«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Турандот» – бірлескен жоба

0 287

«Астана Опера» театрында аталмыш театр мен Қытай ұлттық опера театрының бірлескен жобасы – Джакомо Пуччинидің «Турандот» операсының премьерасы өтті. Дирижерлік пультті әйгілі маэстро, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, операны қоюшы дирижер Алан Бөрібаев басқарды. Жоба елорданың 20 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Премьераға австриялық сопрано Мартина Серафин мен болгар теноры Камен Чанев қатысты.

«Калафтың партиясын әлемнің қаншама сахналарында сан рет орындадым. Бұл рөл техникалық тұрғыдан алғанда күрделі. Ең алдымен актерлік шеберлікпен жоғары деңгейде орындау үшін эмоционалдық жағынан дайындалу керек. Мұнда Лиудың Калафқа деген ерекше махаббаты ойдан шығарылған оқиға емес. Лиу мен Турандот партияларын орындаушылар, танымал қазақстандық әртістер Майра Мұхамедқызы, Жаннат Бақтай және Жұпар Ғабдуллинамен бірге дуэт орындау мен үшін үлкен мәртебе әрі зор қуаныш» дейді Камен Чанев.

Операның сюжеті қатыгез Турандот ханшайым мен Калаф ханзада арасындағы махаббат оқиғасына негізделген. Қыз өзіне сөз сала келген күйеу жігіттерді сынап, үш жұмбақ жасырады. Егер түйінін шешкен жан болса, ханшайым оның жары атанады, ал жауабын таппаса, үміткер жазаға кесіледі.

«Астана Опера» сахнасында ханзадаларды жазалау-жазаламау көріністерін режиссер Давиде Ливермор ассистенттері Сальваторе Никосия және Джанкарло Юдика Кордильямен (Италия) бірге қойды. Жарық бойынша суретші Винченцо Рапони (Италия) және проекциялар бойынша дизайнер Карло Каморали («D-wok» компаниясы). Сахнадағы оқиғаларды әсерлі етуге Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов үлес қосты. Сондай-ақ, суретші сценографтар қойылымдағы екі жүзден аса костюмді әзірледі.

Турандот ханшайымның партиясын Мартина Серафин (Австрия) және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина орындайды. Лиу – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай. Калаф – Камен Чанев (Болгария).

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды