Тұрғын үй бағдарламаларының «ғұмыры» неге қысқа?

0 16

Қазақтың шешілмей келе жатқан «мәңгілік» мәселесінің бірі – баспана алу. Тәуелсіздік жылдары мемлекет қаншама тұрғын үй бағдарламасын жасап, жүзеге асырса да көп қазақ әлі баспанаға жарымай жүр. Мәйекті мәселенің мән-жайын биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. «Кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу керек» деп қадап айтты Президент.

Мәселе тезірек шешілуі үшін, ең алдымен тұрғын үй бағдарламасы дұрыс жасалуы тиіс. Үкімет «қолжетімді» деп үміттендірген мемлекеттік бағдарламалар жедел, сапасыз және мақсатсыз жасалады. «Басы ауырмастың жанында балтырың сыздамасын» дегендей, өзінің баспанасы бар шенеуніктер халықтың шынайы әлеуметтік жағдайын зерттемейді. Мәселен, еліміздегі жұмыс істейтін үйі жоқ азаматтардың 40 пайыздан астамының ғана несие алып, үй рәсімдеуге шамасы жетеді. Қалғандары ше? Оларды ескеріп жатқан біреу бар ма? Жоқ.
Мысал келтірейік. Елбасының тапсырмасымен дайындалған «Нұрлы жер» деген аты әдемі бағдарлама бар. Бірақ бұл бағдарламаға қатысатын адамның банкте депозиті болуы шарт. Және салымшы алатын үй құнының 50 пайызына дейінгі соманы өзі жинайды. Бұған екі адамның бірінің шамасы келмейтіні айдан анық. Мысалы, Нұр-Сұлтанда тұратын Азаттың айлық еңбекақысы – 160 000 теңге. Ол бас қаладағы орташа жалақының көлемі 282 000 теңгеге жетпейді, әрине. Екі бөлмелі пәтер алмақшы. Пәтердің құны – 18 млн 550 теңге. «Нұрлы жердің» көмегімен тез алуы үшін үй құнының 50 пайызын, яғни, 9 млн 225 мың теңгесін бірден төлеуі шарт. Ол ақшасын бірдеңе қылып тауып төлегенімен, 6 жыл бойы 137 000 теңгені банкке «құйып» отырады. Сонда қалған 23 000 теңгеге қалай күнін көреді?
Биыл елордадағы орташа жалақының көлемі 282 000 теңге деп есептеліп жүр. Алайда жұрттың көбі 150000-160000 теңге жалақы алады. Демек, тұрғын үй бағдарламасы жасалатын кезде халықтың шынайы табысы ескерілмейді. Оларды бірнеше деңгейге бөліп қарауға болады. Мұғалім, дәрігерден бөлек өзге әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Журналистер, өзін-өзі жұмыспен қамтитындар және т.б. Енді қарап отырсақ, тұрғын үй бағдарламаларының бәрі белгілі бір қысқа мерзімге жасалады. Сенбесеңіз, қараңыз: «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» биыл «Шаңырақ-5-10-20» атты бағдарламаны іске асыруда. Еліміздегі 8 мыңдай отбасын баспанамен «жарылқаймыз» деген банк құжат қабылдау мерзімінің 3-ші кезеңін 1-ақ айға (2020 жылдың 14 қазаны мен 13 қарашасы аралығы) жоспарлаған. Осы банктің «Бақытты отбасы» атты бағдарламасының 2-ші кезеңінің құжат қабылдау мерзімі 11 наурыздан 30 сәуірге дейін ғана белгіленген. Жоспарды неге 6 айға немесе 1 жылға жасамайды? Үйсіздердің бәрі үй алып кетеді деп қорқа ма екен?!.

Отбасы банкі бірдеңе өзгерте ала ма?

Биыл 11 мамырда Президент Қ.Тоқаев «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бір бағыты – «5-10-20» деп аталатын жобаның жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Үкімет бұл жоба мемлекеттен баспана сұрап, қолын жайып отырған жарты миллионнан аса үйсіздердің үмітін ақтайды деп үміттеніп отыр. Айтпақшы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша әкімдіктерде 540 000 адамның үй кезегінде тұрғанын ресми хабарлады. Олардың арасында жетім балалар, толық емес отбасылар, көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік мекемеде жұмыс істейтіндер және басқа санаттағы азаматтар бар.
Сөйтіп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» 210 млрд теңге бөлінді. Банк үй кезегінде тұрғандардың толық тізімін жариялады. «Аспаннан киіз жауса да құлға ұлтарақ бұйырмайды» демекші, 1986 жылдан 2009 жылға дейін – 20 000 адам армандаған баспанасын ала алмаған. Бас қалада сол тізімде 2,5 мың адам бар. Банк мамандары көп ойланып, мынадай шешімге келіпті: адамдарды алаламай, үйдің кезегіне тұрған мерзіміне қарай жеңілдікпен баспана алуға көмектесу. Одан кейін, 2009-2017 жылдар аралығында кезекке тұрғандарға кезек келеді.
Енді банктің жеңілдетілген шарттарына келейік. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы 2 бөлмелі пәтердің құны 18 млн делік. Бағдарламаға қатысушы үй құнының 10 пайызын, яғни, 1 млн 800 мың теңгені алдын ала төлейді. Сөйтіп, әуелі 8 жылға 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен қарыз алады. 8 жылдан кейін, оның мөлшері 4 немесе 3,5 пайызға дейін төмендейді, қарыз толықтай 20 жылға беріледі. Үй алушы әкімдік салған үйді немесе басқа үйді таңдауға құқылы. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова банктің атауы жыл соңына дейін «Отбасы банкі» деп өзгеріп, әкімдіктердегі кезек жүйесі банк иелігіне өтетінін мәлім етті. «Отбасы банкі өте ашық, жария ұйым болады. Біріншіден, біз үй кезегіне тұра алмай жүрген жандарға жәрдемдесеміз. Үй алуға мемлекеттік те, жекеменшік те ұйымдардың қызметкерлері құқылы болуы тиіс. Екіншіден, біз үй алғандардың да, үй кезегінде тұрғандардың да тізімін жариялаймыз. Қоғам кезекте кімдердің тұрғанын білуге, бақылауға қақылы» деп түсіндірді Л.Ибрагимова. Қош делік.

Үкімет компанияларға емес, халыққа көмектессін!

Шыны керек, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларында шикіліктер көп. Бұрын халықтың табысы орташа және төмен топтарының мүддесі ескерілмейтін еді. Қазір сол қателікті түзетуге ұмтылыс байқалады. Алайда бұл бағыттағы саясатта да әділдік жоқ. Нақты мысал айтайын, мысалы, 10 баласы бар отбасына баспананы сатып алу құқығынсыз жалға береді. Неге сатып алы құқығымен бермейміз? Сол 10 баланы өсіріп-жеткізетін анаға деген құрметіміздің бір белгісі ретінде неге көмектеспейміз. Өйткені заң бойынша баспананы жалға берген әкімдік келісім-шартын кез келген уақытта бұза салады.
Керісінше, мемлекет қарыз алған қарапайым отбасыларға қайыр жасап, біраз уақыттан кейін қарызын кешіріп, үйін жекешелендіріп берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл пікірімізбен экономист Мұрат Темірханов та келісетінін айтады. «Еліміздегі тұрғын үй бағдарламаларының кемшіліктерінің бірі – нақты таргеттеу жоқ. Мысалы, егер табысы орташа және төмен адамдарды алсақ, оларға қатысты қолданылатын шаралар да әртүрлі болуы тиіс. Табысы төмен азаматтар жалға берілетін үйлерді, орташасы – ипотекалық несиені алуға ұмтылуы керек. Үкімет жалға берілетін үйлерге қатысты мәселені бір жерге тоғыстыра алмай отыр. Мысалы, Германияда тұрғын үй қорының 40 пайызы – жалға берілетін үйлер, Швейцарияда – 60 пайыз, Испанияда – 15 пайыз. Бұл мәселе әр елдің дамуына, әл-ауқатына байланысты. Ал бізде қалай? Үкімет бұрынғы тұрғын үй бағдарламаларының ескі тәжірибесін қолданып, халықтың басым бөлігінің төлем қабілеті нашар болса да үй салушы компанияларға қаражат бөледі. Меніңше, құрылыс компанияларына жәрдемақша бергенше, сол ақшаны халықтың ипотекалық несиесін жабуға бөлгені дұрыс. Норвегияда осындай тамаша тәжірибе бар» дейді сарапшы.
Ақиқатын айтсақ, қазір үй алуға мүмкіндігі жоқ, табысы өте төмен отбасылар жатақханаларды, жер үйлердің бөлмелерін, арнайы салынған барактарды жалдап тұрады. Олардың дені – ауылдан келген қазақтар. Мемлекет осы нарықты назардан тыс қалдырған. Экономист Мұрат Темірханов баспананың қолжетімділігін осы саладан бастау қажеттігін айтады. «Қазір мемлекет жекеменшік компаниялар жұмыс істейтін нарықты өзі жаулап алды. Меніңше, үйлерді жекеменшік құрылыс компаниялары салып, арзанға сатуы қажет. Қазір керісінше, жекеменшік фирмалар мемлекеттің ақшасына салған үйін өте қымбатқа сатады. Демек, бұл бағыттағы мемлекеттік саясатты қайта қарайтын кез келді» дейді экономист.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =