Бір тұрғын үй – бір бірлестік – бір есепшот

0 29

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың аяғында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. 7 қаңтар күні бұл заң күшіне енді. Елорданың Есіл ауданының әкімдігі заңды түсіндіру мақсатында аудан тұрғындарымен бірнеше кездесу ұйымдастырды. Парламент Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев пен Сапар Ахметов, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары Мирас Шекенов пен Қарақат Абден қатысқан сондай кездесулердің бірі №59 мектеп-лицейде өтті.– Бәріміз де ПИК-тердің көңіл көншітпейтін жұмысынан шаршадық. Бұған қоса, басқарушы компания, басқа да ПИК жұмысын қайталайтын ұйымдар көптеп пайда болды. Ең бастысы, ПИК-тер жұмысында ашықтық болмай кетті. Тұрғындар төлеген ақшаның қайда кетіп жатқанын білмей қалды. Сондықтан тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық мәселелерін реттеудің формалары іздестіріле бастады. Қорытындысында «бір тұрғын үй – бір бірлестік – бір есепшот» формуласы түзіліп, жаңа заң жазылып, қабылданды, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев.
Заңға «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ департаменті директоры Марғұлан Әбдікәрімов толығырақ тоқталды.
– Қазіргі кезде 10-15 көппәтерлі үйді басқаратын ПИК-тер бар. Алматыда, тіпті, 100 үйді қарауына алған ПИК кездеседі. Олардың кейбіреуі белгілі бір үй тұрғындарының жалпы иелігіндегі мүлікті заңсыз иеленіп, сату, жалға беру арқылы табыс табады. Бірақ бұл ақшаны тұрғындар көрмейді. Осы қаржы, негізінен, кондоминиум мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалуы керек. Жаңа заң осы саладағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында жазылды, – деді ол.
Соған сәйкес ПИК-тердің орнына коммерциялық емес ұйым – мүліктің меншік иелері бірлестігі (ММБ) немесе қарапа­йым серіктестік құрылады. Бұл ұйым жоғарыда Мәжіліс депутаты айтып өткендей, «бір тұрғын үй – бір бірлестік – бір есепшот» принципімен жұмыс істейді. Яғни белгілі бір көппәтерлі үйдің тұрғындары осындай ұйымды құруға құқылы бола алады. Әрі қарай араларынан осы ұйымды басқаратын адамды, ақылдастар алқасын (үш адамнан кем болмау керек) сайлап, үйді күтіп-ұстауға қаржыны төлеп, сол ақшаның қайда жұмсалатынын бақылауда ұстау мүмкіндігіне ие болады. Ал ПИК-тер 2022 жылдың ортасына дейін жұмыс істей береді.
ММБ немесе серіктестікті тіркеу үшін төрт құжат қана керек. Алдымен өтініш жазылып, көппәтерлі үй тұрғындарының аталмыш ұйымды құру туралы келісімі (тұрғындардың жалпы жиналысының хаттамасы), жарғы және 1 АЕК көлеміндегі (тіркеу үшін алынатын сома) түбіртек.
Белгілі бір адам пәтер сатып алған кезде ММБ мүшесі автоматты түрде болады. Бұрынғыдай ПИК-пен келісімшартқа отырудың қажеттілігі жойылады. Мүліктің меншік иелері бірлестігінің төрағасы өзінің жұмысы үшін жалақы алып, сервистік қызметтермен келісімшарт жасайды. Оларға айдың аяғында атқарылған жұмыстардың актісіне сәйкес төлем төленеді.
Сондай-ақ жаңа заң кондоминиум нысаны жалпы мүлкінің күрделі жөндеуін өткізудің жаңа механизмдерін енгізуді көздейді. Бұл жұмысқа тұрғындар екінші деңгейлі банктер мен Кепілді күрделі жөндеу қорын тарта алады. Яғни ММБ есепшотында бұл жұмысқа қажет қаржының 50 па­йызы болса, банк қарыз береді. Ал сол банк банкрот болып қалса, қор жұмысты аяқтауға қосымша қаржы бөлінуіне кепілдік болады.
Аталған заң бойынша жергілікті атқарушы органдарға жаңа өкілеттіктер беріледі. Бұл газ және газбен қамту, сонымен қатар қауіпті техникалық құрылғыларды (лифт, эскалаторлар, т. б.) пайдалану салаларында жүреді. Мұнымен Тұрғын үй инспекциясы айналысады. Олардың мәртебесі қазір мемлекеттік инспекторлар дәрежесіне көтерілді.
Тағы бір жақсы жаңалық, көшенің орталық бөлігінен көрінетін тұрғын үйдің қасбеттері жергілікті бюджет есебінен жөнделеді. Осының бәрін айтып берген М.Әбдікәрімов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру қалай жүргізіліп жатқанынан хабар берді. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтер жұмысын реттеу қалай жасалатынын жеткізді. Бұл да тиісті заңда қарастырылған.
Есіл ауданының аумағында қазір 607 көппәтерлі тұрғын үй орналасқан. Аудан тұрғындарының 90 пайызы осындай үйлерде тұрып жатыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты жаңа заңды түсіндіру жиындарына мыңға жуық адам келді. Олар аудан әкімі Берік Жәкеновке, өзге де спикерлерге өздерін мазалайтын сұрақтарды қойды.
Бір айта кетерлігі, мұнда аудан өміріне қатысты көптеген мәселе көтерілді. Соның бірі Сауран, 12/1 мекенжайындағы тұрғын үйге қатысты өрбіді. Белгілі болғандай, бұл үйдің салынғанына 10 жыл болған. Қазіргі кезде үй жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Тұрғындар өз күшімен мұны жасай алмай отыр. Себебі оған қажет қаржы жиналмайды. Кейбір пәтерлерді адамдар жалдап тұрып жатыр. Көбісі эксплуатациялық шығындар үшін ПИК-ке төлемейді. Үйлерін жалға беріп отырған пәтер иелерінің біразы анықталмаған. ПИК басшысы оларға іздеу салса да, таба алмаған. Сондықтан бұл жағынан Есіл ауданы әкімдігінен көмек сұрады. Аудан әкімі қолдан келгенше қолғабыс етуге уәде берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды