ТҮПКI ТАРИХТЫ ЖЕТIК БIЛУ – МӘҢГIЛIКТIҢ БАСТАУЫ

0 129

IMG_8911

Ғылым қызметкерлері мерекесі қарсаңында еліміздің бір топ белгілі ғалымдары және қоғам қайраткерлері Түркі академиясында бас қосып, сұхбат құрды. Түріктану саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, өзара талқыға салды. Жалпы, Түркі академиясының жұмыс­тарымен етене танысып, оның әлемдік деңгейдегі бірегей ғылыми-зерттеу орта­лығына айналуы үшін ақыл-кеңестерін қосты.

Қоғам қайраткерлері мен көрнекті ға­лым­дарды ғылым қызметкерлері мерекесімен құттықтаған Түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі академия жайында толымды мәлімет беріп, атқарылған жұмыстар жайлы қысқаша баяндады. Белгілі түрколог Мырзатай Жолдасбеков: «Тікелей Елбасының бастамасымен құрылған Түркі академиясы қатардағы көп институттардың бірі болып қалмай, өзінің жеке әсем ғимараты бар беделді һәм белді халықаралық академияға айналуы керек» деді. Оның ойынша, академия ғылыммен ғана шек­телмей түркі халықтарын жақындастыра түсетін іргелі орталық болуы тиіс. «Түркі» деген түрпідей тиетін тұрпайы сөзден құтылатын уақыт жеткенін  дәлелдермен дәйектеген Мырзатай Жолдасбеков «Түркі академиясы емес, Түрік академиясы деп тайға таңба басқандай етіп дұрыс айтылуы қажет» деді.

Дүниежүзіне танымал антрополог ғалым Оразақ Смағұловтың айтуынша, Түріктің қара шаңырағы – қазақ байтағында осыдан 4-5 мың жыл бұрын өмір сүрген тайпалармен бүгінгі қазақтың көп айырмашылығы жоқ. Оған осы уақытқа дейін сақталып келе жатқан қаңқа сүйектер куә. Сондықтан, Қазақ елінің Мәңгілік ел болуына толық негіз бар. Мәңгі елге айналудың бір бағыты – түпкі тарихты жетік білу. «Бүгінде түркі әлемінің шоғырланып, бірлікке ұмтылып жатқаны өте орынды іс деп санаймын. Сондықтан, академияның атқарар жұмысы өте маңызды. Қазір түркі халықтары 40-қа жақын. Түркі әлемінің тарихы болсын, тілі болсын, терең зерттеуге ұмтылуымыз лазым» деді ойын жалғап.

Депутат Қуаныш Сұлтанов болса Түркі академиясы болашаққа қатысты салмақты зерттеу­лер жасайтын іргелі стратегиялық орталыққа айналуы қажет деп санайды.

Жазушы һәм білгір тарихшы Қойшығара Салғараұлының пікірінше, жалпы адамзат ба­ласының тарихы еуропалық таным, түсі­нікте жазылды. Бүкіл адамзат баласын екіге бөліп тас­тады. Көшпелілерді «жабайы» деп көр­сетті. Осы қасаң қағиданы бұзу керек. «Түр­кология деген өзі «түріктану» ғылымы ғой. Бүгінге дейін түріктану ғылымы болды. Бірақ, оны тек тілдік, яғни, лингвистикалық тұрғыдан қарады. Бірде бір тарихқа жолатқан жоқ» деген ғалым Түркі академиясының  тарихқа қарай бет бұрғаны қатты қуантқанын жеткізді.

Танымал әдебиеттанушы Сейіт Қасқабасов: «Қазір төртеудің түгел болып тұрғаны көңілге қуаныш сыйлайды. Алдағы уақытта алтау ала болмай, Түркі академиясы шаңырағы астында біріксе, еңсерілмейтін іс болмас еді» деді толғана. Ғалым академия гуманитарлық саламен тоқталмай, ғылымның өзге де салаларын қамту керек деп ойлайды. Академияның әлемде болып жатқан алуан өзгерістерді бағдарлай, зерделей алатын үлкен заманауи зерттеу орталығына айналғанын қалайды. «Астана – Мәңгілік ел идеясының бастауы екендігін өзгелерге көрсетуіміз керек» деген қоғам қайраткері Түркі академиясының түркологияның орталығына айналарына бек сенімді.

Түркі әлемінің белгілі зерттеушілерінің бірі Әділ Ахметов шетелдегі түркологиялық орталықтармен байланысты күшейтуді ұсынды. «Мысалы, Британия кітапханасында түркі дүниесіне қатысты құнды мәліметтер жатыр. Кембридж университетінде де түркологиямен айналысатын бір орталық бар. Ол жерде де түркі әлеміне қатысты көп қолжазбалар бар екен. Олармен де байланыс орнатсаңыздар ұтылмайсыздар» деді. Ал, мәжілісмен Алдан Смайыл: «Түркі академиясы әлемдік түркологтардың теңдесіз орталығына айналуы тиіс» деді. Академия зерттеген жетістіктерін мектеп оқулықтарына енгізіп, жоғары оқу орындарына арнаулы бағдарлама ретінде ұсынып отырғаны ләзім. Депутат сонымен қатар, академия жанынан жалпы түрік мұраларын түркі тілдеріне аударатын орталық ашып, түрік халықтарының ортақ энциклопедиясын әзірлеуді ұсынды.

Бұдан соң Сенат депутаты Нұрлан Оразалин, белгілі философ Ғарифолла Есім, мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған, танымал түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы, атақты археолог ғалым Зейнолла Самашев сынды зиялылар да өз пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында жақында 75 жасқа толған белгілі тарихшы, профессор Қойшығара Салғараұлы түбі бір түркі халықтарының тарихын зерделеу және насихаттау жолындағы көп жылғы еңбегі үшін Түркі академиясының құрмет грамотасымен марапатталды.

Зиялылар Түркі академиясында бұдан былай жиі жиналып, келелі сұхбат жасап тұруға келісіп тарасты.

Жұмағазы Кенжебеков

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 9 =