Тұралаған туризм қайта түлей ме?

0 136

Дүниені діңкелеткен Covid-19 індеті жаһандық туризм шаруа­шылығын да орасан зор шығынға ұшыратты. Дүниежүзілік туризм ұйымның мәліметіне сүйенсек, биыл жыл басынан бері саяхатшылардың саны 80 пайызға дейін азайып, әлемдегі әйгілі туристік орындардың 96 пайызы жабылған, миллиондаған адам жұмыссыз қалып, саяхат шаруашылығынан кіретін кіріс жоққа тән болған. «Бұл осы заман тарихындағы, тіпті, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де бұрын-соңды болмаған жағдай» екенін алға тартқан саяхат саласының мамандарды әлем елдерін экономиканы жандандырып, жұмыссыздықты азайту үшін тұралаған туризмді қайта жандандырудың жаңа жолын қарастыруға шақырды.Туризм саласы соңғы жылдары әлемдік экономиканы жандандырып, халықтың тұрмысын жақсартуда, жұмыссыздықты азайтып, кәсіптену орайын арттыруда аса маңызды рөл атқарып келеді. 2019 жылы аталған саланың әлемдік GDP-ға қосқан үлесі 6.8 пайызды құрап, 300 млн жұмыс орынның ашылуына себепші болған. Бұл әлемдегі жалпы жұмыс орын санының 9 пайыздан астамын ұстайды. Міне, осы көрсеткіштерді алға тартқан әлемдік туризм ұйымы 2020 жылы әлемдік туризм 2018-2019 жылдармен салыстырғанда тіпті де жандана түсуі мүмкін деп болжаған еді. Алайда ойламаған жерден сап ете түскен әлемдік пандемия жарты жылға жетпейтін уақытта туризм саласын тығырыққа тіреп тынды. Індеттің қатты асқынуына байланысты көптеген елдерде төтенше жағдай жарияланып, шетелден келетін қонақтарға шектеу қойылып, шекаралары жабылса, карантинге байланысты әлем халқының 3/2-і үйде отыруға мәжбүр болды. Осыған ілесе қатынас-тасымал саласы, қонақ үй, асхана кәсібінің де жұмысы тоқтап, саяхат орындарды жаппай жабылды. Нәтижесінде саяхат шаруашылығынан 2020 жылы «980 миллиард доллар кіріс кіреді» деген жоспар адыра қалып, туризмнен түсетін табыс 450 миллиард долларға дейін қысқарған.

