«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрғын үй нарығындағы жағдай қалай?

0 6

Бүгінде екінің бірі еліміздегі ең табысты бизнес құрылыс екенін жақсы біледі. Ширек ғасыр бойы еліміздің ең басты құрылыс алаңына айналған Нұр-Сұлтан көз жауын алатын түрлі ­нысандармен көз тартады. Елорда құрылысшылар қаласына айналды. Мұнда жыл сайын 580 мың ш. м тұрғын үй іске қосылады. Бұл – еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш.

2019_09_27_a68d2c5fc237581c7d5e63b49e1ca983_xl

Бәсекесіз баға түспейді

Айы оңынан туып тұрған құрылыс компанияларының да кәсіпкерлік қабілеті тасып бара жатқандықтан алға шығып, бірді екі етіп жүрмегенін әркімнің де іші сезеді. Жоғары жақта бір «қамқоршысы» болмаса, олар бұлай алшаң баспайтыны да түсінікті.

Өткенде ғана Бәсекелестікті қорғау мен дамыту агенттігі еліміздегі құрылыс нарығы тұнып тұрған монополия екенін айтып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Агенттік төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында ең мықты шоғырланған құрылыс нарығындағы бір компанияның үлесі 60 пайыздан асады екен. Бір қызығы, құрылыс салу жылдан-жылға шарықтап өсе түскенмен, құрылыс компаниясының саны артпай отыр. Бәсекелестікті күшейтіп, нарықты дамытудың орнына сол баяғы өздеріне таныс құрылысшыларға басымдық беріле береді. Соның салдарынан соңғы бес жылда жаңа үйлерге баға 1,3 пайыздан 16,6 пайызға дейін өсіп кетті. Міне, құрылыс нарығын монополизациялаудың негізгі нәтижесі.

Тұрғын үй құрылысындағы бағаның шарықтауын көбі «құрылыс материалдарының қымбаттауынан, олар көбіне шетелден алынады» дегенге саяды. Ал Серік Жұманғарин: «Мәселе тіпті де онда емес. Индустрия және инфрақұрылым министрлігі «елімізде құбыр мен унитаз өндіретін жаңа зауыт ашылып, жұмыс істей бастады» деп мәлімдеді. Енді құрылысқа қажет заттар өзімізде де өндіріледі екен. Бірақ баға түспейді. Не істеу керек? Ол үшін құрылыс нарығында өздерін жарты патша сезініп жүрген екі-үш компанияны лицензияларынан айырса жетіп жатыр» дейді.

Елордадағы күр­меуі күрделі саналатын үлескерлердің 51 тұрғын үйінің мәселесін қала әкімі Алтай Көлгінов өз бақылауына алып, қазір жағдай біршама жақсарып қалды. Үлескерлердің тең жартысынан астамы пәтер кілтін алып үлгерді. Нұр-Сұлтан қаласында 2021 жылы 10000-нан аса әлеуметтік пәтер салынып, жалпы көлемі 580 мың ш. м тұрғын үй пайдалануға берілді

Айтқандай, бағаның өсуіне тағы бір себеп – құрылыстағы толып кеткен қосалқы мердігерлердің (субподрядчик) берекетсіздігі. Жалған брендтің атын жамылып, құрылыс салып, оны сатып жүрген біреулер халықтың сорына айналуда. Солардың кесірінен тұрғын үйлер уақытында тапсырылмай, сапасы да көңіл көншітпей отыр. Бұл тұрғыда арыз-шағымдардың өте көп екені тілге тиек етілді. Нақтырақ айтсақ, бір құрылыс компаниясы құрылысты салады да, оны өзінің екінші еншілес компаниясына сатады. Ал еншілес компания оны одан әрі халыққа сатады. Сатып алушы пәтерінің сапасыздығына шағым түсірсе, заңдық тұрғыдан пәтерді салған еншілес компания болмағандықтан, жеме-жемге келгенде олар өздерін «біз құрылысшы емеспіз, тек сатушымыз» деп жауапкершіліктен сытылып кетеді.

Айта берсе бұл тұрғыда құйтыр­қылық өте көп. Бұлардың бәрін орын-орнына қойып, құрылыс нарығында әділет орнататын бір салмақты күш қажет болып тұр.

