Тұлға мұраты

0 151

Әр адам өз өмірінің сәулетшісі дейтін болсақ, онда осы бір қағидалы сөз біздің кейіпкеріміздің тұлғасына толық үйлеспек. Бүгінде мерейлі жасқа аяқ басқан Амангелді  Құсайынов – өзінің тағдырын таудай талабымен, қайыспас қажырымен, ерен еңбегімен өзі жасаған тұлға. Балалық шағы бүкіл адамзатқа ауыртпалық әкелген соғысқа және соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдарға келген Әбекең қаршадайынан бастап еңбектің не екенін, бейнетпен келген нанның дәмі қандай болатындығын санасымен де, жүрегімен де сезінген азамат. 

Сол ауыртпалықты жыл­дар­дағы балалық шағын еске түсіргенде Амангелді Құсайынұлы, ең алдымен, әзиз анасын ойына алады. «Әр кезеңнің өз қызығы, өз шыжығы бар. Әлі бүгінгідей көз алдымда сақталған, жүрегімнен өшпей қалған бір қымбат байлық – шешемнің рақым нұры төгілген жарық жүзі, маған деген мейірімділігі, махаббаты. Шешем таңның атысынан түнгі 10-11-ге дейін колхозда жұмыс істеді. Сондағы күндік табысы – әр күн сайын 1 еңбек күн, 1 кг. бөлке нан. Сол кезде колхозда «1 трудодень» деген ұғым болатын. Түнде анам­ды әпкем Ағиша екеуміз Қарасудың жиегінде күтеміз. Қайықпен бері өткен анамды судың жиегіне қара сазға отырғыза салып, алып келген нанын көйлегінің етегінің астында жатып жей бастайтыным әлі көз алдымда. Өзі күн­дізгі жұмыстан құр сүлдесі ғана қалып оралған сорлы анам бетімді қақпай, басымнан сипап, мен қашан нанымды жеп болып, басымды көтергенше отырған жерінен тырп етпей­тін. Мен түрегелгенде ғана басымнан бір иіскеп: «Ал енді кетейік», – деп, мені же­те­леп үйге беттейтін. Жұ­мақ, анаңның алақанында екен­дігіне қалай сенбессің» деп толғанады бүгінде ата жа­сына жеткен Әбекең. Әкесі Құсайын 1942 жылы ұлы Амангелді туа сала бір күннен кейін, яғни, 30 желтоқсан күні талайды жазықсыз сан­сыратқан 58-статьямен Гер­ма­нияның, Жапонияның, Иран­ның тыңшысы деген желеумен халық жауы ата­нып, сотталып кетеді. Тұр­мыстың қиыншылығы мен өмірдің әділетсіздігін бе­сік­тен белі шықпай жатып көрген ол ерте есейеді. Балалық шақтың қиындығы Амангелді Құсайынұлының бойына еңбекқорлық, қажыр­лылықпен бірге адамға жақ­­сы­­лық жасауға дайын тұ­ра­тын үлкен мейірім мен адамгершілікті те дарытты. Сондай-ақ, ол оқыған Кереку өңірінің шал­ғайындағы Үлгілі мектебінің берген білімі мен тәрбиесі де Әбе­кеңнің бүкіл өміріне игі ықпал етіпті. Алаштың дүлдүл ақыны Иса Байзақов туған ауылдағы осы мектептен бес ғылым докторы, 21 ғылым кандидаты шыққан екен. Амангелді Құсайынұлының ғылым жолын таңдауы да осыдан болса керек.

Кеңестер одағы ыдырап тәуел­сіздік алған алғашқы жыл­дар­дың әлеуметтік, тұр­мыстық қиыншылықтары көпшіліктің есінен бүгінде шыға қоймаса керек. Міне, осындай кезде 1992 жылдың сәуірінде Әбекең Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград педагогика институтына ректор болып тағайындалды. Жоғары оқу орнына басшы болып келе салысымен көп нәрсені қолына алды. Әсіресе, оқытушылар мен қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына айрықша көңіл бөлді.

Қазіргі Еуразия ұлттық уни­верситетіне танымал ғалымдардың келуі уни­вер­ситетті Амангелді Құс­айынұлы басқарған кезеңнен басталды. Атап айтсақ, сол кезде көрнекті фольклортанушы ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқа­басов, тілші ғалым Амангелді Қош­қари, тарихшы профессорлар Қадыр Ахметов, Хангелді Әбжанов, Тілеген Садықов, профессор биолог Нұркен Мырзаханов, ол кезде жас ғалым, бүгінде елімізге белгілі тұл­ғаға айналған алаштану­шы оқымысты Дихан Қам­забекұлы Әбекеңнің шақы­руымен осы оқу орнына кел­ген болатын. Сөйтіп, бұл кісі ректор болып келгенде институтта 2 ғылым докторы, 27 ғылым кандидаты болса, Амангелді Құсайынұлының шақыруымен келген ғылым докторларының саны 43-ке жетіп, соған орай кәсіби маман дайындаудың да сапасы едәуір өсті.
Мемлекеттік тіліміз қазақ тілі­­нің өрістеуіне де Амангелді Құ­сайынұлының қосқан үлесі зор. Айталық, институттағы барлық мамандықтар бойынша оқытылатын қазақ тілінің оқыту сабағын 120 сағаттан 300 сағатқа ұзартып және міндетті түрде мемлекеттік емтиханға кіргізу туралы ғы­лы­ми кеңестің шешімін қа­былдатты. Осы кезде Сәбит Кәрімұлы ағамыз жетекшілік еткен «Қазақ тілі» қоғамы да ректордың қолдауымен бірқатар жұмыстар атқарды. Сонымен бірге ол арнайы мемлекеттік тіл бөлімін ашты. Бұл бөлім іс қағаздарының міндетті түрде мемлекеттік тілде болуына, олардың сапалық мазмұнының артуына өзіндік үлес қосты. Өкінішке қарай, Әбекең университеттен басқа қызметке ауысқанда бұл бөлім жабылып қалды. Қазіргі кезде Еуразия университетінде болсын, басқа жоғары оқу орындарында болсын осындай бөлімнің қажеттілігін өмірдің өзі айғақтап отыр. Сондай-ақ, Әбекең спорт пен өнерге де үлкен жанашырлық танытты. Оқу орнында Қазақстанның жоғарғы лигасында ойнайтын «Университет» командасы құрылып, ол бірнеше дүркін ел біріншілігінің жүлдегері болды. Университеттің жазғы және қысқы спартакиадалары кезінде барлық оқытушылар мен қызметкерлер спорт зал­дары мен алаңдардан табылатын. Кезінде спортпен кәсіби түрде айналысқан спорт шебері Әбекеңнің өзі бастап алаңға шыққан соң барлық оқытушылар жасына қарамастан спорт киімдерін киетін. Кейбіреулер бастап­қыда ректордың әсіре спорт­шылдығына таңырқай қарап, ықылассыз еріне басқанымен, бірте-бірте спорт көпшіліктің нағыз мерекесіне айналды. Осындай ректорымыз бастамашы болған қызу шаралар университет ұжымын біріктірді, әріптестердің бірін-бірі жақсы тануына, білісуіне, сыйласуына игі ықпал етті. Оның тұсында университетте мәдениет пен өнер де кең қанат жая бастады. Құлтума атындағы филармония құрыл­ды, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыр­жықбаев, бүгінде танымал өнерпаздарға айналған Г.Хамзина, Г.Байғазинова, тағы да басқа өнер адамдары шақырылды. Университетте өткізілетін барлық шараларға Әбекеңнің өзі қатысып, үне­мі қолдау білдіріп тұра­тын. Осы шақырылған аза­маттардың қай-қайсысына да университет басшысы ай­тар­лықтай қамқорлық жасады. Қамқорлық демекші, сол жылдары Әбекеңнің қамқорлығын барлығымыз да жақсы сезіндік. Басшы ре­тінде ол кісі ұстаздарды айтпа­ғанның өзінде қарапайым жүргізушінің де, еден жуушы­ның да қал-жағдайын сұрап, кіммен болса да тоқтай қа­лып сөйлесуші еді. Оның осындай жайсаңдығы мен қарапайымдылығы оқу орны ұжымында керемет адами кли­мат қалыптастырды. Қа­зір­гі кейбір ректорлардай емес, Әбекеңнің қабылдауына кіру оңай болатын. Қабылдау бөлмесіне енсең-ақ болды, қолы бос болса, бейнекаме­радан сені көріп, өзі-ақ ша­қырып алатын да әп-сәтте келген шаруаңды тындырып беретін. Шешімді тез әрі батыл қабылдайды, ең бастысы, созбақтамай уә­десін бұлжытпай орындайды. Сол үшін де біз оны ерек­ше құрметтедік, оның шешімталдығын, адамға де­ген мейірімділігі мен адам­гершілігін, әсіресе, жастар жыр қылып айтатынбыз, басымыз қосыла қалса әлі күн­ге дейін ректорымызды ұмытпай ілтипатпен айтып жүреміз. Қашанда қарапайым халықтың бағасы өз­гер­мейтін шынайы баға десек, Амангелді Құсайынұлына деген біздің құрметіміз ешқашан ортайған емес, оны әлі күнге дейін мақтаныш етеміз, сол кезде бірге жұмыс істеген әріп­тес­тер бас қоса қалсақ, рек­торымыздың оң құлағын шуылдатып та қоямыз, осындай азаматтың қоластында жұмыс істегенімізге өзіміз де марқаямыз. Ол ректор кезінде өзін ұжымнан еш­қа­шан оқшаулаған емес. Сенбіліктерде, мерекелік күн­дерде ұжымның ортасынан табылып, еркін сұхбаттасып, орайлы тұсында әзілдесіп, көңілімізді бір көтеріп тастайтын. Әсіресе, сен­білік күндері халықпен бірге еңбек етіп, өзі тазалық сақтауға үлгі болатын. Студенттердің жатақханасын оқытушыларға арналған мейлінше жайлы жатақхана етіп, қайта жөн­деп жатқанда ректор басы­мен қалың шаңның арасында өзі жүрер еді. Жалпы, тазалық пен тәртіпті Амангелді Құсайынұлы қат­ты қадағалайтын. Соның арқасында бас-аяғы екі-үш жылдың ішінде институттың іші де, сырты да тап-тұйнақтай болып ретке келтірілді, оқу ғимараттарының маңайында неше түрлі ағаштың түрлері бүршік жарды.

Осынау мағыналы өмірінде ең­бек жолын қарапайым ауыл мұғалімдігінен бастаған Амангелді Құсайынұлы Қазақ мемлекеттік университетінің проректоры, Еуразия ұлттық университетінің ректоры, Жоғары аттестаттау комитетінің төрағасы, Ыбырай Алтын­сарин атындағы Қазақ Білім академиясының президенті дәрежесіне дейін жетіп, осы лауазымды қыз­меттердің қай-қайсын да үлкен жауапкершілікпен атқарды. Осы қызметтердің баршасын да ол өзінің таби­ғи мінезінен айнымай, тақ пен мансапқа малданбай, азаматтық тұлғасын еш аласартпай адал атқарды. Елдің алғысын алды, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Ғылымда да өзіндік жолын тапты, профессор, академик ретінде бірнеше монография, жүздеген мақалалар жазды, оның жетекшілігімен төрт докторлық, он алты кандидаттық диссертация қорғалды.

Амангелді Құсайынұлының өмір жолымен мейлінше таныс адам оның қашанда бағы мен несібесін өзінің қажырлы еңбегінің арқасында тапқанын аңғарар еді. Бала кезден бойына сіңген осы ерекше еңбекқорлық қасиет оның бойына адалдық, мейі­рім­ділік, адамгершілік, көп­шілдік, табандылық сияқ­ты басты қасиеттерді қоса дарытты. «Еңбек бізді үш нәрседен құтқарады: іш пы­судан, бұзылудан және жоқшылықтан» депті әйгілі Вольтер. Сол француз философы айтпақшы, адамзатты игілікке жеткізген таза да адал еңбек бүгінде Амангелді Құсайынұлына өмір бойы жасаған еңбегінің зейнетін сыйлады. Ол елімізге танымал тұлғаға айналды, мемлекеттік марапаттарға ие болды, Қа­зақ­станның маңдайалды жо­ғары оқу орындарының бірі­не айналған Еуразия ұлттық универ­ситеті құрылуының басында тұрды, сандаған шә­кірттер дайындады, әріп­тестерінің құрметіне бө­ленді. Осының бәріне Жара­тушының алқауымен Әбекең өзінің өмір бойғы тынымсыз еңбегінің, қажыр­лы қайратының, адами дары­ны­ның арқасында келді. Тұл­ғаның мұратқа жетуі деген осы да. Оның өмі­рі өзінен кейінгі жастарға үлгі боларлық нағыз азаматтық ғұмыр. Ендеше, осынау мерейлі шақта аса қадірменді Амангелді Құсайынұлына шын жүректен ұзақ өмір, отбасына бақыт пен шаттық тілегіміз келеді. Жақсылардың көп болып, орта толтырып жүргені бәрімізге де абырой ғой!

Ербол ТІЛЕШОВ,
Астана қаласы Тілдерді
дамыту басқармасының бастығы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − three =