©2020 Астана Ақшамы
«ТУРА ЖОЛДА ҚАЙҒЫ ТҰРМАС»
Қазір біреу біледі, біреу білмейді, Қазақстан халқының дінмен қайта қауышуы тәуелсіздікке дейінгі елең-алаңда басталып-ақ кеткен еді. 1990 жылдың басында төл тарихымызда тұңғыш рет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылуы – соның айғағы. Ешбір дін қиянат жаса, жаман бол демейді, дін – ел тыныштығының кепілі, қоғам рухын сауықтырудың, халықты тура жолға салудың қуатты тәрбиелік құралы.
Міне, кеңестік идеология құрсауынан енді ғана арылған қарапайым көпшілік осынау либералдық қағидаға қалтқысыз сеніп, оны бекем ұстанған болатын, сайып келгенде, 1992 жылғы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы құжатының бірі болған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңымызды даярлаған жандардың арқасүйер тиянағы да сол болды.
Бірақ, бір таяқтың екі ұшы бар, шын асылды жасандымен алмастыру, сондай-ақ, діни ілім, танымда қандай болмасын ауытқулар, таяздық пен адасулар орын алуы бек мүмкін. Мұндай қауіптің төнуі ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында Абай, Шәкәрім бастаған қазақ ойшылдары қадап айтқан нәрсенің бірі. Мәселен, Шәкәрім қажы «Тура жолда қайғы тұрмас» деген өлеңінде былайша ескертеді:
Таза діннің шын негізін,
Ұстаған бір пенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ.
Солай болды да. Кеңестер Одағы ыдыраған тұста шын иман, шын тағат неде екеніне бас қатырып жатпайтын, діннің үстіңгі көбігін қалқыған шатпырақ, шатақ діндер жаңбырдан кейінгі көктей күллі ТМД кеңістігіне қаптап кетті.
Сол кездерде Қазақстанның Алматы, Қарағанды сияқты ірі қалаларын сипаты евангелистік, баптистік ұйымдар өрмекшінің торындай жапты, ал оңтүстік және батыс өңірлерін әл-салаф идеясын ту еткен ислами топтар (уаххабшы, тәкфірші, хизбутахриршы т.б.) орап алды. Бұл ахуал жұртшылықтың әлі есінде шығар. Кришна санасы, Бахай, Муна шіркеуі сияқты бұрын-соңды құлақ естімеген «экзотикалық» бірлестіктер – өз алдына бір төбе. Соған исматуллашылар, аллааятшылар, атажолшылар сияқты өз топырағымызда пайда болған діни культтер қосылды.
Бір сөзбен айтқанда, 2005 жылдары қазақ жерінде аты-заты алашұбар, болмысы – бөгде, мақсаты – бұлдыр дінсымақтардың таралу үрдісі өзінің шырқау шегіне жетті. Бұл жағдайда дін саласында қордаланған түйіндер мен шиеленістерді реттеу, тарқату һәм бір жүйеге салу үшін дін туралы қатаң заң қажеттігі жайлы алғаш рет сөз бола бастаған. Алайда, объективті себептерге байланысты заңды жаңғырту, қабылдау кейінге шегерілгені белгілі.
«Астық – жердің өгей баласы, арам шөп – өз баласы» дейді халық. Егістік алқабы түгілі, саяжайда алақандай жеріңді күнделікті тазартпасаң, арамшөп қаулап кетері әркімнің өзіне аян. Қоғамдық сана өрісі тап сол сияқты. Шынайы Құдай жолы, оның әмірі, ақиқатымен өмір сүру – қиынның қиыны. Ол – күнделікті тер төгуді, қажырлы адал еңбекті талап ететін жол. Теріс ағым өкілдері осы кең жолға шақырып жүр ме? Жоқ, әрине. Олар діни білімі таяз, өмір тәжірибесі шамалы жастарды тариқат соқпағына салып, бір дегеннен «шыңға шығаратын» төте жолды ұсынады. Бар бәле осыдан басталады. Егер заңнамалық негізде тосқауыл қойылмаса, теріс діни ілімдер иіріміне тартылған жамағат арамшөптей қаулай берері сөзсіз. Соны көрдік, көзіміз жетті.
Өздеріңе мәлім, осыдан тура бір жыл бұрын солқылдақтың орнына қатаң, нақты тегеурінді тетіктері бар жаңа «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Шыны керек, оны іске асыру, жаңа айтқандай, сана өрісіндегі арамшөпті оруға қолдану мемлекеттің дін саласындағы саясатына жауапты уәкілетті орган – Дін істері агенттігі қызметкерлеріне оңайға соққан жоқ. Кейбір діни бірлестік басшылары қайта тіркеуге суық қабақ танытты, ашық та, жасырын да қарсылықтар болғанын, кей-кейде тіл сындырған молда сияқты қолды «шыбыққа» созуға тура келгенін несіне жасырайық.
Балапанды сары күзде санайды емес пе десеңіз, ауыз толтырып айтарлық нәтижелеріміз мынау. Оның біріншісі – елімізде конфессиялар саны күрт азайды. Бұрындары ресми түрде 46 делінсе, енді олардың небары 17-сі қалды, яғни, жаңағы сан 29-ға кеміді. Келесі жетістік – тіркелген діни бірлестіктердің саны бұрын 4551 болса, дәл бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 3088 болды. Демек, 1463 діни бірлестік кеміді. Сөз етілген екі көрсеткіш күллі дін өрісінде тәртіп пен реттілік салтанат құруының куәсі есепті. Оларға Ата заңымыздың, дін туралы заңымыздың, басқа да заңнамалардың әрбір үтір, әрпін сақтай отырып, қол жеткізгенімізді баса айтқым келеді.