Үлескерлердің үмітін оятты

2007-2009 жылдары үлескерлік құрылысқа 64 мыңнан аса қазақстандық қатысыпты. Әрі солардың көпшілігі әділетсіз, алақол құрылысшылардың құрбаны болған. Үкімет солардың түйінді түйткілдерін шешуге біраз күш жұмсады. Алдаған құрылыс салушыларды жа­уапқа тартты. Алданғандарға көмек қолын созды. Заңнаманы қатайтты. Үгіт-түсінік жұмыс­тарын жүргізді. Алайда одан «сақалды құрылыс» үлескерлерінің саны онша азая қойған жоқ. Тек елорданың өзінде 2018 жылы 16 мың үлескер болса, 2021 жылы олардың саны 13 мыңға әрең түсті.

Үлескерлердің ақшасын алаяқтықпен алдап алу азаймай тұр. Мемлекет оған қаншама тосқауыл қойып, алдын алу шараларын жасағанмен, Серік Жұманғариннің айтуынша, әлі де үлескерлердің ақшасын тартушылардың 47 пайызы заңсыз екені анықталып отыр. Нақтырақ айтқанда, үлескер ақша салған әрбір екінші пәтер заңсыз дүдамал күйінде сатылады. Оған себеп болып отырған да кейбір жауапты адамдардың «үлес­ке кіріп кетуі». Әсіресе, тұрғын үй салуға жер бөлу кезінде мұны анық байқауға болады

Күрмеуі қиын, түйткілді мәселелері көп тұрғын үйлерге Үкімет қомақты қаржы бөлді. Мәселен, «Какаду» деген бір компания үлескерлердің салынып бітпеген үйлерін бітіріп беремін деп 2008 жылдың жазында Астана қаласы әкімдігінен 730 миллион теңге қаржы алып, 485 миллионын қалтаға басқан да, шетелге тайып тұрған. Осы жылдары мемлекет үлескерлерге жақсы көмектесті. Алақол құрылысшылар алдаған 6 тұрғын үйдің құрылысын бітіріп беру үшін қала әкімдігіне республикалық бюджеттен 41 миллиард теңге бөлінді. Дегенмен өткеннен сабақ алып, қателікті қайталамауға ақшаға құныққан кейбір құрылыс салушылар мүмкіндік бермей тұр. Үлескерлердің ақшасын алаяқтықпен алдап алу азаймай тұр. Мемлекет оған қаншама тосқауыл қойып, алдын алу шараларын жасағанмен, Серік Жұманғариннің айтуынша, әлі де үлескерлердің ақшасын тартушылардың 47 пайызы заңсыз екені анықталып отыр. Нақтырақ айтқанда, үлескер ақша салған әрбір екінші пәтер заңсыз дүдамал күйінде сатылады. Оған себеп болып отырған да кейбір жауапты адамдардың «үлеске кіріп кетуі». Әсіресе, тұрғын үй салуға жер бөлу кезінде мұны анық байқауға болады.

Осындай көзбояушылық пен асыра сілтеудің кесірінен Қарағанды қаласындағы бюджет ақшасына салынған «Бесоба» тұрғын үй кешені бес жылдан кейін бір күнде құлап қалды. Ол кезде де сенім артқан «құрылысшы» 350 миллион теңгені жымқырып, шетел асқан болатын. Амал жоқ, мемлекет бүкіл шағын ауданның тұрғын үйін сүріп, қайта салуға мәжбүр болды.

Айту керек, үлескерлердің жағдайы бас қалада 2019 жылдан кейін ғана шындап түзеле бастады. Құрылысшы алдап кетіп, сегіз жыл қаңтарылып тұрған Рақымжан Қошқар­баев даңғылындағы 80/1 үйдің көпбалалы аналар мен мүгедектерге қысқа мерзімде пайдалануға берілуі үмітті оятты.

