ТҰЛҒАЛАРДЫ ЖОЛЫНАН ТОСЫП, ҚОЛЫН АЛҒАНҒА МӘЗ БОЛАТЫНБЫЗ

0 172

Айтыс өнеріне сіңірген еңбегі үшін 1990 жылы «Қазақстанның халық ақыны» атағына ие болған Қонысбай Әбілді көпшілік айтыстан ғана іздейтіндей көрінеді. Алайда, «Бастау» деген­ атпен сықақ өлеңдері, «Көршілер» атты повесі мен әңгімелері, «Алаңғасар» атты әзіл-сықақ әңгімелер мен скетчтері, «Қонысбайдың қалжыңдары» атты әзіл, қалжың, қағытпалары мен «77-нің жігіттері» атты кітаптары, тағы басқа жазбалары жарық көрген Қонысбай Әбіл ақын, жазушы,­ сықақшы екенін көзіқарақты қауым жақсы біледі.

Бұның сыртында өткен жылдың жаз айларынан бастап «Астана ақшамы» газетіне оның эссе-жазбалары жарық көріп отырған. Осыған орай, реті келгенде Қонысбай ақынды әңгімеге тартып, аз-кем ой бөлістік.

Жазба неге үзіліп қалды?

– Қонысбай аға, өткен жылы алты ай­­ бойы «Жадымдағы жазбалар» де­ген­­ айдармен «Астана ақшамында» жа­рия­лан­ған­ мақала-эссеңізді оқырман қауым жылы қабылдады. Бүгінгі таңда редакциямызға хабарласып, «жазбалар жалғасын таба ма?»­ деп жатқандар бар.

– Жалпы, мен шығармаларымды тез жаза­мын.­ Алайда «толғағым қатты» екендігін жа­сыр­ғым­ келмейді. Өйткені, болашақ ең­бе­гім­ді ойымда әбден қорытып болғаннан кей­ін­ ғана жазуға отырамын. Жас кездерімде жа­ңа­ өлеңімді ойша құрап, әбден нүктесін қой­ыл­ғаннан кейін қағазға түсіретінмін. Қа­зақ­та «шебердің қолы ауыр» деген сөз бар,­ сол рас болуы керек. Бір істі бастап ке­ту­ден­ біраз қашқақтап жүремін, ал бір бас­тап­ кеткен соң бітіргенше тыным таппай­мын­.­ Қашанда орта жолда үзіліп қалған ой­ды­ жалғап кетуден қиын ештеңе жоқ. Сіз­дер­дің­ газеттеріңіздегі «жазбаларым» сә­ті­мен­ жалғасып келе жатыр еді, басыма түс­кен­ тағдыр соққысынан үзіліс жариялауға мәж­бүр­ болдым. Ол жайлы оқырмандарға ес­керт­кен­мін­ де…

Ал, енді Алла сәтін салса, жазбалар жал­ға­са­ды.­­ Қалған бөліктерін бір леппен жазып шы­ғып,­ бас-аяғын біріктіріп, тұтас бір дүниеге ай­нал­дыр­сам­ деген жоспарым бар.

– Естеліктеріңізді сіз әуелде рес­пуб­ли­ка­лық­ басылымдарда жариялап бас­та­ға­ны­ңыз­ды білеміз. Жалпы, бұл жазба қандай идея­дан туды, қашан қолға алдыңыз?

– Мұны өткен жылдың жаз айларында қол­ға­ алғанмын. Жазбаға кірісіп кеткенімнің өзі­ қызық болды. Оқуды бітіріп келгеннен кей­ін­ ауылда болдым ғой. Ауылдықтардың, өзі­ңіз­ де білесіз, адалдығы, сәбилігі, пәктігі, пе­ріш­те­лі­гі­ – ешкімге ұқсамайтын мінездері шы­ғар­ма­шыл­ адамға керемет әсер етеді. Ме­нің­ жас күнімнен әдетім, қызықты жайт­тар­­ды,­ кейін әңгіме қылып жазсам деген дү­ни­е­лер­ді­ түртіп алып жүретінмін. Кезінде өзім­ орыс жазушысы Василий Шукшиннің әң­гі­ме­ле­рін­ қызығып оқыған едім. Оның шы­ғар­ма­шы­лы­ғын­да­ ауыл адамдарының әңгімелері, кей­іп­кер­ле­рі­нің мінезі, болмысы тартымды бей­не­лен­ген. Сосын өзіміздің классик жазушылардан Бейімбет Майлиннің, оның бер жағындағы жазушыларды алсақ, Тынымбай Нұр­­ма­ғам­бе­тов,­ Дулат Исабековтердің ауыл­ туралы әңгімелері, повестері мені сон­дай­ қы­­зық­­ты­­ра­­тын.­­ Сол әсермен жас ке­зім­де­ «Алтын арал» дейтін кітап жазуды ар­­ман­дау­­шы­ едім.

– «Алтын арал»?

– Иә. Онда кіршіксіз таза, пәк адамдар тұ­ра­­ды.­­ Солардың бейнесін келтірсем, сөйтіп, ша­­ғын­­-шағын әңгімелерден солай жақсы бір кітап құрастырсам деп ойлайтынмын. Екінші ар­ма­ным­ – өмірбаяндық бір кітап жазу еді.­ Ол­ эс­се­-ро­ман­ бо­ла­ ма,­ әлде Бердібек Соқ­­­пақ­­ба­­­е­в­­­тың­­­ «Ба­ла­лық­ шақ­қа­ сая­ха­ты» ­се­­кілді­­ по­весть­ бола ма, әйтеуір, сондай бір дү­ние­ жаз­­ғым­­ келетін.

– Жеке өз өміріңізден бе?

– Иә, өз өмірімнен. Көп жыл бойы соны ар­ман­дап, соны толғатып жүрдім. Бірақ, оған кірісіп кете алмадым. Өйткен себебі, мен­ өзім сол ежелден бастап қызметте ке­ле­ жатқан адаммын. Айтыста жүрсем де, қыз­мет­тен­ қалған емеспін. Соның көбінде бір­ін­ші­ басшы болып жауапты қызметтер ат­қар­дым. Сол мүмкіншілік бермей, уақытым жетпейтін. Бірақ, үнемі әлгі жазғым келген дүниенің кейінге ысырылып келе жатқанына жаным ауырушы еді. Адамның жасы келе сыр­қат­та­ры пайда болады. Жүрек ауруы деген сырқат пайда болды, жүрекке ота да жа­сат­тым. Қан қысымы деген бар, оның өзі оңай емес. Содан кейін жазбаларымның ке­ле­сі­ сандарында шығады, өзімнің ревма­тиз­м ­деген ауруды, буын ауруларын намыс­та­на­мын­ деп жүріп, «сатып алғаным» бар. Одан кейін инфаркт алдым. Мұндайдан соң­ адамның жады әлсірейді екен. Менің бұ­рын­ жадым мықты болатын. Студент ке­з­ім­де­ өзімнің барлық өлеңдерімді жатқа оқи­тын­ едім. Ал, қазір ондай мүмкіндігім жоқ.­ Өмір өтіп келеді. Есіңдегілер де өше бас­­тай­­ды.­ Сыр­­қат­тар жамала береді. Содан кей­ін­ ой­ла­нып, «қой, қолыма қалам алайын»­ деп шеш­тім­. Қысқа форманы алып, осылай жазып қоя­ берейін дедім. Кейін Құдай ден­сау­лық бе­р­іп­ жатса, солардың әр­қай­сы­сын­ кеңейтіп, қай­та­дан әңгіме етіп жазу қиын­ шаруа емес. Осын­дай ойдан кейін тоқ­та­ған­ тақырыбым осы – «Жадымдағы жаз­ба­лар».

Клоунның да көңілсіз кездері болады

– Сіздердің жадыңыз көбіне жақ­сы­­­­лық­­­ты­­­ жазып алғаны байқалады. Жа­­­лын­­­да­­­ған­­­ шақтарыңыз ақындарын ас­­­қа­қ­­­та­­­тып,­­­ аспанға көтерген дәуірде өт­­ті.­­ Қазір қоғам өзгерді. Өгейлік сезініп жүр­­ген­ жоқсыз ба?

– Әрине, кешегі құрмет қалай, қазіргі құр­­­мет­­ қалай, ол – басқаша әңгіме. Өйткені, за­­ман­­ның­ қиындықтарына байланысты, на­рық­­тың енуіне байланысты жағдай да, мінез-құлық та өзгерген. Қазақта «Жақсылықты өзің­нен артылғанда ғана жаса» деген сөз бар.­­ Сондықтан, өздері қара шай ішіп, қара нан­­ жеп отырған адам қайдан сені келген сай­­ын­ төбесіне көтеріп, қонақасы бере алады?! Сондықтан, олай санасуға болмайды. Ха­л­ық­тың­ кеңдігі, дархандығы бұрынғы қал­пын­да деп ойлаймын.

– Жаңа «жүрек ауруына да шал­дық­тым­»­­ деп отырсыз. Бізге сатираға бейім адам­­дар бәрін жеңіл қабылдай алатындай,­ жү­­ре­гі­ ауырмайтындай көрінеді…

– Баяғыда бір атақты клоун шаштаразға ша­­шын­­ алдыруға барыпты дейді. Содан терезеден қарап тұрса, алдында тұрған үй­дің­ қабырғасында бұның суреті басылған үлк­ен жарнама билборды ілініп тұр екен. Онда, әрине, мәз-мәйрам болып сахнада тұр­ған шағы түсірілген. Шаштараздың алдында клоун үндемей, әрнәрсені ойлап, бір күрсініп қойып отырады. Сонда шаштаразы айтады: «Мен манадан бері қарап отырмын, сіз аузыңызды ашпай отырсыз. Неге үн­де­мейсіз? Бірдеңеге алаңдап жүрсіз бе? Анау­ тұрған жарнамаға қараңызшы. Қандай көңілді! Менің де басымда қиындықтар болады, сонда осы суретке қараймын да, көңілденем. Бәрін ұмытып, өмірге құл­шы­ны­сым артып, жадырап сала берем. Сізге де­ сөйтуге кеңес берем» депті. Сонда әлгі кісі: «Ол менің суретім ғой» деп күрсінген екен­ дейді… Өмірде алдамшы жағдайлар көп­ болады. Клоунның бәрі үнемі күліп жүр­­мей­ді.­ Сатириктің бәрі бірдей мұңсыз адам­дар де­ген түсінік тумаса керек…

– Ал мына жазбаларда жүрегіңіз ауырып­ отырып жазған кездер көп болды ма, әл­де…­

–Мұны халықтың қалай қабылдап жат­қа­нын білмеймін, әрине. Бірақ, онда таза са­ти­ра­ да, таза мұң да жоқ. Жалпы олар жан­­р­ға­ жік­те­ліп­ жа­зыл­ған шығармалар емес.­ Өзім қалай қабылдадым, солай қағазға түс­ті. Өйткені, боямасыз шынайы сезімнің кө­рі­ні­сі.­

– «Жадымдағы жазбаларда» айту­лы­ тұлғалардың болмысындағы қал­та­рыс­ты тұстар, көпшілікке белгісіз қыр­ла­ры­ айтылып жатады. Онда тұлғалар ара­сын­дағы жылы қарым-қатынасыңыз баяндалады. Сол қарым-қатынас сақталған ба?­

– Сақталған. Енді өмірден озып кет­кен­де­­рі­не­ амал жоқ. Бірақ, көзі тірілерімен мүм­кін­ді­гі­міз­ше­ байланысымыз үзілген жоқ. Мысалы, Асанәлі Әшімов ағамыз әлі күнге дейін мені көріп қалса, мейлі көшеде көрсін, мейлі басқа жерде кездессін: «Әй, Қонысбай бау­ырым! Бір ауыз өлең!» дейді де тұрады.

– Сосын сізге суырып салма ақын еке­ні­ңіз­ді­ дәлелдеуге тура келе ме?

– Оны өмір бойы дәлелдеумен келемін. Әсі­ресе, жастау кезімде қай жерге қонаққа бар­сам да жиналған көпшілік ретті-ретсіз жер­де­ де: «Суырып салып өлең айтшы!» деп қол­қа­лап­ жататын. Өлең шығармайын десең, көп­тің­ көңілінде күдік қалады, шығарайын де­сең­, өлеңнің құны кетеді, ондай екі оттың ор­та­сын­да­ қалған кездер көп кездесті.
1985 жылы Көкен Шәкеев ағамен айты­са­­тын­ болып, екі облысты да араладық. Көк­­ше­­тау­да барғанда бір емес, үш Күміспен та­ныс­тым.­ Үшіншісінің атын айтқанда шыдай алмай: «Көкен аға, Көкшеде екі күн болдым, үш­ Күміспен таныстым. Құдай амандыған бер­се,­ бүгін ат басын ауылға бұрамыз, сон­да­ бір­ алтынды көре алмай кеткенім бе ?» – дедім.
Сөйтсем, соңғы танысқан Күмісім об­л­ыс­тық партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары болып істейді екен. Бұл – ол кез­де­гі үлкен қызмет. Жаңағы сөзімді көңіліне ауыр алып қалғаны бірден байқалды. Алайда, «Айтылған сөз – атылған оқ», қанша ке­ші­рім­ сұрағанмен жуылмасы ақиқат. Соны ой­ла­дым да сөзімді аяқтай келе:
– Көкен аға, сөзімнің соңын бір шумақ өлеңмен аяқтайын, оны «арпа ішінде бір бидай» болып отырған Күміс қарындасымызға арнайын, – дедім де:
– Кездесті қарындастар алтын жүзді,
Демессіз қазақшылық шартын бұзды.
Бұл жақта тіл мен көзден сақтағай деп,
Күміс деп атайды екен алтын қызды! – деп, өлең­де­тіп жіберіп едім, жаңағы ыңғайсыздық жуылып-шайылды да кетті…

Кеңестік кезеңде жұлдызы жанғаны – тұлғаның кемшілігі емес!

– Қазір тұлғалар туралы естеліктерге оқыр­­ман тарапынан қызығушылық ар­т­қан.­ Бұл неден деп ойлайсыз?

– Оның себебі, біз тұлғалардың адамдық бол­мы­сын­ әлі күнге дейін ашып көрсете ал­май­­ келе жатырмыз. Тіпті, «осы бізге керек бо­ла­ды-ау» деп, алдын ала мағлұмат жинап қалу, телерадио болса, бейнесін, дауысын жа­­з­ып­­ алу жағына онша мән бермей келеміз. Бүгін бар адамның ертең жоқ екенін ескере бер­мей­міз. Мысалы, мені де көбі айтыс ақы­ны­ деп ойлайды. Менің ән айтатынымды,­ ән­ жазатынымды, күй шертетінімді, проза жа­за­тынымды, сықақшы екенімді көпшілігі бі­ле­ де бермейді. Мысалы, Төлен Әбдік аға­мыз­дың­ күй тартатынын да жұрт білмейді. Ал­ ол кісінің Қазанғаптың күйлерін керемет орын­­дай­тынына мен өзім куәмін. Көрдіңіз бе,­ бізде көбіне белгілі тұлғаларды белгілі бір­ әңгімелерге ғана тартып, оларды белгілі шең­бер­ ішінде ғана танытамыз да, олардың кей­бір­ қырлары ашылмай қалады. Ал, ес­те­лік­терде осындай құпия-сырлар, тұлға бол­мы­сы­ның қыртыс-қатпары ашыла түседі емес­ пе? Оқырманның тұлғалар туралы ес­те­лік­терге қызығатыны сондықтан деп ойламын.

– Несін жасырамыз, қазіргі кезде жас­тар­дың тарапынан өткенге тас лақ­ты­ру,­ тұлғаларды мойындамауға тырысу се­кіл­ді керітартпа мінез байқалып жата­ды.­ Осы неден?

– Ол адамның жеке мәдениетіне байланыс­ты. Одан кейін сүрең деген сөз бар. «Сүрең әкетіп бара жатыр» дейді қазақ. Сол сүрең бар, алдындағыны мойындамау бар. Маған да,­ мысалы, «Сіз кеңестік кезеңнен қалған ақын­сыз­ ғой» дегендер болған. Сонда «ке­ңес­тік кезеңде өмір сүру» деген кемшілік пе?.. Біз басқаша болдық. Ақын-жазушылар туралы сөз болса, бала күнімізде, тіпті, «ойпырмай, бұлар да ұйықтай ма екен, бұлар да тамақ іше ме екен» деп ойлайтынбыз. Манап Кө­к­е­н­­ов­тер­ келе жатса, жолынан тосып тұ­рып,­ бір қолын алғанға мәз болатынбыз, мы­са­лы.­ Бізге ондай тұлғалар адам емес, бір­ әулие, пайғамбар сияқты көрінетін. Ал, қа­зір ондай сезім жоқ. Сені танып тұрса да, танауын көтеріп өте шығады. Танымал болу былай тұрсын, жалпы үлкенді сыйлау қалып барады. Мұның бәрі – сүрең. Бірақ бұл да бір өтпелі кезең деп ойлаймын.

–«Жадымдағы жазбалар» кітап болып шығады ғой?

– Иә, нәсіп болса, шығады. Мұның ең ал­ғаш­­қы­­ бастауын мен «Егемен Қазақстан» га­зе­тін­де жариялағанмын. Одан кейін бірталайы «Жұлдызға» да шықты. Ал, енді «Астана ақ­ша­мын­да» жарияланып жатқанына, міне, төрт­ айдан асты. Бұның бәрі – қайталау емес, әр­қай­сы­сы жаңа дүниелер.

– Әңгіме басында өмірбаяндық кітап жа­з­у­ды­ армандағаныңызды айттыңыз. Сонда осы кітап сол арманыңыздың орын­дал­ға­ны­ның белгісі бола ма?

–Жоқ, мен егер өмірбаяндық кітап жаз­сам,­­­ ол­ көр­кем­ дүние болып шығар еді. Ал­­ мына жазбалар – деректі дүние. Мұнда кей­­і­п­­кер­лер­дің­ өзінің аты, өзінің тегі және тек­ қана өмірдегі болған оқиғалар шынайы су­рет­теледі…

–«Астана ақшамы» газеті қазір өзі­ңіз­дің­ сенімді «серіктесіңізге» айналып отыр. Газет оқырмандары да сіздің қа­ла­мы­ңыздан туған дүниелерді асыға кү­ту­д­е десем, артық айтқандық емес. Осы ел­ор­далық газеттің оқырмандарына не ті­лейсіз?

– Мен өзім Астанаға келгеннен кейін сегіз жыл бойы қала әкімдігінде еңбек еттім. Сол кездері «Астана ақшамы» ұжымымен қоян-қолтық жұмыс істедім, сондықтан бұл басылым маған өте ыстық. Сондықтан да, «Жазбалардың» басым бөлігін осы газетке ұсынуым кездейсоқ емес. Газетте көптеген та­лант­ты іні-қарындастарым істейді. Өзіңнің де жақында «Дарын» сыйлығының иегері болғаның – соның айқын айғағы. Көптің кө­ңі­лін­дегі мәселелер қашанда газеттің алтын ар­қау­ына айналсын.

Сөз реті келгенше айта кетейін, мынадай бір қызық уақиға есіме түсіп отыр. Өткенде курстасым Тілекқабыл Боранғалиев телефон шалған. Жазда Америкаға барып қайтқан екен. Ұшақтың ішінде бірнеше газет беріледі, қараса, ішінде «Астана ақшамы» жүр екен. Қарай отырып, менің жазбаларымды көріпті. Сөйтіп, «Сенің жазбаларың менімен бірге Америкаға барып қайтты!» деп хабарласып жатыр… Бұл мен үшін Қазақстан туының ғарышқа барып қайтқаны секілді оқиғадан кем көрінген жоқ.

Ал, оқырмандарға айтарым, халқымыз: «Күн­ жаманы кетеді» деген сөзді бекер­ айт­паған. Ел есін енді жиып келе жатыр. Га­зет оқып, кітап сатып алардай жағдайға жетіп қалды, оған шүкіршілік ету керек. Бізді осы күнге жеткізген аш-жалаңаш жүр­сек­ те, жүрегімізде жоғалмаған жарқын бо­ла­шақ­қа деген нық сеніміміз болатын. Алла хал­қы­мыз­ды­ рухани аштықтан сақтасын. Менің жаз­ба­ла­рым халықтың көңілін сергітіп, жанын жа­ды­ра­тып, санасына ой салатын болса, мақ­са­тымның орындалғаны деп ойлаймын.

Әңгімелескен:
Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + nine =