«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұлғаларды таспалаған

0 91

Таудай іс бітірсе де, соған мақтанбай, атақ пен марапат дәметпей, жұмысын тыныш қана, ­даң-дабырасыз жасап жүрген адамдар арамызда бар. Сондай азаматтардың қатарына кино және театр режиссері Тілеген Ахметовті жатқыза аламыз. Өнер иесі өмірде желікпей, желпілдемей, жетпіс жастың жотасына жетіп отыр.

Без названия (1)

 Құрманғазы атындағы консерватория мен Алматы ­театр-көркемсурет институтын (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) аяқтаған ол «Қазақтелефильм» студиясында режиссер болып еңбектенді. Тілеген ағаны өз басым тұлғатанушы деп білемін. «Қайран, Шәмші» деректі фильмі арқылы халықты әйгілі композитордың аяулы бейнесімен қауыштырды. «Вальс королі» ауырып жүргенде іздеп барып, деректі фильм түсірді. Қазір бәріміз көріп жүрген кадрлар сол туындыдан алынған.

Шәмші Қалдяқовтың басында көгілдір елтірі терісінен тігілген бас киімі (бүгінде бұл жәдігер елордадағы Ұлттық музейде тұр), көзінде мұң, науқастан қажыған композитордың қолында темекі… Кейіннен осы кинокадр кітаптарға, журналдарға да басылып шығып, елге тарап кетті.

Ал осы туындының алдында Тілеген Ахметов шығыс жекпе-жегінің майталманы Мұстафа Өзтүрік жайында «Барып қайт, балам, ауылға» атты деректі фильмін түсірді. Алаш ардақтылары ақталғанда, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы туралы туындылары дүниеге келді. Бұған қоса, қобызшы, күйші Ықылас Дүкенұлы, көрнекті композитор Кенжебек Күмісбеков, Жұмекен Нәжімеденов туралы телефильм­дері жарық көрді. Бұл деректі фильмдердің әрқайсысы бір төбе. Сондай-ақ Ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың «Мен көрген соғыс» кітабының негізінде деректі фильм түсірді.

2011 жылы Қасым Аманжолов жайлы түсірілген телефильм авторы да Тілеген Ахметов. Сол жылы дауылпаз ақынның ғасырлық мерейтойы туған жері Қарқаралының Кент тауларының баурайында тойланғанда, режиссермен кездестім. Режиссер осы фильмнің түсіру тобында болған жазушы Дидар Амантай, әнші, өнертанушы, сценарист Ерлан Төлеутай, фильмнің түсірілуіне атсалысқан Назерке Сланбек, ақын, сыншы марқұм Әмірхан Балқыбек, журналист Еренғайып Қуатайұлы, әнші Ерлан Рысқали секілді қазақ руханиятының белгілі өкілдерімен бірге Шахтинск қаласы тіккен киіз үйден дәм татты. Сол кезде киіз үйде бас қосқан адамдардың ең үлкені де Тілеген аға болды. Әрине, оған төрден орын берілді. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» демекші, сонда режиссерге өнердегі інілердің, киіз үйде қонақтарға қызмет көрсеткен қыз-келіншектердің қалжыңдағаны есімде. Тілеген аға онда күліп қойып қана отыр­ды. Сонда ағаның қарапайым болмысына, қазақы қалжыңды түсінетініне риза болғанмын.

Тілеген Ахметов көрнекті тұлғалар туралы деректі фильмдердің авторы ғана емес, бірқатар спектакль қойған театр режиссері де. Ол республика аумағында «Қиямет-қайым Киото», «Сыған серенадасы», «Күйеу іздеген кемпірлер», «Көгілдір такси», «Нұр жауған ғұмыр» спектакльдерін сахналады. У.Сароянның «Жұмақтағы жасын» қойылымы Орталық Азия мемлекеттерінің ІІ халықаралық фестивалінің лауреаты атанды.

Режиссер қашан көрсең тыным таппайды. Биыл – КСРО халық әртісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Шолпан Жандарбекованың туғанына 100 жыл. Соған орай Тілеген Ахметов «Құрманбектің Ақтоқтысы» атты деректі фильмді түсіріп, дайындап қойды. Бұл туынды YouTube желісіне салынды. Кинорежиссердің осы және басқа да телефильмдерін содан тамашалауға болады.

Қазақ руханиятына қаншама еңбек сіңірсе де, бір бағаланбай жүрген адам – осы Тілеген Ахметов. Өзі де атақ қумайды. Бұл туралы «Атаққұмар адам ақылдыларға – мазақ, ақымақтарға – кемеңгер, жағымпаз алаяқтарға – олжа және өзінің бойындағы атаққұмарлықтың құлы» дейді де, жүре береді.

Қазақ киносы мен театрына бергеніңізден береріңіз көп болсын, Тілеген аға! Жетпіс жас мерейтойыңыз құтты болсын! Еңбегіңіз еленсін деп тілеймін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды