«ТҰҢҒЫШ» СӨЗIН ТIЛ ҰШЫНА ОРАЛТАР

0 109

Шайсұлтан Шаяхметов

Шайсұлтан Шаяхметовтің өнегелі өмірі туралы не білеміз?

Биыл қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, Мәскеу халықаралық шығармашылық академиясының толық мүшесі, Американың Гранд Каньон университетінің құрметті профессоры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі Шайсұлтан Шаях­метов тірі болғанда 75 жасқа толар еді. Ғалымның мерейтойын жаз соңы, күз басында туған жері – Қостанай облысының Наурызым ауданында кеңінен атап өту жоспарланып отырса, той әлқиссасы Астанада шертілді. Осындағы өзінің атын иеленген Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ардақты азаматтың әруағын бір аунатып, «Шайсұлтан Шаяхметовтің өнегелі өмірі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Шынымен де, Шайсұлтан Шаяхметовтің өмірі кім-кімге болсын үлгі етуге тұрарлық. Ол жайында айтқанда, «тұңғыш» деген сөз еріксіз тіл ұшына оралады. Әулиекөлдегі орта мектепті алтын медальмен бітірген тұңғыш түлек, самбо күресінен спорт шебері атағын алған тұңғыш қазақ, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі – осының бәрі де оның тұлғасына қа­тысты айтылады.

Шайсұлтан Шаяхметов Білім ми­­нистрі қызметіне 1987 жылы таға­йын­далды. Ал, ол КСРО-ның іргесі сөгілмей тұрған кез. Содан 1993 жылға дейін осы саланы алға сүйреп, ысты­­ғына күйді, суығына тоңды. Сол уақытта ел, ұлт болашағына қа­тысты көп­теген мәселелерді айтып, жазып жүрді. Әсіресе, оны ана тіліміздің жайы алаңдататын. Айтып, жазып қана қоймай, нақты істердің қолға алынуы­на да мұрындық болды. Соның бір дәлелі – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы. Осы ұйымның құрылуына ұйытқы болған адамдардың бел ортасында Шаяхметовтің есімі тұр.

Еліміз тәуелсіздігін алмай тұр­ған тұста: «Халқымыздың өзіне тән ұлттық ерекшеліктеріне, тіліне, мәдениетіне қауіп төнуі респу­­бли­­­камыздың экономикалық, әлеу­мет­тік, демографиялық жағдай­ла­рымен қат-қабат байланысты ұл­ғайып отырды. Жасыратыны жоқ, қазақ тілін дамыту мәселесі, оны ба­лабақшаларында, оқу орындарында оқып-үйренуді жақсарту жайы, ұлттық әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді қадірлеп-қастер­леу, дәріптеу көптеген жылдар бойы үкіметіміздің, тиісті ми­нистр­­ліктер мен ұйымдардың, ме­кемелердің, халық ағарту орын­дарының назарынан тыс қалып келді» деп жазған еді Шайсұлтан Шаях­метов «Қазақстан коммунисі» журналына ащы шындықты паш етіп.

Әрі қарай 1990 жылы жарық көрген осы мақаласында: «Өткен 1960-1986 жылдар аралығында бес жүзден аса қазақ мектептерінің ешбір негізсіз жабылғандығы немесе аралас мектептерге айналдырылғаны, кейде, тіпті, санда бар санатта болмағандығы, соның салдарынан қазақ мектептері шәкірттерінің өсу деңгейі күрт тө­мендеп кеткендігі көпке белгілі. Ендігі жерде негізгі қимыл-әрекетімізді біз осы олқылықтардың орнын толтыру жолында жүргізгеніміз абзал» деп, айтқанын орындауға білегін сыбана кірісті.

Алып одақтың күйреуі алдындағы сол кезеңнен бастап, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қазақ мектеп­терінің саны ұлғаюына күш салды. Ал, ол жылдары ұлттық мектептер едәуір молая түсті. Мәселен, алысқа бармай, өзіміз оқыған мектепке келсек, орыс тілінде ғана білім беріп келе жатқан оқу орнында 1992 жылы қазақ сыныптары ашылды. Соның арқасында мектепті қазақша бітірдік. Сондықтан қазақ журналистикасында жүруіміздің алғышарты сол уақытта жасалды деп ойлаймыз.

