ТҰҢҒЫШТЫҢ БИІК ТҰҒЫРЫ

0 183

Ертең, яғни 12 сәуір күні – Халықаралық космонавтика және авиация күні. Дәл осы күні адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Гагарин «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарышқа аттанған болатын. Міне, содан бері ғарышқа жүздеген адам ұшып, әртүрлі жаңалық ашты. солардың ішінде Тоқтар Әубә­кір­овтің есімі еліміз үшін ерекше. Себебі оның аты ұлт тарихында қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер ретінде алтын әріптермен жазылып қалады.

8787

Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде «Ғарыш – келешектің кемел жолы» атты Тоқтар Әубәкіровпен кездесу кеші өтті. Кездесуге ұстаздар қауымы, мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкерді мектеп ұжымы 800 оқушының қатысуымен өткен флешмобпен қарсы алды. Тоқтар Оңғарбайұлы жаны кіршіксіз таза балалардың риясыз қошеметіне шат-шадыман болып, алғысын айтты. Ал мектеп директоры Роза Болатаева ғарышкерге лицей оқушыларының қолы­нан шыққан туындылар қойылған көрмені көрсетті. Содан кейін қонақтар үл­кен залға өтіп, оқушылармен кездесу өтті.

«ҒАРЫШКЕР БОЛУДЫ АРМАНДАМАДЫМ»
Гагарин ғарышқа ұшқан кезде, бала Тоқтар небәрі 15 жаста болған екен. Барлық бала ғарышкер болуды армандап жатқан кезде, ол ұшқыш болуды алдына мақсат етіп алады.

– Ғарышкер болу тамаша, бірақ мен ұшқыш боламын деп алдыма мақсат қойған болатынмын. 1991 жылы Алматыдағы Шымбұлақта шаңғы теуіп жүргенде достарым хабарласып, «Ғарышқа ұшатыныңды бізден неге жасырдың? Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшады» деп айтты ғой. Бізге бұл жаңалықты неге айтпадың» деп ренжіді. Бірақ сол кезде бірінші рет ғарышқа ұшатынымды естідім. Президентпен кездескенде: «Нұреке, менен бір ауыз сұрамай неге бұлай жасадыңыз?» деп айттым. Бұған дейін 2-3 жылдай кездесіп тұрғаннан кейін арамызда сыйластық пайда болған еді. Сол кезде Талғат Мұсабаевты да алғызған мен болатынмын. Алайда өзім ғарышқа ұшамын деп ешқашан ойлаған емеспін. Өйткені ол кезде ғарышкерге қарағанда сынақшы-ұшқыштың беделі жоғары болатын. Оның үстіне, ғарышкерлердің өзі сынақшы-ұшқыштарды жоғары бағалайтын еді. Содан не керек, Президент: «Міне, 30 жылдан бері «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарышкерлер ұшып жатыр. Алайда бірде-бір қазақ ұшқан жоқ. Сала мамандарынан сұрастырып едім, ғарышқа сені ұша алады деп айтты. Сондықтан да өзің үшін емес, қазақ халқы үшін ғарышқа ұшуың керек» деп тығырыққа тіреді, – деді Тоқтар Оңғарбайұлы.

7806

«АЗАМАТ БОЛУЫМ – АНАМНЫҢ АРҚАСЫ»
Тоқтар Әубәкіров – қазақтан ғана емес, сонымен қатар түрік халықтарының ішінен шыққан тұңғыш ғарышкер. Сол себепті оны иісі түрік халықтары құрметтеп, жоғары бағалайды. Алайда шексіз құрмет-қошеметті ғарышкер қалай көтеріп жүр? Қазақта «семіздікті қой ғана көтереді» деген керемет тәмсіл бар. Десек те, Тоқтар Оңғарбайұлы қазақтың ыстық ықыласын асып-тасымай, абыроймен көтеріп жүр.

– Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер болу бір жағынан мақтаныш болса, екінші жағынан мойынға үлкен жауапкершілік жүктейді. Егер мен осы жерде өзімді дұрыс ұстамай, мәдениетсіздік танытсам, онда сіздер «Тоқтар ағамен мақтанушы едік, алайда ол бізге үлгі көрсете алмады» деп ренжисіздер ғой. Осындай келеңсіздік болмас үшін әрдайым өз-өзімді ұстап, үлгі болуға тырысып жүремін. Жалпы, менің осындай елдің азаматы болып қалыптасуыма мектеп оқымаған анам ықпал етті. Өйткені олардың өмірден алған білімдері қазіргі педагогтардан еш кем болған жоқ. Анам марқұмның «Үлкеннің алдын кеспе, кішіпейіл бол» деген сөзін әрқашан қаперде ұстап келе жатырмын. Бүгінде халықтың қошеметіне бөленіп жүруім анамның берген тәрбиесінің арқасы шығар деп ойлаймын, – деп жауап берді ғарышкер.Сондай-ақ, ол оқушылар бір-біріне қам­қорлық көрсетіп жүруі керек деп ақыл айтты. Егер балалар өзара қамқор болса, одан болашақта айтулы азамат шығады.

– Қандай білімді болсаңдар да, өздеріңді өмірде ешкімнен артықпын деп санамаңдар. Өзім барлық сабақты беске оқып қана қоймай, сонымен қатар, сыныптастарыма да көмектесетін едім. Сондықтан да қасымда отыратын достарым үнемі мен сияқты бестік баға алып отыратын. Бір-бірлеріңе көмектесіп, адал болуларың керек. Ал өтірік деген бәрібір бір кезде шығады. Сол себепті өтірікті айтпауға әдеттеніңдер. Ал арларыңды ешқашан сатпаңдар. Егер арларың бір тиынға сатылып кетсе, содан кейін оны әлемнің барлық алтынына сатып ала алмайсыңдар, – деді ғарышкер.

ҚАЙРАТКЕРЛІК ҚАСИЕТІ

Ғарышкермен кездесуден кейін талай оқушы «Мен Тоқтардай тұл­ға боламын» деп өз-өзіне уәде бе­руі әбден мүмкін ғой. Өйткені оның әсерлі әңгімелері балалар тұр­мақ, ересектердің өзін бейжай қалдырмайды. Ал Тоқтар Оңғар­байұлының өмірінде есте қаларлық қандай тамаша сәттер орын алды? Сондай-ақ, ғарышкердің өмірінде ерекше әсер еткен тұлға кім?

– Кеңес өкіметі кезінде Азия, жалпы мұсылман халықтарының ішінен шыққан азаматтарды аса құпия жерлерге жібермейтін еді. Ал мен жай ұшқыш ретінде біраз жетістікке жеткеннен кейін сынақшы-ұшқыш болғым келді. Бірақ та ол жаққа мені жолатпады. Бірнеше рет сынақ тапсырып, хат жаздым. Содан кейін Қиыр Шығыстан Алматыға ұшып келіп, Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауына кірмек болдым. Өкінішке қарай, ол кісі Брежневпен Үндістанға ұшып кетіпті. Оның көмекшілері «Димаш Ахметұлына хат жазыңыз» дегеннен кейін қысқа-нұсқа өзімді таныстырдым да, «сынақшы-ұшқыш болғым келеді. Бұрын-соңды қазақтан сынақшы-ұшқыш шыққан емес» деп түйіндедім. Қонаев Саяси бюро мүшесі болғандықтан, КСРО-ның Қорғаныс министріне менің хатымды тапсырыпты. Шыны керек, оның айдалада жүрген баланың хатын тастамай, Қорғаныс министріне тапсырғанына таңғалдым. Мен сол кісінің арқасында сынақшы-ұшқыш болдым. Бұл оқиғаны ешқашан ұмыта алмаймын. Димаш Ахметұлының адамгершілігінен үлгі алып, өмір бойы осындай азамат бола аламын ба?» деп келе жатырмын, – деді Тоқтар Әубәкіров. Бір кезде Дінмұхамед Қонаевты үлгі тұтқан азаматтың өзі бүгінде аңыз-адам. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Тоқтар Оңғарбайұлы ғарышкерден қайраткерге айналды.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 20 =