Тұрғын үй құрылысының көлемі айтарлықтай артты

0 44

Нұр-Сұлтан қаласының республиканың жалпы ішкі өніміндегі үлесі 10,7 пайызды құрайды. Қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі – 811,5 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға жоғары. Қаланың қоғамдық кеңесінің отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев осылай деп баяндады. Аталған жиында елорданың 2021-2023 жылдарға арналған бюджеті жобасы талқыланды.

Баяндамашының мәлімдеуінше, жақын жылдары бас қалада 12 инвес­тициялық жобаны жүзеге асырып, Индустриалды парк аумағында 900-ден астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жалпы биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өндірілген өнеркәсіп өнімі 800 млрд теңгені құрады. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, бұл 3,6 пайызға жоғары.
– Осы жылдың басынан 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54,6 пайызға көп. Жалпы 2023 жылға дейін 7 млн шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланған, – деді Қ.Маңқараев.
Оның айтуынша, 2020 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы жыл сайын 23 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс орындары, негізінен, экономиканың сервистік секторында ашылмақ.
Қ.Маңқараев алдағы жылдарға қала басқармалары мен аудандардың әкімдіктеріне бюджеттен қанша қаржы, қандай жұмыстарға бөлінгенін баяндай келе, әр тоқсан сайын бюджет нақтыланатынын айтып өтті. Қоғамдық кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді. Ал сұрақтар аз болмағанын айта кету керек. Бұл сауалдарға басқа басқармалардың басшыларына да жауап беруге тура келді.
Қоғамдық кеңес мүшесі ­Мұхтар Еркетаев осы жылғы бюджет қаншалықты игерілгенін сұрады. Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаевтың мәлімдеуінше, осы уақытқа дейін игеру көрсеткіші 82,2 пайызды құрайды.
– Бірақ жылдың аяқталуына әлі үш аптадай уақыт бар. Сондықтан тиісті қорытындыны жасау ерте. Республикалық бюджеттен бөлінген 2,9 млрд теңге игерілуі қажет, – деді Ә.Жұмаев.
Бюджетке «Қаланың шеткі аймақтарын дамыту» бағдарламасы атты арнайы тармақ енгізілген. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру жайын М.Еркетаевқа Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Аталмыш бағдарлама өткен жылы Елбасының тапсырмасымен қолға алынды. Соған сәйкес Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Ақмола облысының шеткі аймақтарын дамытуға жыл сайын республикалық бюджеттен 7,5 миллиард теңгеден бөлінеді. Бұл бағдарламаның жүзеге асырылуына Ұлттық экономика министрлігі мониторинг жасайды. Бізге келсек, бұл бағдарлама бойынша тұрғын алаптарда инженерлік желілер тартылып, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен жатақханалар салынып жатыр. Мәселен, «Пригородный» тұрғын алабында бірнеше жатақхана бой көтерді. Сондай-ақ шеткі аймақтарда жолдар салынды, – деді Қ.Маңқараев.
«Бюджетке қатысу» бағдарламасына қатысты сауалға ол қаланың әр ауданына әр жылға 2-3 млрд теңгеден бөлінгенін айта келе, әкімдіктер алдағы қаңтар айында аталмыш бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемін анықтауды жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Биыл бұл бағдарлама төрт ауданда да жүзеге асырылды. Оған 880 млн теңге шамасында бөлінді. Былтыр Сарыарқа ауданына ғана 500 млн бөлінген. Біз әкімдіктерге халықтың сұранысына қарай осы бағдарламаға көбірек ақша бөліңдер деп кеңес беріп жатырмыз. Олар көбейтуге тырысатындарын жеткізді, – деді Қ.Маңқараев.
Қоғамдық кеңес мүшесі Әсима Бимендина алдағы жылдары жүзеге асырылатын 12 инвестициялық жоба нақты қай бағыттарда болатынын сұрады. Оған жауап берген Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілі биыл блоктардан тұрғын үй тұрғызу комбинаты, брусчатка шығару зауыты сияқты жобалар іске асырылып жатқанын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + nine =