Тұрғын үй қолжетімді ме?

0 82

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекет алдында тұрған ең өзекті мәселенің бірі. Осы орайда Үкімет тарапынан қабылданған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Баспана мәселесі елордамызда да басымды бағытқа ие болып отыр. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында жалпы көлемі 3,5 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр.

Елордада тұрғын үй кезегінде 47 мыңнан астам адам тұр. Халықтың баспана мәселесін шешу үшін қолжетімді баспана құрылысының көлемі 3 есеге артты. Бұл – биылғы жылы 8 мың отбасы баспаналы болады, тағы 10 мыңы 2021 жылы қоныс тойын тойлайды деген сөз.

Шетелдің «пайызы» біз үшін арман

Тәуелсіздік алғалы бері тұрғын үй қатынастары мен тұрғын үй құрылысы үшін нормативтік құқықтық база жасалып, 4 мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Нәтижесінде тұрғын үй қоры 2001 жылмен салыстырғанда 3,4 есе өсті. Соның өзінде, елімізде тұрғын үймен қамтамасыз ету төмен (21 ш.м.). Ресейде бұл көрсеткіш – 24,9 ш.м., Беларуссия – 26,8 ш. м, Армения – 31,4 ш.м.
Тұрғын үй мәселесін шешуді жеделдету мақсатында 2018 жылғы 5 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті 7-20-25 бағдарламасын жариялады. Бүгінде бұл Қазақстандағы ең танымал ипотекалық бағдарлама, соның арқасында 8800-ден астам отбасы баспана сатып алу мәселесін шешіп үлгерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президенттің бастамасымен тұрғын үйді несиелендіру механизмін 2% -бен құру және барлық тұрғын үй бағдарламаларын бірыңғай түсінікті тұрғын үй саясатына біріктіру туралы «Бақытты отбасы» бағдарламасын дамыту міндетін қойды.
Мұндай бағдарламалар шетелдерде бар және халыққа тиімдірек көрінеді. Мысалы, Германиядағы ипотекалық несие бойынша ставкалар айтарлықтай төмен – 3,5-тен 5,3% -ға дейін, ал азаматтар тіпті оларды төмендету үшін банкпен саудаласа алады. АҚШ-тағы ипотекалық несиенің орташа құны жылдық 3,5-тен 7% -ға дейін құрайды. Құрама Штаттарда қолжетімді баспана алудың тағы бір құралы – қолжетімді баспана лотереялары. (Бұл арзан бағалы пәтерлерге ұтыс ойыны, оны Тұрғын үйді сақтау және дамыту басқармасы (ТҚД) өткізіп тұрады). Польша MdM бағдарламасының қаржыландыру пайызы балалар санына байланыс­ты. 10% бакалаврлар мен баласыз отбасылар алады. 15% – бір балалы жұптар, 20% – екі баласы барлар және 30% субсидия көпбалалы отбасыларға беріледі.15 жылға созылған кезек

Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының баспана тізімінде («Астана ақшамының №51-52 саны, 5 мамыр 2020) Солсанова А. деген азаматша 2000 жылдан бері тұрады. Сондай-ақ Сегізбаев Бауыржанның «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасы» санатында кезекте тұрғанына 15 жылдан асып барады. Біз оған хабарласып, кезектің жайын сұрағанымызда «әлі ешкім бұл мәселе бойынша хабарласа қойған жоқ, бұрынғыша пәтер жалдап жүрмін» деп жауап берді. Мұндай мысалдар жетеді. Адамдардың ғұмыры бір баспананы күтумен, үміттенумен өтіп жатыр. Айталық, 2005 жылдың 12 қарашасында «Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын адам» санатында тұрған Чоманова Диананың өз кезегін әлі қанша уақыт күтерін ешкім айта алмайды. Тізімдегі бастапқы 180 адамның ішінде Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары теңестірілген он бес адамның, 1-2 топтағы мүгедектер санатындағы отыз адамның аты-жөні тұр. 1941 жылғы соғысқа 18 жасында алынған адамның өзі тірі болса 97 жасқа келеді екен. «15 жыл деген ұзақ уақыт, ол адамдар күте ала ма, егер әлдеқалай болса тізімнен алына ма?» деп тағы да «Тұрғын үй қорына» телефон шалдық. Білуімізше, тізімдегі адам қайтыс болып кеткен жағдайда тізімнен алынады, егер кезекте тұрған адам қайтыс болса да сол отбасындағы адам сол санатқа енетін болса кезек соған ауысады.

***
Елорда тұрғыны Жазира Сариева – көпбалалы ана. Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатқанына 14 жылдан асқан. Бес баласының үшеуі мектепте, өзі денсаулық жағдайына байланысты карантиннен кейін жұмыссыз қалған. Пәтер жалдап тұратын Жазира қолжетімді баспанаға тезірек қол жеткізгісі келеді.
Көпбалалы ананың сұрағына Тұрғын үй қорынан: «Мәліметтер бойынша, сіз коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде көпбалалы отбасы санаты бойынша 2013 жылдың қыркүйек айының 04 күнінен бастап тұрсыз. Қазіргі уақытта кезек нөміріңіз 751 болып тұр. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Шаңырақ» бағдарламасынан басқа «Бақытты отбасы» бағдарламасын қарастыруыңызға болады. Бұл бағдарламада несие жылдық 2 пайызбен, пәтер құнының он пайызы шотыңызда болу қажет, 20 жыл мерзімге беріледі. Егер бұл бағдарлама бойынша іріктеуден өтіп, төлем қабілеттілігін растайтын болсаңыз, сізге 1 млн теңге тұрғын үй сертификаты беріледі» деп жауап берді.
«Мен 2008 жылдан бері яғни 12 жылдан бері үйдің кезегінде тұрамын, – дейді қала тұрғыны А.Такхаева. Өзім дәрігермін. Бес бала тәрбиелеп отырмын. Оның екеуі – студент, бір бала ақылы негізде оқиды. Тура бір жыл бұрын асыраушымнан айырылдым, мемлекеттік қызметкер ретінде пәтер алуды тездетуге бола ма?»
«Тұрғын үй қорынан» көпбалалы анаға: «Қазіргі уақытта кезекке сәйкес тұрғын үйге мұқтаждардың есебінде 47 474 адам бар. Тұрғын үй – тұрғын үй бағдарламаларына сәйкес кезек тәртібімен беріледі. Күту кезегі ретінде «Мемлекеттік қызметші» санатында сіз «Нұрлы жер» бағдарламасына «Үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жылдық 5% -бен қатыса аласыз» деген жауап берілді. Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНЕ САНАТТАР КЕҢЕЙТІЛЕДІ

«Азаматтарды қабылдау кезінде жиі көтерілетін мәселенің бірі – баспана. Пәтер алу жолдарын қарастыруды өтінген асыраушысы жоқ балалармен бірнеше рет кездестім. Санатты кеңейту құжатының жоспарын мәслихаттың алдағы сессиясына қарауға береміз. Құқықтық-нормативтік процедуралар аяқталған соң, сертификат алушылар санатының жаңа тізімін бекітеміз».
Тұрғын үй сертификатының мөлшері – 1 млн теңге. Оны «Шаңырақ» (5-10-20) жобасына қолдануға да болады. Осылайша, ертеректе бекітілген тізімге енді: жетім балалар; I және II топ мүгедектері; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері және соларға теңестірілгендер; мемлекеттік, қоғамдық немесе әскери тапсырма орындау кезінде қаза болғандардың отбасылары қосылады. Сонымен бірге экологиялық апат кезінде, табиғи немесе техногендік апаттар кезінде баспанасынан айырылғандар; бөтен елдердің аумағында ұрысқа қатысқандар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері немесе ертеде «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар; I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапаттал­ғандар; көпбалалы отбасылар және т.б. кіреді.

«Шаңыраққа» кім қатысады?

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің «Тұрғын үй қорының» берген мәліметіне қарағанда, тұрғын үй алу кезегінде тұрған толық емес отбасылар, мүгедек бала асырап отырған отбасы, көпбалалы отбасылар «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса алады. Ол үшін 1986 жылдан 2015 жылға дейін(қоса алғанда) тұрғын үй кезегінде тұруы керек. Отбасының кірісі (күйеуі + әйелі) соңғы 6 айдағы ресми зейнетақымен немесе жеке кәсіпкердің декларациясымен немесе қызметтерді көрсетуге арналған шарттар бойынша шегерімдермен расталуы керек. Бұл ретте ол 3,1 ең төменгі күнкөріс минимумынан аспауы керек немесе әр отбасы мүшесіне 101 271 теңгеден. Және ТҰҚЖБ-де депозит болуы керек. Бұл бағдарлама бойынша іріктеуден өтіп, төлем қабілеттілігін растаған азаматтар тұрғын үй сертификатын ала алады. Өтінім беру мерзімі 17 қыркүйектен бастап 16 қазанға дейін.

