Тұлғалар толғанысы

0 33

Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері:

Ел Тәуелсіздігінің отыз жылын ой елегінен өткізгенде еліміздің тартысқа толы тағдыры мен тамыры терең тарихының қилы жолдары, қиян асулары, ұлт рухы мен мәртебесін көтерген жасампаздық жетістіктері дамуымыздың ең көрнекті көрсеткіштері болса керек. Сондай ту ұстар ұлы оқиғалардың бастамасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың екі ғасырдың тоғысында жүзеге асырған «Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Астанасы» жеңісті жобасы айрықша орын алады. Жаңа Астана, яғни Нұр-Сұлтан қаласы ең алдымен қазақтың қайта өрлеу дәуірінің, ұлттық бірлігіміздің, ынтымағымыздың, рухани қуатымыздың рәмізі, символы болды. Бұл қаланың құрылысына, экономикасына Қазақстанның барлық өңірлерінің азаматтары жұмылды. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Шетелдік инвестиция тартылды. Қысқа мерзімде Арқа төрінде жаңа келбетті, әлемдік дәрежедегі көрікке ие болған, тұрмысқа лайықты қала бой көтерді. Бұрын қазағы бес, жеті ғана пайыз болған қалада бүгін бір миллионнан астам халық тұрса, соның 78 проценті – қазақ баласы. Бұл, әрине, ұлтымыздың орасан жеңісі.
Екіншіден, жаңа Нұр-Сұлтан қаласы бүкіл елімізде жүргізілген экономикалық реформалардың сан тарапты тамырларына қан жүгіртіп, дамудың локомотиві болды. Облыс, аудан орталықтары, қалалар, Нұр-­Сұлтан қаласына қарап өркендеу жолына ұмтылды.
Үшіншіден, Нұр-Сұлтан қаласы ширек ғасырлық қысқа мерзімінде дүниежүзілік қоғамдастыққа өзінің бейбіт саясатымен, жасампаздық қабылетімен танылып, мойындалды. Бұл қалада әлемдік діндер басшыларының тұңғыш бас қосуы, Еуропадағы қауіпсіздік, ынтымақтастық ұйымының аясында 57 мемлекет басшыларының саммиті, мұсылман елдері басшылары кеңесі, Сириядағы соғысты тоқтатуға арналған келіссөздер сияқты көптеген ізгілікті әрі игілікті шаралар өткізілуі дәстүрге айналды.
Бұл да – ұлт мәртебесі!

Ләззат ӘЛИЕВА,
Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математикалық мектептің мұғалімі, «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық сыйлығының иегері, «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы:

– Тәуелсіздік халқымыздың сан ғасырлық асыл мұраты еді. Осы арманға Қазақ елі осыдан 30 жыл бұрын қол жеткізді.
Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін әрқашанда айтып өтеміз. Осы жылдар ішінде білім-ғылым саласы түбегейлі жаңғырды. Мыңдаған мектеп пен балабақша салынып, ағарту ісіне жаңа технологиялық әдістер енгізілді.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Осылайша мұғалімдердің мәртебесімен қосып, қадір-қасиеті де қайта оралды. Жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы екі есе өсті. Ең сыйлы мамандыққа айналды. Жыл сайын педагогтардың жалақысы 25%-ке, 2024 жылға дейін тағы 25%-ке өсетін болды. Бұл да – біз үшін үлкен қуаныш. Педагог еңбегі ел көлемінде тиісті деңгейде бағаланып, «Үздік педагог», «Қазақстан мұғалімі», «Халық алғысы» сынды атақтар да беріліп жатыр.
Тәуелсіздік жылдарындағы білім беру ісінде елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының деңгейі оқ бойы озық тұр. Бүгінде ел жүрегіне айналған астанамыз білім мен мәдениеттің ошағына айналды. Ұстаздарымыздың тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне қаламызда арнайы көмек түрлері жасалды. Елорда тұрғындарының көбеюіне байланысты жыл сайын оқушылар саны мен балабақша кезегі артпаса, кемімей келеді. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «зияткер ұрпақ» идеясына сәйкес мемлекет сапалы білімге ерекше көңіл бөледі. Биыл елордада салынатын мектептер саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Барлық мектепке заманауи жабдықтар орнатылып, инновациялық технологиялар енгізілген. Бұл жетістіктерге ең бірінші тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік деп ойлаймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =