Тұрғын алаптар жандана түседі

0 23

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес бас қалада тағы 130 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері, 85 шақырым нөсер кәрізі, қосалқы станция мен 177 шақырым электрмен жабдықтау желілері, 23 шақырым жылумен жабдықтау желілері, 3 кешен нөсер кәріздерін тазарту нысандары салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасына жазды.«Қаладағы 16 тұрғын алапты аралауды жалғас­тырамыз. Онда 300 мыңға жуық адам тұрады. Яғни, елорданың әрбір төртінші тұрғыны сол жерде тұрады деген сөз. «Көктал-1»-дің тұрғындарымен кездестім. Онда қордаланып қалған бірқатар мәселелерді шешу жұмыстарымен айналысып жатырмыз: жол салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, су тарту, кәріз салу, жарықтандыру және т.б. жұмыстар.
Халықпен кездесуде ең бірінші кезекте атқарылуы қажет жұмыстар туралы әңгімелесіп, пікір алмас­тық. Мәселен, тұрғындар жол, тротуар, скверлер/бульварлар, балалар мен спорт алаңдарын салу және жарықтандыру, т.б. туралы өз ойларымен бөлісті. Айтылған мәселелерді назарға алып, осы тұрғын алапты алдағы даму жоспарына енгіземіз.
«Көктал-1» тұтастай газбен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар биыл №40 мектеп-лицей аумағында екі ауысымда 1 мың орындық тағы бір мектеп салынды. Осылайша мектепке түсетін жүктеме азайып, жаңа оқушы орындары ашылады. Осы тұрғын үй алабында халықтың салауатты өмір салтын сақтай отырып, уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретін тағы 2 қоғамдық кеңістік саламыз (Ақтолқын көшесі, Бастаңғы қиылысы).
Өткен жылы бұл жерде бірінші рет парк салынды. Оның ауданы 15 гектарды құрайды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұл парк біздің қалалық парктен 2 есе үлкен. Жаңа паркте баскетбол, футбол алаңдары мен воркаут-аймақтар, тыныш демалуға және иттерді серуендетуге арналған аймақтар бар» деді қала әкімі.
Мемлекет басшысы тұрғын үй алаптарын дамытуға ерекше көңіл аударуда. Сондықтан елордада барлық тұрғын алаптарды дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде. Мысалы, былтыр шет аймақтарда 100 көше, 345 шақырым газ тарату желілері салынды. Үш алап тұрғындары газға қосылуға мүмкіндік алды. Жаңа жылыту маусымында тағы 7 тұрғын алабы газға көшіріледі.
«Бұған қоса, 13,5 шақырым инженерлік желі, 5 шақырымнан астам кәріз желісі және су құбырын тарттық, 3 шақырымнан астам нөсер кәріздері салынды. Өткен жылы 40 қоғамдық кеңістікті бос жатқан тың жерден жаңадан салдық: олар – парктер, скверлер, бульварлар. (Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Интернациональный, Өндіріс және т.б.).
Жоспарда тағы 50 парк пен сквер салу, 120 шақырымнан астам велосипед жолын төсеу және т.б. жұмыстарды атқару көзделіп отыр.
Өндіріс, Көктал, Ильинка, Железнодорожный тұрғын үй алаптарында дене шынықтыру және сауықтыру кешендері салынуда. Ол орындарда спортпен айналысуға арналған кабинеттерден бөлек, егде жастағы адамдардың қызығушылығы бойынша клубтар, халыққа қызмет көрсету орталығы, полиция, пошта бөлімшелері және т.б. орналасады. Аталған кешендерге тұрғындар тегін барады. Оларды биыл ашуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – шет аймақтарды шағын аудандарға айналдыру» деп жазды елорда әкімі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × five =