Тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді

0 44

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша республика аумағында 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Нұр-Сұлтан қаласында соның 500 мың шаршы метрден астамын салу жоспарланған. Бұл – шамамен 8 мың пәтер. Сондай-ақ елордада 2021 жылы тағы 8,5 мың пәтер пайдалануға берілмек.Жалпы, Қазақстанның кез келген өңірінде тұрғын үй салу жұмыстары ерекше екпінмен жүргізіліп жатыр. Құрылыс қарқыны тіпті ел аумағында коронавирустың жедел таралуына байланыс­ты төтенше жағдай жарияланып, кәсіпкерлік нысандардың көпшілігі жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған кездің өзінде бір сәтке саябырсыған жоқ.
Соның арқасында халықтың әлеуметтік осал топтары, аз қамтылғандар мен жастар, бюджеттік ұйым қызметкерлері санатындағы 32 мыңнан аса отбасы жалға берілетін және кредиттік пәтерлермен қамтамасыз етілетін болады.
– Қазіргі жағдайда Үкіметтің ең маңызды міндеті – құрылыс қарқынын ұлғайту, халықты тұрғын үймен қамту, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру. Бүгінде құрылыс саласында шамамен 700 мың адам жұмыс істейді, – деген еді ҚР ­Премьер-министрі А.Мамин құрылыс саласына қатысты Үкімет мүшелерімен өткен кезекті бір мәжілісте.
Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, өткен алты айда соның 6,100 миллион м2 баспана өз иелерін тапқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстыр­ғанда 7 пайыздан артық.
Тұрғын үй салу бойынша 15 өңірде өсім байқалады. Соның ішінде жаңа үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші ең үздік деген Нұр-Сұлтан қаласында – 34 пайыз, Алматы облысында – 31 па­йыз, Шымкент қаласында 22 пайыз өскен. Алайда пайдалануға берілген баспана санымен қоса алты айда пәтер бағасы да 6 пайызға қымбаттаған. Қымбатшылық барлық өңірде байқалады.
Салыстырмалы түрде аумағы 50 ш.м болатын екі бөлмелі пәтерлерді алып қарастырсақ, республика бойынша екі бөлмелі пәтерлердің ең арзаны – Ақтөбеде. Мұнда ауданы 50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтердің құны 8 миллион теңгенің шамасында. Қостанайда дәл сондай баспана 8,5 миллион теңге тұрады. Көкшетау қаласында олардың бағасы – 12 миллион теңге. Шымкентте – 12,5 млн, Өскеменде – 13 млн теңге. Ал Нұр-Сұлтан қаласында екі бөлмелі пәтердің құны 16 миллион теңгеден төмен емес.
Дегенмен елорда билігі жаңадан салынатын баспананың құнын арзандату бағытында хал-қадірінше әрекеттеніп жатыр. Астанада бюджет қаражаты арқылы және мемлекеттік пен үкіметтік бағдарламалар бойынша нысандар салу барысында отандық құрылыс материалдарын пайдалану және оның көлемін арттыру жөнінде бірқатар шаралар қабылданды. Құрылыс саласында мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық мазмұнның үлесін көбейтуге басты мән беріледі. Ол туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов былай дейді:
– Мемлекет қолдауының арқасында құрылыс материалдарының құны біршама арзандатылады. Ол салынып жатқан баспананың өзіндік құнын азайтуға және құрылыс мерзімін қысқартуға көмектеседі. Сондай-ақ үйлердің өзіндік құнының арзандатылуымен бірге біз олардың сапасына нұқсан келтірілмеуін қатаң қадағалаймыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − nineteen =