©2020 Астана Ақшамы
Тұмау тұралатпасын
Тұмау және жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайтын бірнеше ауру түрлері ЖРВИ, яғни, жіті респираторлы вирусты инфекция ауруларына жатады. Сондай-ақ, оларға тұмаудан басқа парагрипп, аденовирусты, риновирусты т.б. көптеген вирусты жұқпалар да жатады. Бұл аурулардың қоздырғыштары әртүрлі вирустар (А,В,С) және олар әлемде кең таралған.
Әрбір ересек адам кем дегенде жылына 2 рет, оқушылар 3 рет, мектеп жасына дейінгі балалар 6 ретке дейін тұмау немесе ЖРВИ-мен ауырады екен. Біздің жерлерде тұмаудың бас көтеруі суық түскен кезде қыс айларында басталып, кейде көктемге дейін созылады.
Тұмау – жіті вирусті инфекция тыныс жолдарының зақымдануымен және ағзаның улануымен көрінетін ауру. Тұмау ауа арқылы науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде қоршаған ортаға таратылып сау адамдарға жұғады, әсіресе, жұғу мүмкіндігі бастапқы күндері өте жоғары. Жас балалар мен жүкті әйелдер және қарт адамдар немесе созылмалы ауруы бар адамдар үшін тұмау – өте қауіпті. Өйткені, оларда тұмау ауыр түрде өтеді және асқынуларға әкеліп соқтырады. Ауырғандардың 10-15 пайызы асқынуға шалдығады, ал ең жиі кездесетін асқынулар: өкпенің қабынуы, отит, гайморит, менингит.
Науқас адам тұмау басталысымен міндетті түрде дәрігерге қаралуы керек.
Тұмаудың алдын алу жолдары: тұмау басталар алдына 1-2 ай бұрын тұмауға қарсы вакцина алу керек. Тұмаудың алдын алу үшін 0.25%-0,5% оксалин майын күніне 2-3 рет мұрын ішіне жағу керек. Құрамында С және Р витаминдері бар сұйықтарды итмұрын тұнбасын, бал қосылған шай, сүт, жеміс-жидектерден жасалған сусындар (компоттар), әртүрлі жеміс шырындарын көп мөлшерде жылы күйінде ішу керек, лимонды көбірек қолданған жөн. Пияз, сарымсақты (чеснок) тамаққа молырақ қосу керек. Тұмау кезінде антибиотиктерді қолдануға болмайды, өйткені, олар вирусқа қарсы әсер етпейді, керісінше, вирусқа қарсы күресті азайтып, ағзаның қорғаныс жүйесін – иммунитетті әлсіретеді.
Көкенай ТАШИМОВА,
қалалық жұқпалы аурулар
ауруханасының СӨС дәрігері