Сөз реті келген соң, дін туралы Заңның жалпы сипатына қатысты мына бір ерекшелікті айта кетейін, онда Қазақстан – еуразиялық ел екендігі ескерілген. «Құдығына қарай – қауғасы» дейді атам қазақ. Біз Шығыс жағалауы мен Батыс жағалауына қатар қол созған елміз. Сондықтан ислам елдері қағидалары тұрсын, ЕуроОдақ елдері паш еткен халықаралық заңдар да бізге сол қалпында келіңкіремейді. Заңның өзіндік моделі сомдалу керек.
Сөйтіп, қабылданған Заңда Қазақстанның ерекшеліктері (дін факторы, діннің даму сатысы т.б. жағдаяттар) ескеріліп, оның дәуірлік ұстанымдары (бірлік, тыныштық, толеранттылық т.б.) сыйдырылды деуге толық негіз бар.
Міне, маңызды саяси науқан – діни бірлестіктердің қайта тіркеу ешбір шу-дабырасыз өткендігі соның жарқын дәлелі болса керек. Айталық, отандық сотқа жүгіну де, шетелдік құқық қорғаушы ұйымдарға шағымдану оқиғасы да тіркелген жоқ. Сол сияқты «сырт көз – сыншылар» да әзірге үнсіз. Себебі, тағы бір діттейін, діни бірлестіктерді тіркеу, рәсімдеу заңнама шеңберінде және жарғыда, басқа да құжатта олар жіберген қатені дәлелдеу, заңсызды шұқып көрсету жөніменен атқарылды.
Дін туралы жаңа Заңға сәйкес тіркеу аяқталып, діни бірлестіктер бір жүйеге түсті. Яғни, діни өрісіміз тазарды һәм реттелді. Осынау шынайы қуанышты хабарды халыққа жеткізу сәтінде «Бидайды көрсетіп, арпа сатпағын» дегендей, жалтағымыз да, қиянат өтірікшілігіміз де жоқ.
Кезінде, 2005-жылдары «бізде 46 конфессия, 4,5 мың діни бірлестік бар» деген асығыстау жасалған дабыра дерек тарады. Одан ұттық па? Жоқ. Біздің қоғам едәуір зиян шекті. Конфессия мен діни бірлестік ұғымдарын бір- бірінен айыра алмайтын кейбір азаматтарымыз «Ойбой, еліміздегі діндердің саны 4 мыңға жетіпті» деп байбалам салды. БАҚ арқылы таралған «басқа дінге өткен қаракөздер саны 300 мыңға жетті» деген қаңқу сөз де өріп жүрді ел ішінде (шын мәнінде дін өрісінде адасқан қандастарымыздың саны 30 мыңның ар жақ, бер жағы ғана болған).
Көпшіліктің көкейіне үрей ұялатып, түрлі ой-топшылауларды туғызған деректердің бір парасы, міне, осылар. Өсіріп айтылған сандар, әрине, зиялы қауым көңіліне кірбің түсіріп, діни ахуалға қатысты түрлі түсінбеушіліктер орын алуына себепкер болды.
Енді мұндай әңгімелерге жол жабық, жаңағыдай қоламтадағы шоқты үрлеуге негіз қалған жоқ деп сендіре аламыз. Бірақ, бұл бәрі реттелді, болды, бітті деген сөзіміз емес. Жұртшылыққа аян, соңғы жылдары қоғамға діни экстремизм тарапынан қауіп төнуде, ең жаманы, оның өз бетінше тыйы-лар түрі көрінбейді. Демек, мемлекет дін саласы саясатына бел шеше араласып, ондағы реттеушілік істерін дамыта жалғастыруға міндеткер. Айталық, Қазақстан үшін дәстүрлі емес конфессиялар саны мен теріс пиғылды діни бірлестіктердің азаю тенденциясы сақталуға тиісті. Өйткені, тұрғындардың білімділік деңгейі, интеллектуалдық потенциалы артқан сайын, қоғамдық сана тұтастығы беки түседі. Бұл – дәлелсіз-ақ айқын көрінетін нәрсе. Азат елдің әрбір азаматы өзінің тілін, этномәдениетін, отбасылық және діни құндылықтарын көздің қарашығындай сақтауға талпынса, құба-құп. Ең керегі сол.
Сонымен, ел тыныштығы десек, қоғамымызды шатақ діндер мен ұлттық мүддеге кереғар теріс ағымдардан арылту шарт, бұл – бір. Мемлекет пен дін бір алаңда болатын ортақ идеология қалыптастыру қажет, екі. Агенттік алдына қойылған мемлекеттік тапсырыстың бірі де, бірегейі де – осылар. Дана Абай елдің береке-бірлікті қашырмай, тыныш болуын бәрінен маңызды санап, «Сәулең болса кеудеңде» деген әйгілі өлеңін:
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол! – деген жолдармен түйіндейді емес пе.
Озық елдердің тәжірибесіне ой жүгіртсек, діни экстремизммен күресудің ең негізгі бағыты – ғылыми ағартушылық екенін көреміз. Демек, біздің еліміз де енді осы өріске бет бұрғаны жөн. Сол үшін алдағы уақытта халықтың рухани-діни сауатын көтеруге (жастардың имандылық тәрбиесі, сапалы оқулықтар мен діни әдебиеттердің таралуы, діни білім беру жүйесінің реттелуі, үгіт-насихат жұмыстары және т.б.) басымдық берілмек. Міне, таңдалып отырған жалпы сипаты ғылыми насихат жұмысы – экстремизмнің алдын алудың басты арқауы боларына сенімдіміз.
Асан ОМАРОВ,
ҚР ДІА «Дін мәселелері жөніндегі
ғылыми-зерттеу және талдау орталығының»
бас ғылыми қызметкері