ТҰНЫҚ ЖЫРДЫҢ ТҰМАСЫ

0 204

1415170028_l (1)

Көпшіліктің назарын аударған XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі 3 қараша күні басталған болатын. Түрлі бағыттағы талантты жастардың басын қосқан бұл байқауда жыр сүйер қауым асыға күткен «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша алға озған ақындар анықталды.

Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен дүбірлі додаға қатысуға талап білдірген 150 үміткер фестиваль шымылдығын түргенге дейін қазылар алқасы 100 шайырды іріктеп алды. Биылғы байқаудың бұрынғыдан өзгешелігі қатысушы жастардың жырлары Әдебиет порталында ашық жарияланып, оқырмандар ұнаған ақынға дауыс беруге мүмкіндік алды. Сұрыпталған жүзден жүйрік шыққандардың есімі бейсенбі күні белгілі болды.

Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулет жеңімпаздарды анықтағанда, кейбір ақындарға келгенде ғана пікірталас туғаны болмаса, төрешілердің ойлары бір жерден шыққанын, тіпті, оқырман пікірлерін де ескергенін айтып, «бұл байқау таланттардың келешегіне жол ашады» деп жас ақындарға сәттілік тіледі.

1415167275_l

Сонымен, биылғы «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша Гран-при жүлдесі Түркістаннан келген талантты жас ақын Батырхан Сәрсенханға бұйырды. Ал, жүлделі 1-орынды Олжас Қасым, 2-орынды тараздық Хамит Есаман, 3-орынды қарағандылық Жадыра Байбұланова иеленді.

Сондай-ақ, халықаралық конкурстың арнаулы сыйлықтарымен 7 ақын марапатталды. Астана қаласы әкімдігі белгілеген ҚР Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы сыйлықты Әлия Іңкәрбек және Нағима Өтепова атындағы арнайы сыйлықты Калиша Жақыпова алды.

«Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» Интернет-жобасы тағайындаған Әмірхан Балқыбек атындағы арнайы сыйлығының иегері – Бекзат Смадияр, Әбділда Аймақ атындағы арнайы сыйлығының иегері – Шерхан Талап.

Сонымен қатар, «Фолиант» баспасының Кәкімбек Салықов атындағы арнайы сыйлығына Динара Мәлік, «Ұлт» порталының Төлеужан Смайылов атындағы арнайы сыйлығына Нұржан Қадырәлі, «Жұлдыз» журналының Ғафу Қайырбеков атындағы арнайы сыйлығына Саян Есжан ие болды.

Басқа аталымдардың жеңімпаздарымен қатар «Үздік әдеби шығарма» аталымының жүлдегерлері бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін салтанатты жабылу кешінде ресми түрде марапатталады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 10 =