Еуропа туризмінің шығыны ересен

Әлем бойынша індетін 5.5 миллионнан астам адам жұқтырып, 350 мың адам осы індеттен көз жұмды. Қазірге бұл індеттің алдын алудың жұртты үйден шығармаудан басқа өнімді шарасы болмағандықтан, әлем елдерінің көбі іркес-­тіркес төтенше жағдай жариялап, қатаң карантин режимін енгізді. Алайда карантин уақытының ұзаруы әр елдің экономикасына, соның ішіндегі туризм саласына үлкен соққы болды. Әсіресе, жыл сайын туризм­нен 200 миллиард еуроға жуық пайда табатын Еуропа елдерінің экономикасы үшін коронавирус пандемиясы ауыр соққы болып тиді. Мәселен, туризм индус­трия­сы ел экономикасында айрықша маңыз алатын Испанияда туризмнен кіретін кіріс жалпы ішкі өндіріс өнім мөлшерінің 12 пайызын құраса, әрбір бесінші адамның бірі туризм саласы бойынша жұмыс істейтін. Жыл сайын 80 миллионнан астам туристі қабылдайтын бұл ел биылғы жылдың алғашқы жарты жылын індетпен алысумен өткізіп, ешқандай шетелдік саяхатшы қабылдай алмаған болатын. Жақында Испания Премьер-министрі Педро Санчес шілде айында елдің туристер қабылдауға дайын екенін мәлім етті. «Испания туризмге мұқтаж. Біз Испанияда туристерге төніп тұрған қауіптің жоқ екеніне кепілдік береміз» деп атап өтті ол.
Тұтас Еуропаның басқа елдерінде де осындай жағдай болғандықтан, еурокомиссия жақында одақтас елдер үшін туристік маусымда тығырықтан шығудың жолын ұсынды. Ұсыныс бойынша Еуропа елдері жазда вирус індеті бәсеңдеген өңірлерде індеттен сақтану шараларын сақтай отырып, туристік орындарды ашуы тиіс. Еуроодақ басшылығының бұл ұсынысын алғашқы болып Грекия билігі қолдап отыр. Қазір бұл елде шектеу шараларының жеңілдеуіне байланысты археологиялық ескерткіштер ашылды. Мұражайлар келесі айдың ортасынан бастап жұмыс істей бастаса, туристік маусымды ашу шілде айына жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, көптеген Еуропа елдері еурокомиссия көмегінсіз, тек өзара келісім арқылы шекараларын ашуда. Түркия маусым айынан бастап туристерді қабылдайды. Алайда саяхатшыларды қабылдайтын қонақүйлер «салауатты туризм» сертификаттарын алуы тиіс. Сонымен қатар, барлық қонақүйлер «оқшаулау бөлмесін» дайындауға міндетті. Саяхатшының жүктері қонақ үйде арнайы сұйықтықпен тазаланады. Қонақтар кіреберісте орнатылған «дезинфекция туннелінен» өтіп, дене қызуы өлшенеді. Бұл елде туризм, негізінен, нау­рыз айынан басталатын. Алайда әлемді шарпыған індет бұл салаға қатты әсер етті. Әрине, мемлекет қолдау көрсетті. Бірқатар салықтар мен өтемдерді кейінге қалдырып, қонақүй қызметкерлерінің 70 пайызының жалақысын төледі.
Грузия – шетелдік турис­терді қабылдауға дайын алғашқы елдердің бірі. Ел аумағында әлі төтенше жағдай аяқталмағанымен, бұл елде туристік орындарды ашуға дайындық қызу жүріп жатыр. Екі айға жалғасқан карантин салдарынан туризм саласы зор шығынға батты. Енді мемлекет оны қалпына келтіріп, тым болмаса шығындарын өтеп алуға үмітті. Сарапшылар Грузияда туризм саласы жанданатынына сенімді. Осыған байланыс­ты үкімет туризмді жаңғыртуға бағытталған жоспарды жүзеге асыра бастады. Өзге елдермен әуе қатынасты қалпына келтіру жөнінде келіссөздер жүргізіп, шетел қонақтарының қауіпсіздігіне кепілдік бермек.

Онлайн туризм оңтайлы бола ма?

Египет әлемдегі онлайн туризмді дамытқан алғашқы елге айналмақ. Себебі маусымның басында ғаламтор арқылы мұндағы Гиза пирамидаларына алғашқы экскурсия басталады. Оған кез келген адам үйден шықпай-ақ қатыса алады. Бастысы, сайтта тіркелу қажет. Оның құны таңдалған бағдарлама түріне қарай 100 доллардан 300 долларға дейін жетуі мүмкін. Туристік сектордың өкілдері биліктің бұл бастамасын бірауыздан мақұлдап отыр. Олар виртуалды әлем ел экономикасын дағдарыс­тан құтқарады деген үмітте. Сөйтіп өткен аптадан бері бұл туристік компаниялар тарихшы, эколог, ІТ мамандары мен блогерлерді жұмысқа ала бастаған. Барлығы жұмылып, осы айдың соңына дейін осы елдің беткеұстар орындары мен теңіз түбіне жасалатын онлайн экскурсияның пилоттық жобасын әзірлеуі тиіс. Алайда бұған мемлекеттік бюджеттен бір тиын да бөлінбеген. Шығынның бәрін жергілікті кәсіпкерлердің өздері өтейді. Мамандардың болжауынша, онлайн экскурсиялардың арқасында мемлекет шығынның жартылай болса да орнын толтыруды көздейді.
Дей тұрғанмен, бұл елде туризмді жандандыру жөніндегі жобалардың өнімі ойдағыдай болмай тұр. Мәселен, туристік ірі компаниялар биліктің коронавирусқа байланысты қабылдаған соңғы реформаларына қарсы шықты. Себебі бұл елде қонақүйлер өз есебінен ғимарат ішіне антисептик аппараттарын орнатып, үнемі залалсыз­дандырып отырумен қатар, дәрігер эпидемиологтарды жұмысқа қабылдауы тиіс. Мұндай шығындар көп компанияның бюджетінде қарастырылмаған. Сонымен қатар, мейманханалар коронавирусты жұқтырмағаны жайлы анықтамасы бар 48 жасқа дейінгі адамдарды ғана кіргізуі тиіс. Ал ғимараттардың толтырылуы 50 пайыздан аспауы қажет. Кәсіпкерлер бұл ереже жасы 50-ден асқан саяхатшыларды кемсіту деп біліп, наразылық танытып жатыр. Оларға шағын кәсіпкерлер де қолдау білдірді. Жаппай наразы­лыққа туристік фирмалар да қосылды.

