«Тұлпардың» сыны кетіп тұр

0 108

Бас қалада самаладай самсыған ғимараттардың сәулетінен көз сүрінеді. Дегенмен қаздай тізіліп сап түзеген сол ғимараттардың арасында сырты жалтырап, іші қалтырап тұрғандары да жоқ емес. Құрылыс сапасын тексеріп өткізіп алатын орындармен ымыраласып, көз бояушылықпен тапсырылып кететін құрылыстар да бар. Соның бірі – Есіл ауданына қарасты «Тұлпар Элит» тұрғын үй кешені.

Мәңгілік ел даңғылы мен Орынбор көшесінің қиылысына орналасқан бұл тұрғын үй кешені 2015 жылы пайдалануға берілген. Құрылысты «Альтаир СК7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған. 160-тан аса отбасы тұратын бұл кешендегі үйлердің жалпы сапасы жаман емес. «Алайда құрылысты салған компания кешенді тапсырған кезде соңғы жұмыстарын толық аяқтамай тұрып, тапсырып жіберген» дейді тұрғындар.
Айтып-айтпай, тұрғын үй кешенінің атағы алатаудай болғанымен, қазіргі жағдайы көңіл көншітерлік деңгейде емес. Қасбеттің жапсырмасы түсіп жатыр. 5-6 қабаттық ғимараттың дөдегесіндегі түскелі тұрған кірпіштерге байланысты ПИК ешқандай қауіпсіздік шараларын қолданбаған. «Біреудің басына түсіп жазым қыла ма деп алаңдаймыз. Бала-шағаның басына түссе тіл тартпай кетеді ғой. ПИК-ға айта-айта жалықтық» дейді тұрғындар құлаған кірпіш түсіп майысып кеткен қоршау темірлерді көрсетіп.
Үйдің сыртындағы кірпіштері ғана емес, екі бағыттан кіретін баспалдақтар да ұзын уақыт күтім көрмегендіктен, күн жеп, жел жеміріп тозып кеткен. Балалар алаңқайының да әбден тозығы жеткен, қоршауының діңгектері сынып, құлағалы тұр. «Баспалдақтардың кірпіштері құлап жатқанына көп уақыт болды, ПИК-тен қайыр болмаған соң, жұмысшыны өзіміз тауып әкеп жасатып жатырмыз. Қоршау темірлерді де өзіміз орнатып, өзіміз сырладық» дейді Құдайберген Тұрсын.
– Бұл тұрғын үй кешеніне жауапты кооператив 5 жылда қоқысты тазалап, қыста қарын шығарғаннан басқа ешқандай жұмыс істемейді. Тұрғындар төлеуге тиісті қаражаттарын уағында төлейді, ал бұлар ақшаны алады да, кешенде күтімдеу жұмыстарын жүргізбейді. Бір отбасы ай сайын орта есеппен 15 мың теңгеден тапсырады десек, 160 түтіннен ай сайын 2,5 миллион ақша түседі ПИК-қа. 5 жылдан бері жиналған сол ақша қайда? Автотұрақтың да төбесінен жазда жаңбыр, жазғытұрым еріген қардың суы өтіп, әбден сиқы кетті. Тұрақ ішіндегі дәретхананың сасыған иісі қолқаны қабады. Қауіпсіздік қажеті үшін қалдырылған екі есіктің бірін біреулерге сатып жіберген. Олар қазір көлік жуу орнын ашты. Алда-жалда өрт шықса, осынша көп машина жалғыз есіктен қалай шығып үлгереді? – деді аталған тұрғын үй кешенінің тұрғыны Күнсұлу Боранбайқызы.


– Құрылысты тапсырған кезде өрт қауіпсіздік мәселесін қадағалап тексеріп өткізіп алмаған. Өрт сөндіретін жабдықтар бір бұрышта үйіліп әлі жатыр. Ең үстіңгі қабат техникалық қабат болуы керек қой, ол да тұрғын үй ретінде басқаларға сатылып кеткен. Сонда еліміздің заңы қайда қалды? Қауіпсіздік талаптары қайда? – дейді кешен тұрғыны Қанат Аманов.
Біз аталған тұрғын үй кешеніне жауапты ПИК бастығын неше рет іздеп барсақ та кездесе алмай, телефонмен тілдестік. Алдымен аты-жөнін ашық жазудың керек еместігін айтқан ол сұрақтарымызға да келте жауап қайырды. «Қасбеттерге жапсырылған кірпіштерді заң бойынша 4 жылда бір тексеру керек. Біздің тұрғын үй кешені де өткен жылы тексеріс­тен өтті. Ал өрт болған жағдайда автотұрақтағы көліктердің көлік жуу орны арқылы сыртқа шығуына кедергі жоқ. Екі бірдей есікті ашып қойсақ, ол бізге де шығын. Ең үстіңгі қабаттағы үйлер жайлы мен ештеңе білмеймін» деді ол.
Сонымен қатар, тұрғындар үй төбесіне әртүрлі антенналардың тұрғындардың рұқсатынсыз орнатылғанын, үй төбелеріне мұндай құрылғыларды орнатудың адам денсаулығына өте зиянды екенін алға тартып, оларды алып тастауды талап етіп отыр. Тұрғын үй кешенінің астынан ресторан ашқан әлдекімдердің бірде-бір тұрғынның рұқсатын алмай, оның алдынан қоршау жасап, үстелдер қойып, жаяулар жолын бекітіп тастаған. Міне, осы жағдайлардың бәрін жіпке тізгендей айтып, бір-бірлеп көрсеткен тұрғындар аудан, қала әкімдігінен көмек күтеді.
Әкімшіліктен арнайы келіп тексеріп, мәселені шешіп берсе дейміз. Қала әкімдігі шаһардағы көптеген проблемалы үйлердің мәселесін шешіп жатыр ғой, біздің тұрғын үй кешеніне де ат басын бұрып, талабымызды тыңдаса, – дейді тұрғындар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 10 =