ТҰРҒЫН ҮЙ АЛАПТАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

0 83

Кеше Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков бас қалаға қосылған тұрғын үй алаптарындағы жол жөндеу жұмыстарының жайымен танысты.

Елорданың одан әрi дамуында жол-көлiк саласының алатын орны ерекше екені белгілі. Бұл ретте соңғы жылдары қалада жол салу және жөндеу жұмыстары қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр.

– Бүгiнгi күнде шағын көлiк айналмасының құрылысы жүргiзiлуде. Әсіресе, қаланың жол-көлiк саласын дамытуда, сондай-ақ инженерлiк инфрақұрылымдар мәселелерiн шешуде елордадан тысқары орналасқан, қалаға қосылып кеткен елдiмекендер де назар­дан тыс қалып көрген емес, – деді әкім орынбасары.

Елордада қалаға бiрiктiрiлген тұрғын алаптардың дамуы жөнiндегi кешендi бағдарлама жүзеге асыры­луда. Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолда­ры басқармасының бастығы Ра­шид Аманжоловтың айтуынша, бас қалада 20 тұрғын алап бар екен. Бүгінгі таңда онда 150 мың адам өмір сүруде.

Тұрғын алаптардың басым бөлігінде бұрын тас жол, орталықтандырылған су және канализа­ция жүйесі мүлде болмаған. Электр желілері де әбден тозған. Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын алап­тарда 232,38 шақырым жол мен 900,9 шақырым инженерлік желі жүргізу көзделіп отыр. Өткен жылы 9 тұрғын алапта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 24,14, шақырым жол, 43,9 шақырым инженерлік желі жүргізілсе, үстіміздегі жылы 13 тұрғын алапта 15,8 шақырым жол мен 41,3 шақырым инженерлік желі салу жоспарланған екен. Бұл жұмыстар берiлген ауданның даму болашағын есепке ала отырып, кешендi түрде тұрғын алаптар­ды дамыту тұжырымдамасының шеңберінде жүзеге асырылуда.

Біз барған жерлердің барлығында да қызу жұмыс жүріп жатты. Елордалық БАҚ өкілдері алды­мен Б.Момышұлы көшесінен М.Жұмабаев көшесіне және Мир­зоян көшесінен Майлин көшесіне дейінгі аумақты алып жатқан Қазақауыл тұрғын алабындағы жөндеу жұмыстарына куә болды. Бұл жерде, негізінен, жекеменшік үйлер орналасқан. Бұл бағыттағы жолдарды жөндеу жұмыстары өткен жылдан бері жүргізіліп жатқан көрінеді. Мердігерлердің мәлімдеуінше, осы жылдың қыркүйек айында бұл маңдағы жол жөндеу жұмыстары толықтай аяқталады.

Одан соң Мичурин тұрғын алабы мен Күйгенжарда болып, қаладан сыртқарырақ орналасқан елдімекендердегі жол-құрылыс жұмыстарымен таныстық. Бұл ретте барлық жерде жылу желілері, сумен қамтамасыз ету және кәріздерді ауыстырудан басқа, жол дар кеңейтіліп, қосымша автокөлік орындары салынған, аулаларабаттандырылып, соның ішінде жарықтандыру, көгалдандыру, жаяу жүргіншіге арналған жолдар салу жұмыстары жүзеге асырылған екен. Осылайша, Елбасы тапсыр­масы бойынша атқарылып жатқан игі істерді өз көзімізбен көріп, тұрғындар үшін қуанып та қалдық. Бұрын қалаға жалғыз ғана жолмен қатынайтын аталмыш алаптардың тұрғындары болса өздерінің жүріп-тұруларына мейлінше қолайлы жағдай жасап, өмірлерін жеңілдетіп жатқан қала басшыларына шын көңілден алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.

*Cүбелі сөз

Шынтілеу ШҮКІРОВА, зейнеткер:

– Әрине, ораза айында осындай игілікті іс тындырып жатқан басшы азаматтарға Алланың нұры жаусын деймін алдымен. Ра­сында да, ауылымыз көркейіп, қалаға ұқсап келеді. Соның бәрі осы қала басшыларының бізге деген ерекше қамқорлығының арқасы деп білеміз. Көшелерді қайта жаңартып, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді кешенді шешуге, жалпы алғанда, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарының жемісін көрсін деймін. Басшылар енді бізге қоғамдық көлік мәселесін шешіп берсе, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.

 Кәмшат МАЛҒАЖДАРОВА, Мичурин тұрғын алабындағы №60 «Арай» балабақшасының меңгерушісі:

– Астана қаласының айналасындағы халыққа да жақсы өмір сүру үшін қалалық билік өкілдері барлық жағдайды жасап жа­тыр. Балабақша маңындағы жолдарымыз жөнделгелі бері мұнда балаларын әкеліп жүрген ата-аналарға да қолайлы болып қалды. Осыған дейін жолдың нашарлығынан көп қиындық көріп келдік. Алматы ауданының әкімімен өткен жылы болған тұрғындар алдындағы есепті кездесу барысында осы мәселені көтерген болатынбыз. Енді, міне, жолымыз кең әрі теп-тегіс. Балалар әсем безендірілген аулаларда асыр салып, балалық балғын шақтарын алаңсыз өткізіп жатыр. Сол үшін де қала басшыларына алғысымызды айтамыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 1 =