«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұңғиық ойдың келбеті

0 263

Ұлттық музейде белгілі қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұловтың «Көңіл көктемі» атты көрмесі ашылды. 12 желтоқсанға дейін жалғасатын көрмеге автордың 100-ден астам картинасы қойылды.

Суретшінің балалық шағынан қалыптасқан таным-түсінігі мен қоршаған орта туралы қиял көкжиегі «Менің балалық шағымның ауылы», «Белдесу», «Керуен», «Ойын» сынды туындыларынан көрініс тапқан.
Мамандардың пікірінше, Алпысбай Қазығұловтың туындыларында берілген шынайы өмір көріністері – жай ғана көшірме емес, ол шебердің қылқаламына ғана тән өзіндік жеңіл мәнері айшықталған шығармалар. Картиналарынан суретшінің жан тебіреніс­терін, көркем әлемін тамашалауға болады.
Алпысбай Қазығұлов туындыларының өзіне тән даралығы бар. Көп шығармалар арасынан оның еңбектерін оңай тануға болады. Ол көңіл-күйдің әсем көріністерін өзіндік шеберлікпен үйлестіреді. Сондықтан да болар, автор шығармаларының басым бөлігі қарабайыр тіршілік көріністеріне емес, тұңғиық ойдың көркем келбетіне арналған.

Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор:

– Бүгінгі көрмеде әдемілікпен, әсемдікпен қауышып отырмыз. Алпысбай Арал теңізінің жағасында туып өскен. Бүгінге дейін 5000-нан астам сурет салған. Алпысбайды Қазақтың Пикассосы десек, артық болмайды.

Гүлзейнеп ПАЗЫЛОВА, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы:

– Алпысбай Қазығұлов – қазақ бейнелеу өнерінің хас шебері. Суретшінің шығармалары кеңінен танымал. Жеке көрмелері Ресей, Ұлыбритания, Жапония, Түркия тағы басқа елдерде өткізілген. Бүгінгі көрменің авторы әлемдік өнерге қосқан сүбелі үлесі үшін Еуропа өнер одағының Масарик атындағы сыйлығымен марапатталған. Ол тек Алпысбай ағаның шығармашылығына ғана емес, бүкіл қазақ халқының мәдениетіне берілген үлкен марапат деп танимыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды