«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрғын үй саясаты: баспана бақыты бұйыра ма?

0 289

Әр қазақтың  арманы – баспаналы болу. Әсіресе, елордаға келіп, осында қызмет істеп, отбасын құрған азаматтардың бар үміті – қала билігінде. Дәл қазіргі уақытта тұрғын үй кезегіне 44 мыңнан астам адам тіркелген. Тек бір жылдың ішінде пәтерге мұқтаж жандардың тізімі 6 мың адамға көбеюде.

БАСПАНА КЕЗЕГІ БАЯУ ЖЫЛЖИДЫ

 Кезегін сарыла күткен тұр­ғындардың пікірі осыған саяды. Дегенмен, қала билігі қабылдаған Астана қаласын дамыту стратегиясында тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға айрықша көңіл бөлінген. Сол сияқты қала дамуының басты межесіне жеткізетін 20 нақты бастаманың ішінде де баспана кезегін 50 пайызға дейін қысқарту қарас­тырылған. Қарапайым тілмен айтқанда, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру арқылы мәселені шешуге ден қойылды. Бұл ретте «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 2017-2021 жылдары 40 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілетінін атап өткен жөн. Осының ішінде бюджет қаржысының есебінен 8 мыңнан астам пәтер, 2300 арендалық, 6 мыңға жуық несиелік пәтер салынады. Қала әкімі Әсет Исекешевтің айтуынша, ол үйлердің әр шаршы метрінің бағасы 220-300 мың теңге аралығында болады. Әрине, бұл пәтерлер, ең алдымен, кезекте тұрған мұқтаж жандарға беріледі. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрғандардың қатарында жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, оралмандар, көп балалы отбасылар, мемлекеттiк және бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылғандар және тағы басқа топтар бар. Сондықтан осы азаматтарды баспанамен қамтамасыз етіп, кезегін жылжыту басты шаруа болмақ.

 АПАТТЫ ҮЙДЕН – ЖАҢА ПӘТЕРГЕ 

Былтыр Астанада бір жыл ішінде пайдалануға берілген үйлердің саны рекордтық көрсеткішке жетіпті. Яғни, 2,36 млн шаршы метр баспана, оның ішінде мемлекеттің қаржы көзі есебінен Астана қаласының әкімдігі 7 тұрғын үй кешенін тұрғызды. Осылайша 1062 отбасы жаңа пәтермен қамтамасыз етілген.
Әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың бірі – апатты тұрғын үйлерде тұратын азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту. Шаһар басшысы Әсет Исекешев жуырда ғана қала тұрғындарымен болған есептік кездесуінде де апатты үйлердің мәселесіне арнайы тоқталды. Өйткені елордада «Апатты үйлерді сүру» жобасының бірінші кезеңі аяқталды.
«Ауқымды жоба аясында 3449 отбасы көшірілді, 228 апатты үйдің 15 мыңға жуық тұрғындары жаңа баспанаға ие болды. Тек өткен жылдың өзінде 111 апатты үйден 1746 отбасы өздерінің жаңа пәтеріне қоныс аударды. Ал қазір Астанада аталмыш жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру басталуда. Ол бойынша 5 жыл ішінде 150 көппәтерлі үйді сүріп тастау жоспарланып отыр» деді әкім.
Айта кетейік, әкімнің атап өткен бұл бағдарламасы – ТМД елдері бойынша ескі үйлерді сүріп тастайтын бірден-бір жалғыз жоба. Оған сәйкес, тұрғындарға жаңа пәтерлер беру бұзып алынатын апатты тұрғын үйлердің орнына аудан көлемдері бойынша тең көлемде (яғни, «шаршысына шаршы») жүзеге асырылады.

 АЛТЫ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙ БОЙ КӨТЕРДІ

Ресми деректерге сүйенсек, еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда елордада құ­рылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тұрғын үй салу жұмыстары мұнымен де бітпейді. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама бо­йынша 1477 пәтерден тұратын 6 көпқабатты тұрғын үй кешені салынады.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, тұрғын үй саласы – әлеуметтік маңызға ие басты мәселенің бірі. 2018 жылы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жалпы ауданы 78,3 мың шаршы метр болатын 1477 пәтерлік тұратын 6 көпқабатты тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы коммуналдық тұрғын үй қорының кезегінде тұрған шамамен 1500 адамды баспанамен қамту көзделіп отыр» дейді Астана әкімі. Оның айтуынша, қазір қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің мемлекеттік-қалалық бағдарламасы
аясында алдағы бес жылда 5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Шамамен 90% жеке инвесторлардың есебінен салынады. Әрине, тұрғындар үшін баспананың қолжетімділігі өте маңызды. Дегенмен, әкімдік коммуникацияны жүргізу есебінен тұрғын үйдің құнын арзандатуға ықпал ететіндіктерін алға тартып отыр.
Сонымен қатар, жаңадан қолға алынған «7-20-50» әлеу­меттік бағдарламасы да бас­пана ипотекасының қолжетімділігін арттырып, тұрғын үй секторындағы жүктемені біршама азайтатыны сөзсіз.

АРЗАН ҮЙ САЛУДЫҢ СТАРТАПЫ

Дәл қазіргі уақытта баспана мәселесі ешкімді бей-жай қалдырмай отыр. Оған дәлел – елордалық көп балалы аналардың қала әкімдігіне өз ұсы­ныс­тарымен шығуы. Олар арзан тұрғын үй салудың стартапын әзірлепті.
«Көпбалалы аналар, толық емес отбасылар мен жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде мемлекеттік бюджеттің жүктемесін азайтатын арзан баспана салу туралы дайын ұсынысымыз бар. Бағдарламамызда «Нұрлы жер» бағдарламасының екі басым бағыты біріктірілді. Атап айтқанда, ең арзан баспана салуды дамыту және инвестор тарту. Жобаның ерекшелігі – отбасының талаптарына жауап беретін болашақ үйдің іргетасы ретіндегі тұрғын үй құрылысының стартапы» дейді өзін көп балалы ата-аналар атынан таныс­тыр­ған Әлия Тілеуленова. Олар қала әкімдігінен осы жобаға жер телімін бөлуді және басқа да қажеттіліктерге көмектесуді сұрады. Әлия Тілеуленованың айтуынша, мұндай жоба қазіргі уақытта Ақмола облысында жүзеге асқан екен. Ол бойынша 10 сотық жерге 8-20 пәтерден салынған. Бұл мәселеге қатысты Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун аталған бірлестіктің өкілдерімен кездесіп, мәселені анықтауға кірісті.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды