Тұлға трагедиясы

«Мұқағали» фильмі прокатқа шығады

0 189

 

Бүгіннен бастап Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Мұқағали» көркем фильмі жалпыұлттық прокатқа шығады. Ақиық ақынның 90 жылдығына арналған кинотуындының режиссері – Болат Қалымбетов. Сценарий авторлары – белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыров.

Апта басында елордада фильм­нің тұсаукесері өтіп, арнайы көрсетілімі ұйымдас­тырылды. Таныстырылымға туындының түсірілім тобы қатысты. Болат Қалымбетовтің айтуынша, Мұқағали туралы фильм түсіру идеясы оған осыдан 15 жыл бұрын келген. Осы уақыт аралығында ол ақпарат жинап, ақынның көзін көрген адамдармен кездесіп, сөйлесті.

Қай қаламгерді болмасын өзі өмір сүрген дәуірден бөліп тастай алмайсың. Мұқағалидың заманы кеңестік қатаң цензураға тап келді. Ақынның жеке басында да трагедия аз болмады. Аңыз тұлға жайлы ел арасында әртүрлі әңгіме де көп. Фильмде оның өмірінің соңғы жылдары қамтылды.

Жүсіпбек Қорғасбек «Әдебиет» порталына берген сұхбатында Мұқағали арқылы сол заман бейнесін көрсеткісі келгендерін айтады. Шығармашылық топ ақын туралы бұрыннан елге белгілі фактілерді қайталағысы келмей, тың ақпараттарды ұсынуға тырысқан. Мәселен, ақынның ұлы Айбар мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қырына ілініп, ақыры денсаулығынан айырылып, мүгедек болып қалғанын осы күнге дейін естімедік. Оның құрылыста істеп жүріп, биіктен құлағаны, содан басына зақым келгені жайлы ғана айтылып келді. Ал фильмде жындыханадан мүгедектер арбасына отырып, шығып бара жатқан Айбарды көреміз.

Мұқағалидың қызы Майгүлді кішкентайында мотоцикл қағып кетіп, қайғылы қазаға ұшырады. Бұл – көпшілікке белгілі оқиға. Бірақ ұлынан тірідей, қызынан өлідей айырылған ақынның жүрегі қалай жаралы болмасын?! Фильмінің лейтмотивіне де Моцарттың «Реквием» шығармасы алынған. Ақынның өзі де «Моцарт. Жан азасы» туындысын жазғаны белгілі.

Мұқағали Мақатаевты тірісінде көре алмағандар өлгенде өтірік қайғырып, мақтағаны жайлы көп айтылады. Фильмде бұл ақынды Жазушылар одағынан шығарарда және соңғы сапарға шығарып салу кадрларында көрініс тапқан. Мұқағалиды қаралаған да, табытты ұстап бара жатқан да – бір адамдар.

Жалпы кинотуындыда Мұқағали үнемі арпалыс үстінде жүреді. Ерекше атап өтерлігі, кинода көп сөз жоқ. Режиссер оқиғалар желісін қимыл, ұзақ паузалар арқылы береді. Ақын өмір сүрген заманды, сол кездің тынысы мен ғимараттарын дәл беру үшін түсірілім бірнеше қалада жүргізілді. Атап айтқанда, Алматыда, Өскеменде, Санкт-Петербургте және Алматы облысында өтті. Өскемен қаласы бекерден-бекер таңдалмады. Бұл шаһардың ескі көшелері мен үйлері, трамвай қозғалысы талапқа сәйкес келді. Ал ақын Мәскеуде әдебиет институтында оқығанда Санкт-Петербургке Пушкиннің ескерткішіне тағзым ету үшін арнайы барған.

Мұқағалидың өнердегі бейнесі дегенде, біздің есімізге алдымен Жанқалдыбек Төленбаев түседі. Оның Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында ақиық ақынды сомдағанына жиырма жылдың жүзі болды. Болат Қалымбетов те осы әртісті шақырып, фильмге бір жылдай дайындаған екен. Алайда жеме-жемге келгенде белгісіз себептермен басқа актерді таңдады.

Кинотуындыда ақын бейнесін сомдау М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрының актері Асланбек Жанбалаевқа бұйырды. Бірақ актердің Мұқағалиды беруі көңілімізден шыға қоймады. Сырт келбеті ұқсағанмен, ақынның жандүниесін көрсете алмады. Өлең оқуы да адамды еш әсерлендірмейді.

Мұқағали бейнесімен қатар Бауыржан Момышұлы (Бауыржан Қаптағай), Нұрғиса Тілендиев (Бақытжан Қажымұқанов), Фариза Оңғарсынова (Раушан Мәжитова), ақынның жары Лашын Әзімжанова (Толғанай Бейсембаева), досы Еркін Ібітанов бейнелерін де көреміз. Бірақ олар қосалқы бейнелер рөлін атқарғандықтан, режиссер бұл кейіпкерлерді жарқыратып көрсету мақсатын қоймаған сияқты.

Соның ішінде бір көріністі қабылдай алмадық: Нұрғиса Мұқағали өмірден өткен соң, соны білмей, ақын жатқан аурухана терезесінен түбіне келіп, «Мұқаш» деп шақырады. Бір палатада жатқан ақсақал ақынның қайтыс болғанын жеткізеді. Бұл көрініс Георгий Данелияның «Афоня» фильміндегі Борислав Брондуков пен Евгений Леонов қатысатын кадрға қатты ұқсап кетті. Бізге мұны Қалымбетов Данелиядан көшіріп алғандай әсер етті.

21 қазаннан бастап фильмді көпшілік тамашалай алады. Артық, кем тұстарын, жетістігін сонда жұртшылықтың өзі бағамдай жатар.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + fourteen =