ТҰРАҚТЫЛЫҚ МЕКЕНІНДЕ ТҰРАМЫЗ

0 137

Тұтас түркі дүниесінің қара шаңырағы – Қазақстан мемлекетінің тарихы кейбіреулер ойлағандай тәуелсіздікті алған жиырмадан аса жылмен шектелмейді. Оның бастауы сонау әріде, сақ, ғұн заманында жатыр. Ол кезде қазақ деген атауымыз болмаса да, ерлік, өрлік қасиеттеріміз біздерге сол замандағы ата-бабаларымыздан дарыған. Бертін келе, ХV ғасырда өз еншісін алып, Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығын құрды. Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан даламыз қазіргіден де кең еді ол кезде. Әрине, бүгінгі күнгі елімізге тиесілі 2 724 900 шаршы шақырымды аз көріп отырған жоқпыз, жер көлемі жағынан әлем елдері арасында 9-шы орында тұрмыз. Бұл да – сүйем жерді бермеу үшін жаумен арпалысқан батыр бабаларымыздың арқасы.

Ендігі мақсат – Менделеев кестесінің барлық элементтері кездесетін үсті де, асты да бай осы жерді өзіміз үшін де, келер ұрпақ үшін де көздің қарашығындай сақтап,

Қазақстан халқының санын арттыру.

Бұл жөнінде Елбасы да үнемі айтып келеді. Ұлт Көшбасшысының қойып отырған межесі – жуық арада халқымыздың санын 20 миллионға жеткізу.

Қазірдің өзінде елімізде тұрғылықты халық саны 17 миллионға жақындады. Және қандастарымыздың үлесі жағынан өзге этнос-тардан алға шығып, қазақтардың саны 65 пайызды құрады. 1913 жылы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Әлхамдулилла, алты миллион қазақпыз» десе, осыдан тура бір ғасыр уақыттан кейін 11 миллионға жетіп отырмыз. Ол туралы осы аптада еліміздегі БАҚ-тар жар салды. 11 миллионыншы қазақ – Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында өткен жылдың 28 желтоқсанында дүниеге келген Мұхтар Әбдірахым деген сәби.

Өзімізге жақын болғасын қазақтарды айтып жатырмыз, ал, негізінен, елімізде тату-тәтті 130-ға тарта ұлт тұрады.

Еліміздің Ата Заңы – Конституциямызда: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Яғни, халық билікті референдум немесе еркін сайлау арқылы тағайындайды. Соған сәйкес биліктің жұмысы да қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталуы шарт. Бұл жолда да бірқатар істер қолға алынды. Түрлі бағдарламалар қабылданып, кейде жылдам, кейде баяу жүріп келеді. Солардың бірнешеуін атап өтейік: ел халқының денсаулығына қатысты «Саламатты Қазақстан», халыққа аса қажет «Қолжетімді баспана», жоғары оқу орнын бітірген жастар үшін «Дипломмен – ауылға», кәсіпкерлік істі алға жылжыту үшін «Бизнестің жол картасы», өндірісті дамыту мақсатында бірнеше жылдар көлемінде жүзеге асып келе жатқан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары.
Өткен жылдың соңында Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы атты елді дамытуға бағытталған ұзақ мерзімдік бағдарламасын да ұсынды. Осында алдағы он жылдықтарға қатысты барлық мәселелер қамтылған.

Бағана жеріміз жөнінде айтқанымызда бір мақтануға тұрарлықтай жайды аттап кеттік. Біздерде небір көркем жерлер бар: Сәкен айтқан «Арқаның кербез, сұлу Көкшетауы», аумағында тылсымға толы Шайтанкөл орналасқан Қарқаралы, Жасыбай, Ақбетімен әйгілі Баянауыл. Сонымен қоса аң-құс, өсімдікке толы қорықтарымыз да бар.

Ендеше, не керек, алыстан іздемей, өз елімізден табуға болады. Олай болса, елімізді мақтайық та, мақтанайық та және қолымыздан келгенше оның әлі де өркендей түсуіне өз үлесімізді қосайық.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − twelve =