ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯ ТАЛҚЫЛАДЫ

0 80

Кеше қалалық мәслихатта өнеркәсіп пен кәсіпкерлік, бюджет, экономика мәселелері бойынша тұрақты комиссияның кезекті жиыны өтті.

Күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Жиынға мәслихат депутаты Уәлихан Досаев төрағалық етті. Мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов бастаған бірқатар депутаттар мен кейбір басқарма өкілдері қатысып, елордаға қатысты өзекті сауалдарды таразы басына тартты.

Алғашқы мәселе салық жөнінде өрбіді. Осы түйткіл хақында баяндама жасаған Салық департаменті бастығының орынбасары Нұр Жартыбаевтың қосымша салық көздерін іздеу мақсатындағы сауалы қайта қарауға жіберілді. Өйткені, олар қосымша салық көздері нысанына табиғи ресурстарды пайдаланудың эмиссиясын көбейтуді ұсынған еді. Бұған «Астана қаласының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ бастығы Болат Ахметов әлі де ертерек екенін, оларды толыққанды ойластыру қажеттігін алға тарты. Сондықтан Сансызбай Есіловтің айтуынша, мәслихатта қаралмас бұрын мұндай әлеуметтік маңызы зор мәселелер алдымен қалалық әкімдікте жете тексеріліп, жан-жақты бағамдалып, толық зерттеліп барып халық қалаулыларына жеткерілуі тиіс. Бұл мәселе қайта пысықтауға қалдырылды.

Екінші түйінді тақырып кәсіпкерлік турасында болды. Нақтырақ айтқанда, маусымаралық сауда павильондарын шығару жайында бірқатар шағымдар түскен. Бұған жауапты – Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы. Бірнеше кәсіпкер сауда павильондарын шығаруға рұқсат ала алмай жүргендеріне арызданған. Сол арызданушы 45 кәсіпкерге аталмыш басқарма жер телімдерін ұсынуы қажет-ті. Алайда, Елбасының тапсырмасымен мәслихат қолдаған сауда павильондарын ашу – тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан шаруаның бірі. Осы күнге дейін осындай сауда орындарын ашуға құлықты, бірақ қол жеткізе алмай келе жатқан кәсіпкердің мұң-зарына құлақ асқан депутаттар осы мәселенің тез арада шешілуін талап етті. «Астанагорархитектура» ЖШС-нің қызметкері Зәуреш Баязитованың баяндамасынан түсінгеніміз, қазіргі таңда 45 кәсіпкер аталмыш мекеменің ұсынған жер аумағына өз павильонын ашуға бейілді болмаған. Бірақ райынан қайтқан осы тізімдегі кәсіпкерлер ендігі жерде кез келген аумаққа хош дей отырып, өз ісін ашпақшы. Тек рұқсат керек-ті. «Біз бұл шаруаны Жер қатынастары басқармасымен бірлесе отырып, жуырда шешеміз. Тізімдегі адамдардың сұранысын орындаймыз» деп нақты уәде берді басқарма бастығының орынбасары Қайрат Қожамжаров.

Бұған барлық қалаулылар тоқайласып, бұл мәселенің ендігі уақытта күн тәртібіне қайта оралмауын қадағалауды тапсырды.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 12 =