Туған жер

Туған жер – батысым да, шығысым да,
Ортаймас қазынам да, ырысым да.
Туған жер – көкей тескен күй-өлеңім,
Жеңіл сөз емес тұрған тіл ұшында.

Туған жер – қалың қара орманымсың,
Қабырғам қайысқан шақ қорғанымсың.
Келемін ой-қырыңды жаяу шарлап,
Шайқалтып өзгелер-ақ жорға мінсін.

Шешедей бала қамын мың ойлаған,
Қарайсың қайда жүрсем сынай маған.
Қанықпын ыстығың мен суығыңа,
Сен мені шынықтырған, шырайлаған.

Жырақта жүру қиын бір ай маған,
Құлындай енесіне қарайлаған.
Ойнақтап оза шауып, қайта оралып,
Туған жер, өзіңді мен шыр айналам.

«Болашақ» бағдарламасына биыл 20 жыл толды деп жүрміз. Ақи­қа­тын айтсақ, бұл бағдарламаның негізі Шайсұлтан Шаяхметов Білім министрі болған кезінде қаланды. Оған «Қазақ әдебиеті» газетіне 1991 жыл­ғы 23 тамызда шыққан сұхбаты дә­лел. Шет елдермен байланыс жайында тіл­­шінің сұрағына ол: « 1989-1991 жыл­дары министрлік 15 шет мем­ле­кет­тің министрлігімен, мекемелермен, жоғары оқу орындарымен байланыс жасады. Нәтижесінде, АҚШ-пен, Қытаймен, Германиямен, Польшамен, Испаниямен 5 ірі келісімшартқа отырдық. Атап айтатын болсақ, дәл бүгінгі күні қазақстандықтар 16 мемлекетте білімдерін арттырып жүр» деп жауап берді.

Қазірде өзекті болып келе жат­қан терминология жайы да Шайсұлтан Шаяхметовті алаң­дататын. Осыған өзі үлес қосып, химия саласы бойын­ша қазақша-орысша екі терми­но­ло­гиялық сөздіктің авторы атанды.

1998 жылдың 12 наурызын­да «Қа­зақстан Республикасы Мәде­ниет, ақ­парат және қоғам­­дық келісім ми­нистр­­лігі­нің жанынан Респуб­ли­ка­лық мем­ле­кеттік тілді жедел­де­тіп оқы­ту ор­талығын құру туралы» сол кездегі министр Алтынбек Сәр­­сен­баевтің №43 бұйрығы шы­ғып, оған осы орта­лықты құру жө­нінде бас­­­таманы бірін­ші болып көтерген Шай­сұлтан Шаяхметов басшы болып таға­йындалды. Үкі­мет­тің қаулысымен орта­лық 1999 жыл­дың қазанында өз жұмысын бас­тады. Шаяхметовтің арманы бұл ор­талықты халықаралық деңгейдегі ұжымға айналдыру бола­тын. Алайда, бұл арманына жете алмай, 2000 жылы кенеттен қайтыс болды.

2008 жылдың 14 қаңтарында ор­талыққа ғалымның аты беріліп, ол Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетіне қарасты «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік қазы­налық кәсіпорыны болып аталды.

Кейінгі жылдары орталықтың жұ­мысы шатқаяқтап қалды. Қыз­мет­керлеріне жалақы айлап төленбей, жабылу алдында тұрды. Былтыр бас­шылығына филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек келіп, қазірде істің оңалуына бар күшін салуда. Оның айтуынша, келесі жылдан бастап қолданбалы, іргелі ғылыми жұмыстарға қатысуға құқық алған орталық жұмысын ке­ңейтейін деп жатыр.

Шайсұлтан Шаяхметов жайлы Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері, режиссер Қалила Омаров деректі фильм­ түсіруді қолға алыпты. Фильм осы жылдың аяғында дайын болуы ке­­рек. Ол туралы бізге фильмнің екін­ші режиссері Әб­ді­рахман Омаров жеткізді.

Шайсұлтан Шаяхметов жайлы айтқанда, айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт – оның ақындығы. Ақын­дық жолды қумаса да, төрт аяғын тең басқан, ұйқас-ырғағы бұзылмаған, мағынасы да терең, жүрек лүпілін сездіретін еш жерде жарияланбаған өлеңдеріне ғалым туралы жазылған «Жүзіне қарасаң жүрегі көрінетін жан» кітабында жолықтық.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × two =