ТҰЛҒАЛАР ТҰҒЫРЫ

0 154

«Тәуелсіздік», «дербестік», «егемендік», «азаттық» деген рухты тербеген тәтті ұғымдар сонаудағы текті бабалардың да алыстағы сағымдай аңсары болған. Жаратқанның жазмышы сол, асыл бақты бүгінгі қазақтың басына қондырды. «Қондырды» дей салу – «қауырсыннан жеңіл», әлгі тәтті ұғымның жолында қанша қан төгілгенін, жас төгілгенін, күллі ел тағдырының сын сәттерін тізбелеу – «табыттан ауыр».

Көңілі сарапшы оқырман күні кеше журналист Ғабит Мүсірептің «Тарихты тұлғалар жасайды» ат­­ты еңбегімен қауышты. «Тәуел­сіз­дік толғауы» сериясымен жа­рық көрген жинаққа автор­дың бас­па­сөз бетіне әр жылдары басылған жа­рия­­ла­­ным­дары топтасты­рыл­ған. Қазақ дербестігін қалыптасты­ру­да аян­бай қызмет еткен азаматтар ке­ше­гіге әділ бағасын бере­ді, бүгін­ді ой еле­гінде екшейді, ертең­­гі жолға бағ­дар айтады. Басқа қон­­ған бақ­тың қа­дірі мен салмағын ұғын­дырады.

…Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың кейінгі Жолдауында латын әліпбиіне көшу міндетін қойғаны белгілі. Бұл бастама кездей­соқтық емес екен, Мемлекет бас­­шы­­сы­ның аузынан бұрын да шық­­қан. «Он бес жылда аюды да сөй­ле­туге болады» (2007 жылы басылған) деген мақаладағы Елба­сы­ның мына сөзі көкірегі ояу оқыр­ман назарын бірден аударары сөзсіз: «Қазақ әліпбиін ауыстыру мәселе­сін қайта қарайтын кез келді деп ойлаймын. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да латын әліпбиі бүгін­де теле­ком­му­ни­ка­ция­лық сала­ларда басым­дыққа ие болып отыр. Сол себепті, бұрынғы кеңес­тік елдердің латын әліпбиіне көшуі кездей­соқтық емес… Біздің балаларымызды ағылшын тіліне оқытудың өзі латын әліпбиімен бай­ланыс­ты… Әрине, бұл істе асығыс­тыққа жол беруге болмайды». Бес жыл бұрын айтылған сөздің толғағы бүгін жеткендей. Бас құжат­тағы латын әліпбиіне ауысу тура­лы бастама қоғамда қызу қолдау тап­қанын көзі­міз көрді. Кітаптың осындай салиқалы жарияланымдармен бағасы – артық, салмағы – рухты, тілі – көркем.

Тәуелсіздіктің жиырма жылды­ғын дүркірете тойлағанымыз та­­рих бетінде алтын әріптермен қат­тал­ғаны ақиқат. Жинақ автор­дың осы тұста белгілі тарихшы Мәм­бет Қойгелдіден алған сұх­ба­­ты­мен басталады. Кітаптың аты­­­мен аталған әңгіме барысын­да тарих ғылы­мының докторы алаш­орда­шылардың қоғам тара­пынан баға­лануы кемшін еке­нін сөз етеді. Тарихи тұлға Сма­ғұл Сәдуақасов туралы тоқса­ныншы жылдары жа­зыл­ған алғашқы мақаласының мазмұнына тоқталады. «Қоғам мен билік өзара үйлесім тапқанда ғана мемлекеттің асығы алшысынан түседі» деген Мәмбет Қой­гелді сол тұстағы биліктің кейбір әрекет­терін де сынға тартады.

Ғабит Мүсірептің басылым бет­теріндегі қаламының ізінен ака­демик Сұлтан Сартаевпен сұх­батын көреміз. Тәуелсіздік тура­лы заңның қабылдануының басы-қасында болған азамат мұнда 1991 жылдың 16 желтоқсанында Жоғарғы Кеңестің мінбесінде егемен елдің консти­­ту­циялық за­ңы­­­­ның жобасы туралы баяндама жа­са­­­ғандағы көңіл-күйімен бө­лісіпті. «Бос­тандық пен тәуел­сіз­дік – елдің өркендеуінің ең шешу­ші негізі». Заңгер ойын осы­лай түйін­­­дейді.
Жазушы-журналист Нұрмахан Оразбекті білмейтініміз кемде-кем. Мәскеудегі әйгілі тамыз бү­­лі­­гі­нің қазақстандық бас қаһар­маны…
«Кейбіреуді көргенде белгілі бір оқиға түседі. Кейбіреуді ойласаң, көз алдыңа тұтас бір кезеңдер ке­ле­­­­ді. Сағат Әшімбаевтың соңғы са­нат­­­та екені даусыз» деп Әбіш Кекіл­­баев баға­сын та­ныт­қан сыншы Са­қаң да бүгін көп­тің сағы­нышы.

Алтынбек ше?.. Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы! Өлімінің құпиялығы талайымыздың кеуде­мізге шер болып семді…

Түркі ұрпағынан тараған жұрт­тан шыққан тұңғыш ғарыш­кер Тоқ­тар… Кіл тарпаңдар жайында Ғабит Мүсіреп тереңінен сыр тар­қатады. Қазақтың қамын күйттеп өткен қайраткерлердің кесек-кесек сөздеріне қан жүгіртеді, жан біті­реді. Ұлт тұлғаларының біз біле бер­мейтін болмысын ашады. Олар­дың қай­таланбас ерліктерін бүгін­гі буынның санасына құяды. «Арты­ғалидың Есениннен несі кем?» дейді. Бар-жоғы жиырма жасын­да «Адамдар сияр табытқа, Ақын­дар, бірақ, сыймайды…» деп, фило­­со­фиялық жырлар тудырған ақын­ның талантын Сергейден биік қояды.

Әлжан Жармұхамедов – қазақ­тан шыққан тұңғыш Олимпиада чем­пионы. Тұрғылықты жері Ресейде. Ғабит бірер жыл бұ­рын түу Мәскеуден Ас­танаға «Ала­шым» деп келген бас­кет­болшыға биліктен құрмет бол­мады деп, өкінішін жазыпты…

Желтоқсан оқиғасын тарихтан сызып тастай алмаймыз. Өйт­кені, біздің тәуелсіздіктің бастауы мұз-қарлы айдың ызғарлы таңдарында. Автор кітабының бір бөлімін «Желтоқсан жылнамасы» деп атап, оқиғаның он жылдығында жазған бір топ жарияланымдарын басқан. Ондағы Желтоқсан оқиғасы кезінде құрбан болғандарды, ауыр жараланғандарды анықтау, тексеру тобына жетекшілік еткен Төле­ген Әлжановпен әңгімесі көпе-көрнеу қолдан жасалған көп әді­лет­сіздің басын ашады. Ләззат Аса­нованың, Сәбира Мұха­мед­жанованың, Ербол Сыпатаевтың, көп­шілікке есімі бейтаныс Ләззат Шо­рае­ваның қазалары туралы бей­мәлім сырларды ақтарады. Кө­те­ріліс тұсында Алматыдан ар­найы вагонмен Колымаға ай­дал­ған «ұлтшыл» ұстаз Әркен Бат­талұлы­ның ащы тағдырын баяндайды…

«Қара майор». Ауғанстан ай­қас­тарында аты аңызға айналған тұлға. Бүгін көмескіленіп барады. Ғабит Мүсірептің командир, подполковник Борис Керімбаевтың соғыс жолынан жазған очеркі бір бөлімнің салмағын арқаларлықтай. «…Дұшмандардың аты шыққан әскери басшыларының бірі Мавлови Кара деген болды. Ол талай шайқастарда жеңіске жеткен-ді. Сондықтан, Борис Керімбаевтың ұрысқа кірген алғашқы кездегі жеңістері онымен тепе-тең түсіп жатты. Сол себепті, кеңестік әскерлер арасына лезде Мавлови Ка­раға қарсы біздің «қара майорымыз» соғысады деген аңыз тарап кетті. Кейін ол Керімбаевтың ел арасында кең танылған негізгі есіміне айналды…» деп жазған жур­налист ауған жауынгерінің майдан даласындағы тактикасын, екі жылда басынан өткерген үлкен шай­қастарын, ерліктерін сөз етеді.
Ғабит Мүсіреп жиырмасыншы «ғасырдың үш қасіреті» деп баға­лаған Алтынбек Қоразбаевтың үш әні – «Қара кемпір», «Қара шал», «Қара бала» төңірегіндегі ойла­ры жиырма бірінші ғасырдың да маң­дайын­дағы қасіреті екенін айтпасқа лаж жоқ…

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 2 =