Қазақстан туризмінің қадамы қалай болмақ?

Қазақстан туризмі ерекше өркендеген ел болмағанмен, коронавирусқа қатысты ахуал біздің елге де әсерін тигізбей қойған жоқ. Енді-енді аяққа тұра ма деген ішкі туризм саласының да салы суға кетіп тұр. Дегенмен, биыл Қазақстан туристерінің шетел асып саяхаттау мүмкіндігі тым төмен болғандықтан, маусым айынан бастап елімізде ішкі туризмнің жандануынан үміт зор. ҚР туристік қауым­дастығының директоры Рашида Шайкенованың айтуынша, Қазақстан туристік қауымдастығы Алакөл, Бурабай сияқты шипажай курортты орындарға туристер ағыны артатынын болжап отырған көрінеді. «Қазір тек ішкі туризм ғана жанданады деген үміт бар. Себебі карантиннен зеріккен адамдар Қазақстанның ішінде саяхаттауды ұйғарады деп үміттенеміз. Алайда аса сенімді емеспіз. Себебі девальвация мен инфляция тұтынушылардың демалысқа деген қаражатын басқа жаққа жұмсауына ықпал ететіні сөзсіз. Десе де, Алакөл сияқты тағы басқа шипажайлық курортты орындарға, оңалту шараларына сұраныс болуы мүмкін» деді ­Р.Шайкенова
Жылда шетелден келетін саяхатшылардың дені туристік компанияларға жарты жыл бұрын тапсырыс беретін. Биыл ешқандай тапсырыс қабылдағанымыз жоқ. Орта азия саяхатының көшбасшысы Өзбек­с­танда да жағдай осындай. Алайда биыл жылдағымен салыстырғанда ішкі туризм жандануы мүмкін. Өйткені Италия, Франция, АҚШ, Қытай сияқты саяхат шаруа­шылығы дамыған елдерге барып, дем алып қайтуға ешкім тәуекел етпейтіні анық. Бірақ бұл жерде бірнеше ай бойы карантинде отырған халықтың қалтасы көтере ме деген мәселе бар, – дейді «Алтын көпір» халықаралық саяхат серіктестігінің директоры Амантай Тұрсынұлы. Амантайдың айтуынша, туризмді жандандырудың алғы шарты індетті тізгіндеу, індет тізгінделмей тұрып, мемлекет қандай жоспар жасаса да, оның өнімі болмайды.
Шынымен де, биыл екі ай бойы карантинде отырған халық індет тізгінделіп, жағдай сабасына түссе, демалыс орындарына қарай лап қоюы ықтимал. Алакөл, Бурабай және Каспий жағалауындағы туристік орындарға қазірдің өзінде тапсырыс молайған. Баянауылда да туристер молайды деген болжам бар. Осы жағдайға байланысты ішкі туризм жанданса, онсыз да шетелден қымбат Қазақстанның туристік орындары бағаны тіпті аспандатып жібермей ме, саяхатшы ағыны молайса, оларды қабылдап, ойдағыдай қызмет көрсетуге біздің саяхат орындары қау­қарлы ма деген мәселе де алға шығады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + 12 =