Сертификат туралы

«Бұл тұрғын үй сертификаттары қалай, қашан беріледі? Кезекте бюджеттік қызметкер ретінде тұрмыз, бірақ мүгедектігім бар, мүгедек ретінде тұрғын үй сертификатын ала аламын ба?» деп сұрайды қала тұрғыны Мақпал Дүкенбаева.
Бұл сұраққа «Тұрғын үй қоры» мамандары жауап берді. «Коммуналдық тұрғын үй қорынан» үй алу кезегінде мемлекеттік ұйым қызметкері санаты бойынша тұратын азаматтар «Нұрлы жер» бағдарламасының бағыты бойынша іріктеуден өткен кезде тұрғын үй сертификаттарын ала алады. Сондай-ақ қазіргі уақытта тұрғын үй сертификаттарын алу санаттарына 1 және 2 топ мүгедектері санатын және басқа да әлеуметтік осал топтарды қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ендігі кезде бұл шешім қала мәслихаты сессиясында қаралуы тиіс. Одан кейін тұрғын үй сертификаттарын алу жолдары жарияланатын болады.

Шынымен қолжетімді ме?

Бір қарағанда бәрі дұрыс. Жылжымайтын мүлік нарығына қатысушылар үшін несиелік мөлшерлемені минималды көрсеткіштерге дейін төмендетуге деген ұмтылыс – жақсы серпін. Жалпы, біздің ипотекалық несиелеудің әлемдік стандарттарына баяу жақындап келе жатқанымызды ескерсек, 5% – қолжетімді баспанаға несие беру шеңберінде жақсы әлеует. Бірақ бұл жерде де адамның қандай да бір бағдарламаға ілігуге мүмкіндігі, жиған-тергені болуы керек, әйтпесе, банк есігінен де сығалатпайды. Айлығыңның мөлшері не жетпей қалып, не асып кетіп әуреге салмасын деңіз. Кейбіреулер осы заманда бір-екі миллион теңгесі жоқ адам болуы мүмкін емес деп ойлайтын шығар, бірақ, өзінің айлығы аз, өзі пәтер жалдап жүрген көпбалалы отбасылар мен жұмысқа тұруға денсаулығы жоқ мүгедек адамдар үшін бір миллион да әжептәуір ақша. Мысалы, Дина Көкенова есімді қала тұрғыны да тұрғын үй кезегінде 12 жылдан бері тұрады. «Айлық аз, алғашқы жарнаға ақша жоқ, бағдарламаға қатысуға санатым сәйкес келмейді» дейді ол.

Кезек қайтсе азаяды?

Адамдардың 10-15 жылдап пәтер кезегінде тұруы, кезегі келіп тұрғандардың көпшілігінің арнайы бағдарламаға қатысу талаптарына жауап бере алмауы – бұл мәселенің әлі де тарқатылмаған түйіндері көп екендігін көрсетеді. Мысалы, қоғам қайраткері З.Батталова мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік қызметкерлерді әлеуметтік баспана кезегінде тұрғандардың жалпы тізіміне қосуына қарсы. «Билік «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға әлеуметтік осал азаматтардың нақты санаттарын белгілей отырып, сонымен бірге оларды қараусыз қалдырады және мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік қызметкерлерге көбірек қамқорлық жасайды. Мемлекеттік тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қарау керек» дейді ол. Ал экономист Мұрат Темірханов кезекте тұрғандардың тұрғын үй мәселесін шешуге тырысуындағы мемлекеттің басты қателігі – тұрғын үй нарығына араласуы. «Үкімет кірісі төмен халықтың белгілі бір бөлігіне ипотека төлемін төлеуге тікелей қаржылық көмек көрсетуіне болады» деп есептейді.
Иә, бұл салада сұрақ көп. Ал қарапайым жұрттың өмірі баспанаға кезегін күтумен өтіп жатыр.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + two =