дүңгіршектің орнына бір әдемі, көз тартатын шағын сәулеттік нысан орнату және аталған көшелер жағындағы жолдардың бо­йында бұрын отырғызылған, бірақ өспей, қурап қалған ағаштардың орнына (шамамен 50 түп) жаңа көшеттер отырғызу және арнайы мекеменің оларды уақытында суаруын қадағалау. Жауапты қызметкерлердің уәделеріне қарағанда, өтінішіміз биыл шешімін таппақ.
Сонымен қатар қазіргі уа­қытта ынталы топ үйге қызмет көрсетуші «Лифтстройсервис» ЖШС басшылығымен лифт қондырғыларының техникалық ахуалын тексеру және қажетті жөндеу-ауыс­тыру жұмыстарын жүргізу туралы келіссөздер жүргізуде.
Көп қабатты үйлердегі пәтерлердің меншік иелері өз бастамаларымен кондоминиум құрып, банктегі дербес есеп-шотта келешектегі күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті қаражатты алдын ала жинақтамаса, меншік иелері арасынан ынталы топ құрып, барлық мәселеге өздері кіріспесе, үй тез тозады, тұрғындардың мазасы кетеді, шағым-арыздар, келіспеушіліктер көбейеді. Ал одан үйдің сәні мен көршілер арасындағы қарым-қатынастардың мәні келіспейді.
Күн сайын жайнап, жайқалып, көркейіп келе жатқан елордамызда жайлы да сәнді, таза әрі қолайлы үйде тұрудың өзі бір ғанибет емес пе?!

Талғатбек
МҰХАМЕДИЯРОВ,
Ж.Жирентаев көшесі,
10-үйдің ынталы

топ жетекшісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды