Түп-тамырымен жояйық

0 69

Қазақтың бағына біткен ұлы ақыны Абай атамыз: «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы секілді тез суалар» демекші, тарихы тереңнен бастау алған бұл сыбайлас жемқорлық бүгінде күллі әлем жұртшылығына өз зардабын тигізіп отыр.Сыбайлас жемқорлық – тамырын тереңге жайған, халыққа кесірін тигізетін, онымен қоса әлеуметке айтарлықтай залал келтіретін ауыр дерт. Тұғырын кеше ғана көтерген жас мемлекетімізді бұл індет айналып өтпеді. Халқымыздың қанына сіңіп, санасын улаған парақорлық күннен-күнге өршіп, ел дамуына кері әсерін тигізіп жатқаны баршамызға мәлім. Себебі заман талабына сай адамдар рухани дүние­ден гөрі материалдық жағдайын басты орынға қойып отыр. Әрине, осындай жайттардан соң қоғамда өсу, алға жылжу болмайды. Көбіміз елде тек билік қана жемқорлықпен күресуі тиіс деген теріс пікірдеміз. Дұрыс, мемлекет – басты күресуші. Халық қалаулылары, билік басында отырған лауазымды тұлғалар өз істеріне әділ болып, халыққа үлгі боларлықтай жұмыс жасап, жеке басының қамын ғана ойламай, ел мүддесін қорғаса деп ойлаймыз. Бірақ қазіргі кезде байқап жүргеніміздей, қолында бар кезде қонышынан басып қалатындар аз емес. Сол үшін біз тек билік басындағылардан әрекет күтпей, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылып, халық болып, ел болып осы дерттен айығуға өзіміз де атсалысуымыз тиіс. Болашақ өскелең ұрпаққа жемқорлықтың ұшқынын көрсетпей, олардан елім деген азаматтарды тәрбиелеу біздің ендігі мақсатымыз болып отыр.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, халықаралық деңгейіне көлеңке түсіреді. Жалпы, бұл туралы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында:
«Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегия­ны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру» делінген.
Осы уақытқа дейін біз сыбайлас жемқорлықпен күресу қажет деп келсек, ендігі уақытта басты идеологиялық құжатымыз – стратегияда көрсетілгендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл деп айтамыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді, ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілеті. Еліміздің қаржысын талан-тараж етпей, халықтың еңбегін ысырап қылмай, діттеген жоспарға жету, дамыған мемлекеттердің отыздығына ену бірінші кезекте екендігін осы Жолдаудан-ақ көрсек болады. Бүкіләлемдік рейтинг бо­йынша еліміз 183 мемлекеттің ішінде 120-орынды тұрақтапты. Әзірге мемлекетіміздегі парақорлыққа қарсы ұйымдастырылған бағдарламалар мен заңдардың пайдасы көрінер емес. Жемқорлық проблемасын зерттейтін лондондық журналист Ник Кочан «Саясат пен бизнес араласып кеткен Қазақстанды парақорлық жайлаған» дейді. «Көш жүре түзеледі» деген халықпыз. Сондықтан өзімізді өзіміз қамшыламасақ, бізге өзге жұрттың жаны ашымасы анық.
Қысқасы, ел болып еңсемізді көтеріп, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылдық. Мемлекетіміздің тамыры тереңге жайылып, нығая түсуге бағытталған құқықтық заңнамалар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды. Бұл жол – Елбасымыз таңдаған сыбайлас жемқорлықты жою жолы. Міне, осы бағдарламаны Қазақстан азаматтарының санасына сіңіру, жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілікті жеткіншек ұрпақтың санасына жеткізуіміз керек.

Балжан ЖҮРСІНТАЙ,
№26 мектеп-гимназиясының
9-сынып оқушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 9 =