Содан кейін де елордадағы күрмеуі күрделі саналатын үлескерлердің 51 тұрғын үйінің мәселесін қала әкімі Алтай Көлгінов өз бақылауына алып, қазір жағдай біршама жақсарып қалды. Үлескерлердің тең жартысынан астамы пәтер кілтін алып үлгерді. Нұр-Сұлтан қаласында 2021 жылы 10000-нан аса әлеуметтік пәтер салынып, жалпы көлемі 580 мың ш. м тұрғын үй пайдалануға берілді.

Жалға алған пәтерлерге субсидия берілмек

Бірнеше жыл бойы билік бизнес өкілдеріне «сан қатар үй тұрғыз да, жалға бер» деген тұжырымды айтып келеді. Алайда кәсіпкерлер бұл ұсынысқа онша елең ете қойған жоқ. Соған қарағанда, кешенді тұрғын үй салып, оны бірнеше жыл бойы жалға беру тиімді бола қоймайтын сияқты. Оның есесіне кейбір қалталы азаматтар сол кәсіпкерлер салған үйді көтеріңкі бағаға сатып алып (әсіресе, кешегі зейнетақының шектік мөлшеріне Үкімет жеңілдік жасаған кезде), жалға беріп жатқан жайлар аз емес.

Бір кездері «Ақ жол» партиясының көшбасшысы, мәжілісмен Азат Перуашев «асүйі мен әжетханасы ортақ шағын бөлмелі үйлер салып, баспанасыз жастарды жарылқайықшы» деп Үкіметке депутаттық сауал жолдағаны есте қалыпты. Негізі, Азат мырзаның ниеті дұрыс. Әркімнің босағасын тоздырып, пәтер жағалап жүрген жас отбасыларды аяп кеткен болса керек. Бірақ оның бұл ұсынысын Үкімет түгіл, жастардың өзі қолдамады. Таң атпай бір әжетханаға телміру мен ортақ асүйде бірнеше отбасының қатар тұрып ас-суын қам­дауын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұған ХХІ ғасырдың жастары көне қояр ма екен?! Расында да, көнбеді-ау деймін, бұл мәселе қайтіп еш жерде қозғалмады.

Енді кейінгі кезде билік тарапынан нақты ұсыныстар бой көрсетіп жатыр. Ол, негізінен, жалға берілетін пәтерлерді мемлекеттің субсидиялауына саяды. Нақтырақ айтсақ, құрылыс компаниясына үй сал деп көмек көрсетеді. Ал екінші жаққа – жастарға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, жылдар бойы кезекте тұрған тұрмысы төмен жандарға пәтер жалға беріліп, субсидияланады. Олардың саны ­Нұр-Сұлтан қаласында шамамен 590 адамдай екен.

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, мұндай пәтерге зәру, яғни тұрмысы төмен елімізде 70 мың азамат бар көрінеді. Қазір осы адамдарға мемлекет пәтерді жалға беріп көмек­тесуге бел байлап отыр.

Тағы да сол ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жалға алынатын пәтерлерге берілетін атаулы көмек 50х50 ұстанымында азаматтардың ынтымақты жауапкершілігі негізінде жүзеге асырылады.

Жалпы осы жалға беруге мемлекеттен жылына 50 миллиард теңге бюджет шығыны қарастырылған болса, оның 40 миллиарды респубикалық бюджеттен, 10 миллиарды жергілікті бюджеттен шығарылады.

Қарапайым есепке салып қарасақ, табысы күнкөріс минимумынан төмен әр азаматқа жылына 714,3 теңгеден келеді екен. Ал айға шақсақ, 59,5 теңгеден шығады. Сонда отбасында үш жаны бар адам айына шамамен 180 мың теңгенің пәтерін жалға ала алады.

Енді осындай пәтерді жалға алу мемлекеттік көмегін алу үшін азаматтан не талап етіледі? Біріншіден, ол ­Қазақстан азаматы болуы қажет. Екіншіден, соңғы алты айда отбасының жиынтық табысы әр жанға шаққанда күнкөріс минимумынан кем болмауы және пәтер кезегінде тұруы керек.

Міне, осы ұсыныстар тұрғын үй нарығындағы қазіргі жағдайды реттейді, мемлекет тұрғын үй саясатын бұдан әрі де жетілдіре түседі. Болашақта пәтер бағасы арзандап, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге барынша жағдай жасалады деген үміт мол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды